Шымкент қаласы соңғы жылдары экологиялық тепе-теңдікті сақтау, жасыл аймақтарды көбейту және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі түрде жұмыстар атқарып келеді.
Шымкент жасыл желекке айналып келеді
1,329
оқылды

Табиғатты аялау мен қоршаған ортаны қорғау мәселесі бүгінде қала дамуының негізгі бағыттарының бірі саналады.

Биыл Шымкент қаласының Абай ауда­нында ерекше экологиялық жобаның құрылысы басталды. Бұрынғы ескі қоқыс по­лигонының орнына жаңа «Экопарк» саяба­ғы бой көтермек. Бұл нысан мегаполис тұр­ғын­дары үшін таза ауада тынығып, серуендеп, спортпен айналысуға арналған заманауи де­ма­лыс аймағына айналмақ. Бұл туралы Шым­кент қаласындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде Шымкент қаласы әкімінің орын­басары, қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек журналистермен өткізген брифинг­те атап өтті. 

«Экопарк» тек саябақ емес, экологиялық мә­дениетті арттырудың, табиғатпен үйлесімді өмір сүру салтын қалыптастырудың жаңа үл­гісі болмақ. Мұнда табиғи ландшафт сақ­та­лып, жасыл белдеу кеңейтіледі. Құрылыс ба­ры­сында аумақты көгалдандыруға ерекше мән берілуде. Демеушілік қолдау аясында жергілікті және отандық кәсіпорындар бұл жо­баға белсенді атсалысуда. Жоба аясында «Да­ни нан» компаниясы саябақ аумағына 5 000 дана ағаш көшетін отырғызуды қолға алды. Оның ішінде рябина, дуб, катальпа, ясень, клен, черемуха, тополь және липа сияқ­ты ағаш түрлері бар. Әр ағаштың биіктігі 3–7 метр аралығында, яғни егісімен-ақ жасыл көрініс береді. Сонымен қатар BI GROUP ком­паниясы 9 су ұңғымасын қазып, 13 гектар жер­ге автоматты суғару жүйесін орнатуды жос­парлап отыр. Бұл жүйе жасыл желектің үз­дік­сіз күтімін қамтамасыз етіп, суды үнем­деп пайдалануға мүмкіндік береді. DALA FRUIT ЖШС-ы да экологиялық бастамаға қол­дау білдіріп, 1 800 дана жеміс ағашын және 1 215 м² аумаққа сәндік өсімдіктерді егуді қол­ға алды. Бұған қоса, 8 гектар жерге там­шы­латып суғару жүйесі жүргізілмек. Осындай бір­лескен еңбек қаланың экологиялық мә­дениетін көтеріп қана қоймай, табиғатты ая­лауға деген тұрғындардың жауапкершілігін де арттыра түседі.

Қалалық жайлы ортаны дамыту басқар­ма­сы тарапынан Шымкент көшелерін көгал­дан­дыру мен абаттандыру жүйелі түрде жүзеге асы­рылып келеді. 2025 жылы ұзындығы 54,2 ша­қырымды құрайтын 27 магистралды кө­шеде (жалпы көлемі 500 мың м²) газондар мен суғару жүйесін жаңарту жұмыстары атқа­рыл­ды. Көгалдандыру аумақтарын сумен қам­тамасыз ету мақсатында басты көшелерде 32 су ұңғымасы іске қосылды. Көктемгі ағаш егу маусымында жаңадан салынған шағын аудандардың негізгі көшелеріне 3 000 дана ағаш көшеті (гуджум, шынар, қызғалдақ аға­шы) отырғызылды. Ал күзгі маусымда биіктігі 2,5–7 метр болатын тағы 2 600 көшет егілмек. Қаланың көркін ашып, тұрғындарға эстети­калық ләззат сыйлау мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 22 000-нан астам көпжылдық гүл түрлері (лаванда, мож­жевельник, анабель, спирея, раушан) егілуде. Бұдан бөлек, демеушілердің қолдауымен жал­пы аумағы 1 гектар болатын жылыжай жал­ға алынып, онда гүл көшеттерін өсіру жұ­мыстары басталды. Бұл бастама 2026 жылы қала көшелеріне 1,6 миллионнан астам гүл отыр­ғызуға мүмкіндік береді. Осылайша, Шым­кенттің әр бұрышы гүлге оранып, тұр­ғын­­дарға ерекше көңіл күй сыйлайтын бо­лады.

Ауқымды экологиялық жобалар Шымкент қаласының экожүйесін жақсартуға, табиғи ре­сурстарды тиімді пайдалануға және тұрғын­дардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар мұндай бастамалар бюджет қаражатын үнемдеуге және экологиялық тұ­рақ­тылықты қамтамасыз етуге зор мүмкіндік береді. Қала әкімдігі мен кәсіпкерлердің өзара серіктестігі нәтижесінде Шымкент бүгінде елі­міздегі ең жасыл мегаполистің біріне айна­лып келеді. Бүгінде Шымкент тек өндіріс пен сауда орталығы емес, экологиялық мәдениеті жоғары, табиғатпен үйлескен қала болуға нық қадам жасап отыр. «Экопарк» саябағы мен жаңа жасыл белдеулер – осы бағыттағы үлкен жетістіктің бастауы. Табиғатты аялау – бола­шаққа қамқорлық. Ал Шымкент қаласының бұл бағыттағы жүйелі жұмысы – елдің өзге өңірлеріне үлгі боларлық тәжірибе.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы