Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Пре­зиденті Дональд Трамппен келіссөз жүргізді. Ақ үйдегі кездесуде Мемлекет басшысы Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны және қазақстандық деле­гацияға көрсеткен қонақжай көңілі үшін АҚШ Президентіне ризашылық білдірді.
Жаһандық саясаттағы жаңашылдық
5,020
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамп­­тың президенттік лауазымының тари­хи сипатына тоқталып, оның бас­шы­лығымен АҚШ әлемнің жетекші эко­номикалық, саяси және техно­ло­гия­лық державасы ретіндегі пози­ция­сын кү­шейтіп келе жатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, Аме­рика көшбасшысы жер жүзінің қауіп­­сіздігін, тұрақтылығы мен өркен­деуін қам­тамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан АҚШ Президентінің бітімгерлік баста­ма­ларын толық қолдайтынын жеткізді. Со­ның ішінде келешекте Орта дәлізді одан әрі дамытуға ықпал ететін «Трамп­тың халықаралық бейбітшілік және өр­кендеу жолына» (TRIPP) ерекше назар ау­дарды.

Дональд Трамп АҚШ-тың Қа­­зақстанмен көпжоспарлы кеңей­тілген стратегиялық серік­тес­тікті дамытуға ниетті екенін растады.

Сапар аясында Қазақстан мен Құрама Штаттар арасында жал­пы сомасы 17 миллиард дол­лар­дан асатын коммерциялық ке­лі­сімдерге қол қойылды.

Әңгімелесу барысында екі­жақ­ты ықпалдастықтың кең кө­­­­­­лем­дегі мәселелері жан-жақ­ты тал­­қыланды, өзара тиімді ын­ты­мақ­­тастықтың перспек­тив­ті ба­ғыт­тары нақтыланды. Со­нымен қа­тар президенттер ха­лықаралық күн тәртібінің өзек­ті мәселелері жөнінде пікір ал­масты.

Ақ үйдегі кездесу барысында Қа­зақстан мен АҚШ прези­дент­тері Израиль Премьер-министрі Бе­ньямин Нетаньяхумен теле­фон арқылы сөйлесті.

Қазақстан Республикасының Ибраһим келісімдеріне қосылуы әңгімелесудің арқауы болды.

Мемлекет басшысы Прези­дент Трамптың Таяу Шығыста бей­біт өмір орнатуға нақты алғы­шарт­тар жасап, көпшілік күмән­мен қараса да, елеулі нәтижелерге қол жеткізгеніне назар аударды.

Ибраһим келісімдеріне қо­сы­лу арқылы Қазақстан қақты­ғыс­ты еңсеруге, диалогты ілгерілету­ге және БҰҰ Жарғысы негізіндегі халықаралық құқықты қолдауға үлес қосады.

Қазақстанның бұл шешімі еш­бір мемлекетпен екіжақты қа­тынастардағы міндетте­ме­лері­не нұқсан келтірмейді. Бұл – бей­бітшілік пен қауіпсіздікті ны­­ғайтуды көздеген көпжақты дип­ломатияның заңды жалғасы әрі нақты көрінісі.

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанның Ибраһим келі­сімдеріне қосылу туралы ше­шімін жоғары бағалап, бұл қадам өзге елдерді аталған бастаманы қол­дауға үндейтінін атап өтті.

– Бұл – бүкіл әлемде ынты­мақ­­тастық орнатуда айтарлықтай алға ілгерілеу. Бүгінде көптеген ел Ибраһим келісімдері арқылы бей­біт­шілік пен өркендеу жолын таң­дап отыр, – деді Дональд Трамп.

Қазір сарапшылар Қазақ­стан­ның жаңа келісімдерге қо­сылуын жоғары бағалап жатыр. Еліміз кейінгі жылдары халық­ара­лық сахнада белсенді әрі дербес ойыншы ретінде танылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанып келе жатқан көпвекторлы, тең­дестірілген сыртқы саясат – осы бағыттағы басты стратегиялық бағдар.

Мәжіліс депутаты, саясат­та­ну­­шы Айдос Сарымның пі­кі­рін­ше, мұндай шешім Қазақ­стан­ның ұзақмерзімді ұлттық мүд­­делерге сай, елдің сыртқы сая­­сатындағы стратегиялық ба­ғы­тының табиғи жалғасы сана­лады.

– Қазақстанның «Авраам ке­лі­сімдеріне» қосылуы – ұлттық мүд­делерімізге толық сәйкес ке­­­­­летін, жан-жақты ойлас­ты­рыл­ған стратегиялық қадам. Қазақстан орта держава ретінде, көптеген интеграциялық жобалардың қа­тысушысы ретінде достықтың, се­нім мен әріптестіктің өзіндік шең­берлерін қалыптастырып ке­леді. Мұның бәрі біздің геог­ра­­­­­фиялық жағдайымыз бен Еу­ра­зия кеңістігіндегі жобалардан туындайтын табиғи форматтар. «Авраам келісімдеріне» қосылу ар­қылы біз трансатлантикалық өл­шемде тағы бір сенім шеңберін құ­рамыз. Бұл – жай ғана ме­ха­ни­ка­лық қолдау немесе диплома­тия­лық ишара емес. Менің ойым­ша, біз бұл кеңістікке өз тә­­жірибемізбен, филосо­фия­мыз­бен, әлеуетімізбен және түр­кі әлеміндегі, ШЫҰ кеңісті­гін­дегі, сондай-ақ Таяу Шығыстағы да­мы­ған, кей жағдайда тіпті эксклюзивті байланыстары­мыз­бен еніп отырмыз, – деді Айдос Сарым.

Сарапшының сөзінше, қазақ дипломатиясы – Қазақстан мем­ле­­кеттік қызметінің ең тиімді әрі да­мыған саланың бірі. Бұл жайт әлемнің барлық деңгейінде мойын­далған, оны көптеген ел­дің парламент өкілдері мен әріп­тестеріміз де атап өтеді. Алдағы уа­қытта шешімдер нақты маз­мұн­мен толығып, диплома­тия­лық алаңда практикалық қадам­дарға ұласатыны анық.

«Қолданбалы этносаяси зерт­теулер институтына» қарасты Қол­­данбалы зерттеулер орталы­ғы­ның директоры Дінмұхаммед Ғалидың айтуынша, Қазақстан АҚШ үшін белсенді серіктес рө­лін көрсете алды. 

– Қазақстан нақты жобалар арқылы әлеуетін танытып, тех­но­логиялық және инвестиция­лық серіктестікті нығайта алды. Бұл елдің өңірлік көшбас­шы­лы­ғын күшейтіп, көпвекторлы сая­сат­тың тиімділігін арттырады. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Орталық Азия елдері бірлік танытып, ор­тақ дамуға ұмтылуда. Еліміз тар­тылған инвестициялардың 60 пайызын алып, жалпы өңірлік өнім­нің жартысын, ал АҚШ-пен сау­даның 75 пайызын қам­та­ма­сыз етіп отыр. Экономикалық әлеует пен тұрақтылық Қазақ­стан­ды Орталық Азиядағы ин­тег­рациялық процестердің басты тірегіне айналдырды, – дейді сарап­шы.