Батыс Қазақстан облысы мен Қытай Халық Рес­публикасы арасындағы іскерлік байланыс жаңа деңгейге көтерілді.
Инвестициялық серпіліске жеткізген серіктестік
1,316
оқылды

Ақжайық өңірінен бар­ған делегация үш күндік іссапар барысында жал­пы құны 134 миллиард теңгені құрайтын 14 ірі инвестициялық жобаны қам­титын мемо­рандумдарға қол қойды. Бұл келісімдер – екіжақты серіктестіктің нақты нә­тижесі ғана емес, ел Президентінің Жолдауын­да жүктелген тапсырмалардың тікелей орындалуы.

Сапар барысында делегация мүшелері Қытайдың Бей­жің және Нанкин қалаларында болып, әлемдік деңгейдегі алпауыт компаниялармен келіссөздер жүргізді. Қол қойылған меморандумдар аясында өндіріс, сауда, жасыл энер­гетика, медицина, білім және логистика сала­ларында бір­лескен жобалар жүзеге асады. Атап айтқанда, алғаш­қы екі зауыттың қондырғылары Қазақстанға жөнел­тіліп, құры­лыс жұмыстары алдағы күндері басталады.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, 14 жоба тү­гел­дей облыстың индустриялық аймағында жүзеге асады. Бұл өңдеу өнеркәсібін дамытуға тың серпін береді. 

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әсіре­се өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуға баса назар ауда­рып келеміз. Қытайлық әріптестермен осы жобалардың іс­ке асуын жеделдету бағытында нақты мәселелерді тал­қыладық, – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ сапар барысында Орал қаласында жаңа жылу электр стансасын салу мәселесі бойынша келісім жасалды. Жо­баны Қытай тарапы толықтай өз қаражатына жүзеге асыруға ниетті. Қазір зерделеу жұмыстары жүргізілмек.

Инвестициялық жобалармен қатар, жұмыс күші мен кадр даярлау мәселесі де басты назарда. Қытайлық инвес­тор­лар өндіріс орындары үшін заманауи технологияны мең­герген жергілікті мамандардың қажет екенін алға тарт­ты. Осыған орай тараптар бірлескен қазақ-қытай білім беру бағдарламасын іске асыруға уағдаласты. 

– Бүгінде жаңа технологиялармен жабдықталған өн­діріс­тер үшін білікті кадр қажет. Осы мақсатта жергілікті жас­тарды оқытып, қажетті қаражатты қытайлық компа­ния­лар өз мойнына алуға дайын, – деді Нариман Төре­ға­лиев.

Келіссөздер кезінде облыс аумағында құны 17 мил­лиард теңгеге бағаланатын логистикалық хаб салу ұсынысы қаралды. Жоба транзиттік жүк тасымалын қам­тамасыз етуге және көлік-логистика инфрақұрылымын да­мытуға бағыт­талған.

Сонымен қатар Бейжің қаласында Батыс Қазақстан об­лысының «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясының екінші инвестициялық және сауда өкілдігі ашылды. Бұл өкілдік аймақ пен Қытай арасындағы бизнес-бай­ланыстарды нығайтып, тікелей серіктестікке жол аша­ды.

Басты жаңалықтың бірі – Бейжіңдегі келіссөздер бары­сында құрамында 22 холдингтік және 7 еншілес компаниясы бар, жылдық табысы 4,5 миллиард юаньнан асатын Beijing Jinyi Yuanfang холдингімен де стратегиялық әріптестік орнатылды. Холдинг облысқа бірқатар сала бойынша, өндірістен бастап, медицина мен білімге дейін инвестиция құюға дайын екенін мәлімдеді.

Батыс Қазақстан облысының Қытаймен орнатқан жаңа келісімдері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтар­лықтай үлес қоспақ. Бұл – тек құжат жүзіндегі жос­парлар емес, нақты инвестиция тартуға, жұмыс орындарын ашуға, заманауи өндіріс орындарын іске қосуға бағытталған үлкен қадам. Енді жобалардың тиімді әрі уақытылы орын­далуы – басты міндет.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы