Қонаев қаласында Конституциялық соттың құрыл­ғанына 30 жыл толуына байланысты «Адам құқықтары мен Конституция: 30 жылдық тәжірибе» атты дөңгелек үстел өтті.
Сот пен қоғам арасындағы диалог
1,429
оқылды

Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова, полиция басқармасының өкілдері, судьялар, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және қоғам өкілдері қатысты.

Елімізде 2022 жылы қолға алынған конституциялық реформаның нә­тижесінде Конституциялық соттың қайта қалпына келтірілуі ең бір қажетті бастама бол­ғаны анық. Бұл – әділетті Қазақстанды құру кезеңінде құқықтық мемлекетті қа­лыптастыру жолындағы нық қадам. Конс­титуциялық сот жекелеген істерді қара­майды. Ол жалпы заңнаманың Ата заңы­мыз­ға сәйкестігін қадағалайды. Өйткені бел­гілі бір нормативтік-құқықтық құжат­тың кей ережелері еліміздің Негізгі заңы­на қайшы келіп қалуы мүмкін. Тіпті, осы құжат­ты негізге алып, отандастарымыздың тағ­дырын шешкен сот шешімдері де шы­ғып кеткен болуы ықтимал. Осы кезеңде құ­қығы шектелген тұлға Конституциялық сот­қа жүгіну арқылы алдымен әлгі тағ­дыр­шешті баптың күшін доғарып, содан соң ол бапқа сүйенген шешімнің күшін жоя алады. Дөңгелек үстел барысында Конс­титуциялық соттың соңғы жыл­дардағы қызметі, қабылданған қаулы­лар­дың орындалу барысы мен олардың аза­мат­тардың құқықтарын қорғаудағы рөлі талқыланды.

Қазақстан Республикасының Консти­туция­лық сотының талдаушысы Дәурен Шәріпбаев баяндама жасап, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі уақытқа дейін Конституциялық соттың қабылдаған 74 нор­мативтік қаулысының 41-і (56%) то­лық орындалғанын атап өтті.

Тиісті заңнамаларға өзгерістер ен­гі­зі­ліп, азаматтардың құқықтарын қор­ғауға бағытталған бірқатар нақты шешімдер қа­был­данған. Мәселен, 2023 жылғы 6 нау­рыздағы №4 қаулы мемлекеттік қыз­мет­ке қабылдауға тыйым салу мәселесін қам­тып, азаматтардың еңбек ету құқығын қал­пына келтірсе, 2023 жылғы 11 сәуір­дегі №9 қаулы үйқамақ шарасы кезінде адам­ның негізгі құқықтарын қорғауға қа­тысты маңызды ұстанымды бекітті. Сон­дай-ақ али­мент өндіріп алу, бейбіт жиналыстар өт­кізу сияқты әлеуметтік маңызы бар мә­с­елелер де назардан тыс қал­маған.

Қазір Конституциялық соттың 33 нор­мативтік қаулысы (44%) іске асырылу ке­зеңінде. Ал 14 қаулыны орындау бойын­ша мемлекеттік органдар нақты шаралар қабылдап жатыр. 

Сонымен қатар дөңгелек үстелде Конс­титуциялық соттың судьясы Роман По­допригора сөз сөйлеп, Соттың 30 жыл­дық тәжірибесі мен конституциялық заң­дылықты нығайту бағытындағы жетіс­тіктерді баяндады.

«Мұндай кездесулер туындайтын мә­се­лелерді жүйелі түрде талқылауға, ортақ ше­шімдер қабылдауға және барлық мүд­делі тараптар арасындағы ынтымақ­тас­тық­ты одан әрі дамытуға мүмкіндік бере­ді. Сондай-ақ Қазақстан Республика­сы­ның Конституциясын нығайтуға және құ­қықтық мемлекетті дамытуға айтар­лық­та­й үлес қосады», – деді қала әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова.

Конституциялық соттың қайта қал­пына келтірілуі әділетті Қазақстанның құ­қық саласына қан жүгірткені аян. Де­ген­мен дамудың заңдылығына сәйкес мә­селелердің қордаланып келе жатқаны, оны дер кезінде шешу керек екені анық. Біздің мақсат – кінәрат іздеу емес, елде құ­қықтық мемлекеттің институттары қай­та қалыптасу кезеңінде туындаған мә­се­лені бірігіп шешу. Бұл – бәрімізге ортақ па­рыз. Дөңгелек үстел Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциялық сотының 30 жыл­дық қызметінің қорытындысын шы­ғарып, құқықтық мемлекетті одан әрі да­мыту жолындағы маңызды диалог алаңы болды.

К.ЕСІМ