Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазанның 21-і күні Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесіп, Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысына қатысты. Бауырлас ел басшысының сапарында екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірқатар мәселе талқыланды.
Бауырлас елдердің бағыты айқын
2,936
оқылды

Мәртебелі мейманмен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сізді мемлекеттік са­парыңыз аясында Қазақстанда қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – елдеріміздің ара­сын­дағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қаты­настарды одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды оқиға. Қазақстан мен Әзербайжан тек дос­тас елдер емес, сондай-ақ бауырлас халықтар. Сон­дықтан Сіздің еліңізбен сан қырлы ын­ты­мақтастықты өркендетуге баса мән береміз. Қа­зіргі кезде Әзербайжан Сіздің қуатты көш­бас­шылығыңызбен халықаралық аренадағы абы­рой-беделін елеулі түрде арттырды, өз өңі­рін­де ықпалды мемлекет ретінде өте маңызды рөл атқарады. Біз үшін Әзербайжанмен сауда-эко­номикалық ынтымақтастықты және саяси серік­тестікті нығайту – аса өзекті міндет», – деді Мем­лекет басшысы.

Ильхам Әлиев қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, қазақ-әзербайжан байланысы барлық бағытта қарқын ал­ғанын атап өтті. Мемлекеттер бас­шы­л­ары сау­да-экономика, инвестиция, ауыл шаруа­­шы­лығы және көлік-транзит сала­ларын­дағы ын­ты­мақтастықты нығайту мәселесін жан-жақты тал­қылады. Сондай-ақ мәдени-гу­ма­нитарлық ық­палдастыққа назар аударды. Тараптар ай­мақтық және халықаралық күн тәр­тібіндегі өзек­ті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Орта дәлізде ортақ мүдде тоғысады

Мемлекеттер басшыларына қазақ-әзербай­жан мамандарының Орта дәлізді дамыту бойын­ша атқарып жатқан жүйелі жұмыстары жөнінде мәлімет берілді.

Қазақстан Президентінің кеңесшісі Әсел Жа­насова Орта дәлізді дамыту жоспарын та­ныс­тырды. Бұл – Қытай мен Орталық Азия мем­ле­кет­терін Еуропа елдерімен байланыстыратын не­гізгі көлік-логистикалық бағыт.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевке Қы­тайдан Әзербайжанға тасымал көлемінің ұл­ғаюы Орта дәліздің дамуына тың серпін бер­гені жөнінде баяндалды. Бүгінде жүк Қытай ше­­­­­карасынан Грузия порттарына дейін 15-18 күн­де жеткізіледі. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қа­рай бұл бағыттағы жүк айналымы үш есе артуы мүмкін.

Мемлекеттер басшыларына Орта дәліздің тиім­ділігі мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге, сон­дай-ақ Еуразиядағы транзиттік рөлін ны­ғайтуға бағытталған нақты шаралар және бас­тамалар туралы айтылды.

Одан соң Қазақстан мен Әзербайжан пре­зи­денттері Жоғары мемлекетаралық кеңестің екін­ші отырысын өткізді. Жиынның күн тәр­ті­бін­де көлік, логистика, цифрландыру, отын-энер­гетика кешені, сондай-ақ мәдени-гума­ни­тарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшысы мұндай формат Қазақ­стан-Әзербайжан қатынастарының ерекше си­патын паш ететінін атап өтті.

– Кеңес екіжақты ынтымақтастықтың бар­лық бағыты бойынша ортақ шешім шығаратын тиімді алаңға айналды. Әзербайжан – Қазақстан үшін ерекше ел, бауырлас мемлекет. Бізді ортақ тарихи тамырластық, бай рухани-мәдени мұра бірік­тіреді, менталитетіміз бен ұстанымдарымыз ұқсас. Сан қырлы ынтымақтастығымыз осы мыз­­­ғымас құндылықтардың негізінде дамып ке­леді. Ильхам Гейдар оглу, Сіздің Қазақстанға жа­саған мемлекеттік сапарыңыздың маңызы зор. Сіздің сапарыңыз екі ел арасында Стра­те­гия­­лық серіктестік және одақтастық туралы шарт­­қа қол қойылғанына 20 жыл толған сәтте өтіп жатыр. Мұның символдық мәні бар. Осы жыл­дар ішінде біз белсенді саяси диалогты жол­ға қойып, сауда-экономикалық және мәдени-гу­­манитарлық ықпалдастықтың үздіксіз да­муына берік шарттық-құқықтық негіз қаладық. Осы­­нау жан-жақты әрі дәйекті жұмысты екі ел аза­маттары да қолдап отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы қазақ-әзербайжан қаты­нас­тарының жоғары деңгейге жетуіне, ең алды­мен, Президент Ильхам Әлиев елеулі үлес қос­қа­нына назар аударды.

