Бүгінгі заман талабы білімді, білікті әрі еңбекқор жас­тар­­дың белсенділігін арттыру болып тұр.
Жастарға жол ашқан қала
1,765
оқылды

Мемле­кеті­міз­дің басты мақсатының бірі – жас буынды тұрақты жұмыспен қамтып, олардың өмірлік жолын табуына мүм­кіндік жасау. Өйткені елдің ертеңі еңбекқор, өз ісіне адал жастардың қолында. Кейінгі жылдары Қазақстанда жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бірқатар маңызды бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Солар­дың ішінде «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары еңбек нарығына енді қадам басқан жас мамандар үшін үлкен мүмкіндікке айналды. Бұл жо­балар жергілікті мансап орталықтары арқылы үйлес­тіріліп, жастардың кәсіби бейімделуіне жол ашып отыр.

Мансап орталығының негізгі мін­деті де – жұмыс іздеп жүрген жас­тарға кәсіби бағдар беру, кеңес ұсыну, бос жұмыс орындарын та­бу­ға жәрдемдесу және қайта даяр­лау курстарына жолдау. Бұл ор­талық – жас мамандар мен жұ­мыс беру­шілер арасындағы тиімді бай­ланыстырушы алаң. Мұнда жас­тарға тек жұмыс табуға  емес, өз қабілетін дамытуға да мүмкіндік бе­ріледі. Шымкент қаласында 2025 жылға арналған жоспар ая­сын­да мансап орталығы арқылы жас­тарды жұмыспен қамту деңгейі едәуір артпақ. Бұл бағыттағы жүйе­лі жұмыс өңірдегі жұмыссыздық көрсеткішін төмендетіп, жастар­дың әлеуметтік белсенділігін кү­шейтуге жол ашуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл – Жұмысшы маман­дық­тар жылы болып жарияланды. Бұл шеш­ім қарапайым еңбек адам­дарының қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған тарихи қа­дам болды. Өндіріс ошақтарында маң­дай терімен ел дамуына үлес қо­сып жүрген жастар үшін бұл зор қол­дау мен үлкен сенім. Қазір елі­міздің экономикалық дамуы, өн­дірістік әлеуетінің артуы білікті жұ­мысшылардың еңбегімен тығыз байланысты. Жастардың өндіріс орын­дарында еңбекке араласып, өз ісінің шебері атануға талпынуы – қоғамның ең үлкен ұмтылыстары­ның бірі.

Еңбек мобильділігі орталығы­ның бастамасымен жүргізіліп жат­қан «Жастар практикасы» бағ­дар­ламасы арқылы  биылдың өзін­де 1 600-ден астам жас уақытша жұмыс орын­дарымен қамтылып, өз ма­ман­дығы бойынша тәжірибе жи­нақтау мүмкіндігіне ие болды. Солардың бірі – Нұрсұлу Оразалы. Ол шілде айында №5 кәсіптік кол­леджді тоқыма өндірісі мамандығы бойынша тәмамдап, кейін Enbek.kz электронды еңбек биржасы ар­қылы ресми түрде жұмыссыз ре­тінде тіркелген. Мансап орталығы­ның көмегімен Нұрсұлу «Жастар прак­тикасы» бағдарламасына қа­ты­сып, «Назар Текстиль» кілем фаб­рикасында еңбек жолын бас­тады. 

– Бұл фабрикаға алғаш рет кол­леджде оқып жүрген кезде тә­жірибеден өту үшін келген едім. Ұжымның ұйымшылдығы мен еңбек мәдениеті қатты ұнады. Сон­дықтан оқуымды аяқтаған соң осы жерге қайта оралып, өз ма­ман­дығым бойынша еңбек етуді ұйғар­дым. Қазір тоқыма станогына жіп­тер дайындаумен айналы­са­мын. Ең бастысы – сүйікті ісіммен ай­налысып, өз еңбегімнің нәти­же­сін көрудемін, – дейді жас ма­ман Нұрсұлу Нұржанқызы.

Бүгінде осындай бағдарламалар ар­қылы жүздеген жас еңбек жолын бастап, тәжірибе жинақтап, тұрақ­ты жұмысқа орналасуда. Бұл – мемлекет саясатының жастарға де­ген нақты қамқорлығының ай­қын көрінісі.

Жұмыссыз қалған азаматтарға көр­сетілетін тағы бір маңызды қолдау – кәсіптік оқыту. Мұндай мүм­кіндік жастарға жаңа кәсіп мең­геріп, еңбек нарығына қайта оралуға жол ашады. Шымкент қаласы бойынша бүгінде 760 адам кәсіптік оқуға жолданған. Оның 600-і білім беру ұйымдарында оқып жатса, 160 азамат тікелей жұмыс берушілердің өндірістік базасында тәжірибе жинақтауда. Кәсіптік оқуға қатысушыларға мемлекет тарапынан шәкіртақы төленеді: оқу орталықтарында білім алушылар ай сайын 43 574 теңге, ал өндірістік тәжірибеден өту­шілер 78 640 теңге көлемінде шәкіртақы алады.

Мысалы, Alisha оқу орталығын­да бүгінде 25 жұмыссыз қыз-келін­шек жаңа мамандықты игеріп жатыр. Оның 20-сы – «кестелеуші», 5-еуі  «тігінші» мамандығы бойын­ша оқуда. Курсты аяқтаған соң қа­тысушыларға арнайы сертифи­кат табысталып, тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылады.

Мемлекет тарапынан көрсеті­ліп жатқан қамқорлық пен қолдау жастардың әлеуетін ашып, кәсіби шыңдалуына мүмкіндік береді. Жас мамандардың өмірге сеніммен қадам басып, еңбек жолында та­быс­қа жетуі ел ертеңіне үмітті арт­тыра түседі.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы