Астанадағы халықаралық қаржы орталығында «Инновациялар мен технологиялар: Астананың азаматтық секторының болашағы» тақырыбында XII азаматтық форум өтті.
Азаматтық қоғамның жаңа тынысы
1,698
оқылды

Іс-шарада азаматтық қоғам институттары, үкі­мет­тік емес ұйым­­дар, мемлекеттік орган өкіл­дері, қо­­ғам қайраткерлері мен сарап­шылар жиналды. Бас­­қосуда ма­мандар азаматтық қоғамның да­муы жә­не жаңа технологиялар, цифрлық трансформация және жа­санды интеллект мүмкіндіктері жө­нінде сөз қозғады. Сондай-ақ форум ашық диолог, еркін пікір, тә­жірибе алмасу алаңына ай­нал­ды. Пленарлық отырыс аясында спи­керлер мемлекет пен аза­мат­тық қоғам арасындағы тиімді әріп­­тестіктің маңызына тоқ­тал­ды.  

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, ашық та шынайы диалог – еліміздің тұрақ­тылығы мен дамуының басты кепілі. Биыл еліміз үшін ерекше мәні бар маңызды мерекелер Рес­публика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы дек­ларацияның 35 жылдығын атап өтеміз. Тәуел­сіздігіміздің тұғырын бекіту, мемлекетіміздің да­муы­на өз үлесін қосу жолында азаматтық сектордың рөлі ай­рықша. Қала өмірін жақсартуға жан-жақты үлес қо­сып жүрген мыңдаған белсенді азаматтың еңбегі – еліміздің жарқын болашағына бағытталған ортақ кү­шіміздің айқын көрінісі», – деді Астана қаласы Іш­кі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов.

Сонымен қатар ол бүгінде Астанада 3 мыңнан аса үкіметтік емес ұйым тіркелгенін, соңғы жылдары үкі­меттік емес ұйымдармен серіктестік аясында ша­мамен 100 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, екі мың­нан аса қоғамдық маңызды іс-шара өткізілгені тура­лы айтты.

– Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүзеге асы­рылып жатқан Joltap жобасы жастарды цифрлық жә­не еңбекке қатысты кәсіби дағдыларға үйретсе, «За­мандас» жобасы жастарға тәлімгерлер мен пси­хологтардың қолдауын ұсынады, ал «Жасыл ел» эко­­логиялық акциясы жастарды еңбекке баулиды», – деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, елордада 10 аула клубы жұмыс істейді, сондай-ақ қоғамдық ұйым­дар және еріктілердің қатысуымен қалада кең кө­лемді көгалдандыру, абаттандыру акциялары жүр­гізі­леді. «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Еңбек ада­мы» секілді жобалар арқылы өскелең ұрпақты жауап­кершілікке, еңбекке құрмет және қоршаған ор­таны қорғау бағытындағы идеологиялық жұ­мыс­тар жүзеге асырылады. Қоғамдық ұйымдармен бір­ле­се атқарылып жатқан бұл жұмыстардың артында адам өмірі мен қала тіршілігін жақсарту, азаматтық қо­ғам және инклюзивті орта қалыптастыру секілді мін­деттер тұр.   

Мәселен, есірткі қылмысының цифрлық кар­тасының пилоттық нұсқасын жасап, қазір азаматтық бел­сенділікті арттыру бағытында да көптеген жобаға бас­тамашы болып келе жатқан Esbol қорын атап өтсек болады.

– Біздің Esbol қоры қоғамдық қауіпсіздікті сақ­тау, құқықбұзушылыққа жол бермеу, заң мен тәртіп қа­ғидасын қорғау бағытында жұмыс істейді.  Әсі­ресе, цифрлық карта пи­лот­тық жобасы аясында әкім­шілік және қылмыстық бұ­зушылықтың жүз­де­ген, мыңдаған қылмыстың ал­­дын алуға мүмкіндік ту­ды. Жалпы, кез келген ин­но­вацияға мемлекеттен қол­дау қажет болады. Мы­салы, бұл картаны бізге 8-9-сынып оқушылары ұсын­ды. Олардың идеялары біз­ге ұнады, жобаны қар­жы құю арқылы қолдадық. Нә­тижесінде, есірткі қыл­мысымен күрес, азаматтық бел­сенділікті арт­тыру бағытында жоспарлы жұмыс­тар жүзеге асып жа­тыр, – деді Esbol қорының төра­ғасы Жандос Ақтаев.  

Сондай-ақ «Жас ұлан» ұйымы төрағасының кеңес­шісі Динара Сәдуақасова өскелең ұрпақтың қабі­лет-қарымын дөп басып, жастарды ұлттың ру­хани құндылықтарымен сусындатып, адамгершілік-гуманизм идеяларына қанықтырып өсіру баста­ма­лары жөніндегі тәжірибелерімен бөлісті.

– «Жас ұлан» ұйымының міндеті – жас ұрпақтың зерде-интеллектуалдық қабілетін дамыту және олар­ды отансүйгіштікке, еңбекке баулу, қоршаған ортаға мейірімді, жанашыр тұлға ретінде қалыптастыру, ру­хани құндылықтар мен салауатты өмір салтын үй­рету. Сондай-ақ балалардың жеке тұлға ретінде қо­ғамға араласуына, олардың дауысын естуге назар ау­дарамыз. Бірге жобалар жасап, олардың мүмкін­діктерін ашуға және болашақта адами капиталдың дамуына өз үлесін қосуына ықпал етуді мақсат тұта­мыз, – деді ол. 

Тақырыптық сессия шеңберінде цифрлық транс­фор­мация дәуіріндегі ҮЕҰ-ны қолдау тетіктері, қар­жылық тұрақтылық және мемлекетпен өзара іс-қимылдың жаңа формалары мен киберқауіпсіздік жә­не әлеуметтік кәсіпкерлік мүмкіндіктері, азамат­тық белсенділікті арттыру, қоғамдық бақылау және жергілікті қауымдастықтарды біріктіру мәселелері тал­қыланды және бірқатар ұсыныс қабылданды.

Форум аясында инновациялық жобалардың көр­месі ұйымдастырылды және шағын гранттар бай­қауы мен әлеуметтік жобалар бейнебайқауының жеңім­паздары марапатталды. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