– Сіздің тұрақты қолдауыңызды жоғары баға­лай­мын. Бүгінгі Әзербайжанның айтулы же­тіс­тік­тері Сіздің қуатты көшбасшылығыңыз­бен ті­келей байланысты. Әзербайжан мен Ар­ме­ния арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу ту­ралы декларацияның тарихи маңызы зор еке­нін арнайы атап өткім келеді. Сіз саяси ерік-жі­гер мен стратегиялық көрегенділік та­ны­тып, күр­д­елі түйткілдерді шешудің және ке­ле­шек ұр­пақ тағдыры үшін жауапкершілік арқа­лау­дың парасатты жолын нұсқадыңыз. Екі ел ара­сында қол жеткізілген уағдаластық жаңа ке­зеңнің бас­тауы ретінде бүкіл аймақтағы және өңір­ден тыс­қары ынтымақтастық көкжиегін кеңейт­­ке­ніне еш күмән жоқ. Біз бауырлас Әзербайжанның жетістігіне шын жүректен қуа­на­мыз, мықты әрі прог­рессивті мемлекет құру жолындағы асқақ мұ­раттарының орындалуына тілектеспіз. Қазақ­стан-Әзербайжан қатынас­та­ры­ның әлеуеті орасан зор. Оны толық іске асы­руға еш кедергі жоқ. Оған берік саяси сенім де, ортақ құн­ды­лық­тарымыз да, ең бастысы, ха­лықтарымызды жа­қындастыруға деген шы­найы ұмтылыс та  бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңес­тің екін­ші отырысында Әзербайжан Президенті Иль­­хам Әлиев сөз сөйледі.

Келіссөз қорытындысы бойынша президент­тер Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Рес­публикасының арасындағы Стратегиялық серік­тестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың қол қойылғанына 20 жыл толуына орай Бір­лескен мәлімдеме қабылдады.

Ынтымақтастық көкжиегі кеңейіп келеді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев екіжақты келіссөз және Қазақстан – Әзербайжан Жоғары мемлекетаралық кеңесі отырысының қорытындылары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, шақыруын қа­был алып, Астанаға мемлекеттік сапармен кел­гені үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке шынайы ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің мем­лекеттік сапарын елдеріміз арасындағы стра­тегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды нығайту жолындағы аса маңызды қадам деп санайды.

– Ильхам Гейдар оглу Әлиев – тарихи масш­таб­тағы көрнекті мемлекет қайраткері. Ол Әзер­байжанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтас­ты­ғын қорғауда және нығайтуда шешуші рөл ат­қарды. Президент Ильхам Әлиевтің ерен ең­бе­гі­нің арқасында Әзербайжанның халықаралық аренадағы абыройы мен ықпалы еселеп өсті. Оның қуатты көшбасшылығымен Әзербайжан көптеген салада, ең алдымен, әлеуметтік-эко­но­микалық дамуда керемет табыстарға жетті. Ауқымды реформалардың нәтижесі еліңіздің қарқынды өзгерісінен, экономиканың орнықты өсімінен, азаматтардың әл-ауқатының артуынан көрінеді. Әзербайжанның макроэкономикалық көрсеткіштері орнықтылығымен ерекшеленеді және ел өркендеуінің айқын дәлелі, – деді Қа­зақ­стан Президенті.

Мемлекет басшысы бұл сапардың екі ел ара­сындағы Стратегиялық серіктестік және одақ­тастық қатынастар туралы шарттың 20 жыл­ды­ғымен қатар келуінің символдық мәні бар екенін атап өтті. Осы уақыт ішінде мемлекеттеріміз екі­жақты ынтымақтастықты өрістетуде зор та­быс­қа жетті.

Мемлекеттер басшылары келіссөздер бары­сында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге баса мән берді. Екіжақты тауар айна­лымын жақын арада еселеп, оны бір миллиард дол­ларға дейін жеткізу үшін қажетті шаралар қа­былдауға уағдаласты.

– Ауыл шаруашылығы, энергетика, өңдеу өнер­кәсібі, құрылыс, цифрландыру салаларында мүм­кіндігіміз мол. Қос тарап бірлескен кәсіп­орын­дар құруға ниет танытты. Бұл мәселеде ай­­тар­­лықтай алға жылжу бар. Мәселен, транс­фор­матор өндірісін іске қосу жоспарланған, тұр­ғын үй мен инфрақұрылым нысандарының құры­лысы жүргізілуде, кеме жасау саласында ор­тақ жоба пысықталып жатыр. Үкіметтерге осы бағыттарды бақылауда ұстап, қысқа мерзім ішінде Өнеркәсіп саласындағы ынтымақ­тастық­ты дамытудың жоспарын (немесе жол картасын) қа­былдау тапсырылды. Өзара тиімді жобаларды қаржыландыру мақсатында Қазақстан-Әзер­байжан тікелей инвестиция қорының қызметін жандандыруға келістік. Екі елдің іскерлік топ­тары арасындағы қарым-қатынасты одан әрі кеңейту қажеттігіне назар аудардық. Осы ретте сапар аясында өтіп жатқан Қазақстан-Әзер­бай­жан бизнес форумының маңызы зор, – деді Пре­зидент.

