Қазір Қазақстан қоғамы үшін отбасылық құндылықтарды сақтау мен салауатты ұрпақ тәрбиелеу мәселесі ерекше маңызға ие.
Байыпты өмір бақытқа жетелейді
4,197
оқылды

Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттің демографиялық саясатының өзегінде аналардың денсаулығын қорғау, бала тууға қолайлы жағдай жасау және жүктілікті ғылыми тұрғыдан жоспарлау мәдениетін қалыптастыру міндеті тұр. 

Осы мақсатта 2025 жылғы 20 маусымда Қа­зақстан Республикасы Президенті жа­нын­дағы Әйелдер істері және отбасылық-де­мографиялық саясат жөніндегі ұлттық ко­миссияның отырысында маңызды ше­шім қабылданды. Онда жүктілікті жос­пар­лау мен репродуктивті денсаулықты сақтау ба­ғытында жаңа профилактикалық стра­те­гия әзірлеу көзделді. Бұл бастама – елдегі от­басылық-демографиялық ахуалды ны­ғайтуға, жастар арасында ерте жүктіліктің, жоспарланбаған босану мен жыныстық жол­мен берілетін инфекциялардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам.

Ұлттық комиссия шешімін жүзеге асы­ру мақсатында еліміздің барлық өңірінде ақ­параттық-түсіндіру шаралары өткізіліп ке­леді. Осындай игі шаралардың бірі Шым­кент қаласында ұйымдастырылды. Мұнда Шымкент қаласы мен Түркістан облысының медициналық мекемелерінен келген 35 координатордың қатысуымен үш күндік семинар-тренинг өтті. Семинардың басты мақсаты – жүктілікті жоспарлау мәде­ниетін дамыту, болашақ ата-аналарды реп­родуктивті денсаулыққа жауапкер­ші­лік­пен қарауға үйрету және медициналық қыз­меткерлердің тәжірибесін жетілдіру.

Аталған іс-шара Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демог­ра­фия­лық саясат жөніндегі ұлттық комис­сияның қолдауымен өтті. Жиын барысында комиссия мүшесі Галина Гребенникова сөз алып, қазір репродуктивті денсаулықты сақтау  Денсаулық сақтау министрлігінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Әрбір әйел мен ер адам өз денсау­лы­ғы­ның маңызын сезінуі керек. Жүктілікті жос­парлау отбасы бақытының, ананың аман­дығы мен баланың саулығының ке­пі­л­і. Бұл – мемлекеттің де, қоғамның да ор­тақ міндеті», – деді ол.

Сарапшылардың мәліметінше, Қазақ­станда жыл сайын шамамен 400 мың жүк­тілік тіркеледі, алайда оның үштен бірі жос­парланбаған. Бұл – әлеуметтік және ме­дициналық тұрғыдан алаңдататын көр­сеткіш. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде, оның ішін­де Түркістан облысы мен Шымкент қа­ла­сында жүктілікті заманауи әдістермен жос­парлау деңгейі республикалық орташа көр­сеткіштен төмен, яғни 36-38 пайыз ша­масында. Бұл жағдай халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейтуді және медициналық қызмет сапасын арт­тыруды қажет етеді. Мамандардың ай­туын­ша, жоспарланбаған жүктіліктің сал­дары аналардың денсаулығына қатер төн­діреді, әлеуметтік қиындықтарға жол аша­ды және жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік мәселесін ушықтырады. Сон­дықтан бұл бағыттағы алдын алу жұ­мыс­тары ұлттық деңгейдегі стратегиялық міндетке айналып отыр.

Семинар барысында қатысушыларға реп­родуктивті денсаулықты сақтау, конт­ра­цепцияның заманауи түрлерін қолдану, жы­ныстық тәрбиенің мәдени аспектілері сияқ­ты тақырыптарда дәрістер мен прак­тикалық сабақтар өткізілді. Халықаралық сарап­шылар мен отандық мамандар Еуро­па елдерінің тәжірибесін, сондай-ақ Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсы­нымдарын таныстырды. Медициналық ме­кемелердің координаторлары өз тә­жіри­бесінде тиімді коммуникация әдістерін, жас­тармен жұмыс жүргізудің жаңа фор­ма­ларын және ата-аналармен ашық диалог ор­натудың тәсілдерін меңгерді. Жүктілікті жос­парлау – тек медициналық мәселе емес, ол отбасылық мәдениет пен ұлттық са­наға тікелей байланысты.

Қазір мемлекет тарапынан ана мен ба­ланы қорғау, бала тууға қолайлы жағдай жа­сау, психологиялық және әлеуметтік қол­дау көрсету бағытында жүйелі шаралар қа­­былдануда. Осындай кешенді жұмыс­тар­дың нәтижесінде болашақта қазақ от­басыларының өмір сапасы артып, ана­лар денсаулығы жақсарып, дүниеге келетін ұрпақтың өмірлік әлеуеті жоғарылайды. Жүк­тілікті жоспарлау мәдениетін қалып­тас­тыру ұлттың болашағына салынған ин­вестиция. Бұл бағыттағы әрбір семинар, әрбір түсіндіру жұмысы – бір ананың аман­дығына, бір баланың саулығына қо­сылған үлес.

Шымкентте өткен бұл семинар – тек ай­мақтық шара емес, ол қоғамның реп­ро­дуктивті жауапкершілігін арттыруға, отба­сылық құндылықтарды дәріптеуге, және ең бастысы, салауатты ұлт қалыптастыруға ба­ғытталған игі бастама болып отыр.

Н.НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы