Депутаттар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімді ратификациялады. Келісімге 2020 жылдың 6 қарашасында қол қойылған.
Құжат бойынша баяндама жасаған Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев келісім трансшекаралық тасымалдарды бақылау тиімділігін арттыруға, радиоактивті материалдарды мемлекеттік шекаралар арқылы өткізу кезінде негізсіз кідірістерді болдырмауға, орын ауыстыру мониторингі жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ радиоактивті материалдардың заңсыз орын ауыстыруының жолын кесуге бағытталғанын айтты.
– Мемлекет басшысы атом энергетикасы мен ядролық технологияларды дамыту энергетикалық қауіпсіздікті, ғылыми-техникалық прогресті және елдің атомды бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық міндеттемелерін қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Осы тұрғыда Қазақстан жоғары халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін заманауи нормативтік-құқықтық базаны қалыптастырады, сондықтан осы келісімді ратификациялау өзекті, – деді А.Сәтқалиев.
Депутат Арман Қалықов қосымша баяндамасында келісімді қабылдау ядролық және радиациялық қауіпсіздікті арттыруға, радиоактивті материалдарды тасымалдауға қойылатын ұлттық талаптарды оңтайландыруға ықпал ететінін атап өтті.
Сонымен қатар жалпы отырыста 2024 жылғы 10 қазанда Ашхабадта жасалған Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтері арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім де ратификацияланды. Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовтің айтуынша, келісім қылмысқа қарсы күрес саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық негізін құрады. Онда ақпараттық технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздік, террористік және экстремистік қылмыстар, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымы, заңсыз көші-қон және адам саудасы саласында екі елдің құзыретті органдарының қарым-қатынасын дамыту көзделген.
Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев келісім екі елдің құқықтық тәртібін нығайтып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашатынын айтты.
– Құжат сұрау салуларды орындау және құзыретті органдар арасындағы ынтымақтастық қылмыстардың жолын кесуге, алдын алуға және ашуға мүмкіндік береді әрі қылмыстық істерді неғұрлым тиімді тергеп-тексеруге көмектеседі. Іздестірілетін адамдарды анықтау, ұстау, қамауға алу немесе олар туралы ақпаратты беру мақсатымен қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық жауапкершілік пен жазаның бұлтартпастығы қағидатын қолдануға мүмкіндік береді, – деді депутат.
Келісімді жүзеге асыруға Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен Түрікменстанның Ішкі істер министрлігі жауапты болады. Қазақстан бүгінде 20 мемлекетпен, соның ішінде, Қытай, Түркия, Өзбекстан және басқа да елдермен осындай құжат жасасқан.
Палата комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: Еңбек кодексіне еңбек саласындағы ұжымдық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы; Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы.
Мәжіліс «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменованың Оқу-ағарту министрі болып тағайындалуына байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады.
Жалпы, отырыс соңында Мәжіліс депутаттары өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 20 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен телеграм арнасында жарияланды.