Мемлекет басшысы келіссөздер кезінде ірі инфрақұрылымдық, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдары секілді стратегиялық тұрғыдан маңызды жобаларды жүзеге асыру барысы қарастырылғанын жеткізді.

– Былтыр бұл бағытта жүк тасымалдау көле­мі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаны құра­ды. Биылғы көрсеткіштер де көңілге сенім ұяла­тады, өсім 2 пайызды құрады. Шетелдік се­рік­тестермен бірге шектеулерді жойып, дәліз бойында бірыңғай ұзақмерзімді тариф орнатуға жұ­мыс істеп жатырмыз. Бұл барлық бағдар бойын­ша кедергісіз тасымалдауды қамтамасыз етіп, тиімділікті көтеретіні сөзсіз. Яғни, жүк та­сымалының көлемін жоспарға сәйкес 10 мил­лион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, порттардағы терминалдардың қуатын арттыруға назар аударылды. Қазақстан Ақ­тауда контейнерлік хаб құрылысын жүргізуде. Ше­телдік, соның ішінде қытайлық серіктес­тер­дің қатысуымен Алят портында салынып жатқан жүк терминалының келешегі зор. Келіссөз бары­сында жүк экспортына арналған жаңа Транс­каспий паром жүйесін құру мүмкіндігін тал­қыладық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөздерде энергетика саласындағы ын­ты­мақтастықты нығайту маңызды тақырыптың бі­рі болды. Бұл бағытта екі елдің де әлеуеті мол.

– Қазақстан мұнайын Баку – Тбилиси – Жейхан бағдары бойынша тасымалдау жөніндегі бірлескен жұмысты ерекше атап өткім келеді. Былтыр Әзербайжан арқылы бұл стратегиялық шикізат транзиті бір жарым миллион тоннаға жуық­тады. Жақын арада мұны айтарлықтай ұл­ғайту қажет. Теңіз табанына төселетін электр ка­бель­дері жобасы ұлттық энергия жүйесін да­мытуға серпін береді. Бұл біздің «жасыл» энер­гия экспортындағы позициямызды күшейте тү­­­­седі. Әзербайжан аумағы арқылы қазақстандық уран өнімдерін шетел нарықтарына жеткізу ая­сында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы орайда барлық негізгі бастамалар мен жобаларға қолдау көрсеткені үшін құрметті Әзербайжан Пре­зидентіне ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Мемлекеттер басшылары жасанды интел­лек­тінің қарқынды дамып келе жатқанын ескере оты­рып, ІТ сектор екіжақты қатынастарға мол мүм­кіндік ашатынына тоқталған.

– Қазақстан мемлекеттік қызметті цифрлан­дыруда, ІТ технологияларды дамытуда тәжірибе жинақтады. Біз осы салада бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Келіссөздер барысында Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасын жеделдетудің маңызын атап өттік. Үкіметтерге оны қысқа мерзім ішінде әзірлеу жөнінде тап­сыр­ма берілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екіжақты күн тәртібінде мәдени-гумани­тар­лық саладағы ықпалдастық ерекше орын алады. Сондай-ақ тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір ал­мас­қан.

– Біз халықаралық саясаттың барлық өзекті мә­селелері бойынша ұстанымдарымыз ұқсас еке­нін атап өттік. Көпжақты құрылымдар ая­сын­дағы жұмысты үйлестірудің маңызына мән беріл­ді. Өңірлік және жаһандық деңгейде бей­біт­шілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығай­туға ұмтылатынымызды жеткіздік. Баршаңызға белгілі, Президент Ильхам Гейдар оглу Әлиев Президент Трамптың белсенді араағайын­ды­ғымен Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт декларацияға қол қойып, тарихи миссиясын орындады. Қазақстан мұны ресми түрде құптады. Қол жеткізілген келісімдер Оңтүстік Кавказдағы сенімді нығайтып, жал­пыға ортақ өркендеу үшін жаңа мүмкін­дік­терге жол ашады деп ойлаймын. Жалпы, сапар қоры­тындысы бауырлас халықтардың игілігі үшін стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухын­дағы қазақ-әзербайжан қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға қос тарап та дайын екенін ай­қын көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ильхам Әлиев екіжақты байланыстардың жоғары деңгейіне назар аударды.

Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Alem.AI халықаралық жасанды интеллект ор­талығына барды. Орталықта Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев цифрлық техно­ло­гияларды дамыту және жасанды интеллектіні қолдану жетістіктерімен танысты.