Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №77 мекемесі – тергеу изоляторының қызметкерлері тыйым салынған затты заңсыз жеткізу әрекетін дер кезінде анықтап, оның жолын кесті.
Маңғыстауда қамаудағы адамға телефон апарып берген азамат ұсталды
3,135
оқылды

Маңғыстау облысында қамаудағы азаматқа телефон жеткізу әрекеті әшкереленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Polisia.kz-ке  сілтеме жасап.

Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №77 мекемесі – тергеу изоляторының қызметкерлері тыйым салынған затты заңсыз жеткізу әрекетін дер кезінде анықтап, оның жолын кесті. Сәлем-сауқатты тексеру барысында қызметкерлер печенье салынған пакет ішінен ұялы телефон табылды.

Белгілі болғандай, бұл сәлем-сауқатты тергеу изоляторында қамауда отырған азаматтың туысы әкелген. Ол осылайша тыйым салынған затты мекеме аумағына заңсыз енгізуге әрекет жасаған. Қызметкерлердің қырағылығы мен жедел іс-әрекетінің арқасында заңсыз әрекет дер кезінде әшкереленіп, тыйым салынған заттың мекеме аумағына өтіп кетуіне жол берілмеді.

Аталған дерек бойынша материалдар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы (Қылмыстық-атқару жүйесінің және арнаулы мекемелердің ұсталатын тұлғаларына тыйым салынған заттарды, бұйымдар мен нәрселерді беру) бойынша сотқа жолданды. Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға, сондай-ақ қамаудағы тұлғаларға тыйым салынған заттарды жеткізуге жол бермеуге шақырады.