Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Еуропа­да­ғы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы Алексей Роговпен кез­десті.
Бастамалардың бағытына мән берілді
5,212
оқылды

Палата Спикері сұхбаттасушыны Кеңсе басшысы болып тағайындалуымен және аталған қызметке ресми түрде кірісуімен құттықтады. Сондай-ақ ол қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа қатысты маңызды мәселелер бойынша шешім қабылдауда Ұйым Шығыс пен Батыс арасын байланыстыратын «көпір» ретінде үлкен әлеуетке ие екеніне назар аударды. Сенат Төрағасы Қазақстан ЕҚЫҰ-мен және оның институттарымен нәтижелі серіктестікті әрдайым жоғары бағалайтынын да атап өтті.

«Қазақстан Парламентінің депутаттары ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының сессияларына, оның комитеттерінің жұмысына және байқау миссияларына белсенді қатысып келеді. Біз ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдар­ламалар кеңсесімен де нәтижелі жұмыс іс­тей­міз. Біздің серіктестігіміз Астана дек­ларациясында бекітілген қауіпсіз қоғамдастық құруды көздейтін ортақ ұстанымға табан тірейді», – деп, Мәулен Әшімбаев Қазақстан ЕҚЫҰ-мен барлық бағытта өзара ынтымақ­тастықты әрі қарай дамытуға мүдделі екенін тілге тиек етті.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың іске асырылу барысына тоқталды. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, өзгерістер Әділетті Қазақстан тұжырымдамасын жүзеге асыруға арналған. Кездесуде палатаның заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау, инклюзия, демократия­ландыру және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу салаларын қамтитын заңнамалық қызметіне де баса мән берілді.

Сұхбат барысында тараптар парламент­аралық байланыстарды кеңейтудің басым бағыттарын белгілеп, бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде пікір алмасты.

Өз кезегінде Алексей Рогов Қазақстан мен ЕҚЫҰ ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға мүдделі және жоспарланған жобаларды бірлесіп іске асыруға дайын екенін жеткізді. Тараптар Қазақстан Парламенті мен ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің өзара іс-қимыл нәтижелерін де талқылады. Сондай-ақ Кеңсе басшысы трансшекаралық сын-қатерлерге қарсы күрес, қоршаған ортаны қорғау, адами өлшемдерді күшейту және Орнықты даму мақсаттарының күн тәртібі саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері туралы айтты.