Биылғы Президент Жолдауында айтылған цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу елдің әр аймағында тыңнан түрен салатын іргелі стартап жобаларды жүзеге асыруға тың серпін береді.
Индустриялы аймақ – экономиканың жаңа тірегі
2,054
оқылды

Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шегелеп тапсырған елді жаңа экономикалық модельге көшіру ауқымды міндеті осы арқылы ғана мүмкін болмақ. Жаңа инвестициялық цикл әрбір салынған қаржының тиімділігін еселеп, өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сонымен қатар жергілікті бюджеттерді толықтыруға қызмет етуге тиіс. Бұл орайда Ақмола облысында қолға алынған цифрландыру және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жобалары аса үлкен қарқын алғанын атап өткен жөн.

Инвестиция тартудағы серпін

Кейінгі жылдары Ақмола об­лы­сы тұтас ел бойынша ең қар­қынды аймақтардың біріне ай­нал­­ды. Мәселен, жыл басынан бері ға­на өңір экономикасына 456 млрд теңге инвестиция тартылып, был­тыр­ғы жылмен салыстырғанда 1,5 есе артқаны байқалған. Өңірде жал­пы құны 248 млрд теңгені құрайтын 226 жоба жүзеге асып, оның нәти­же­сінде 2,5 мыңнан астам жаңа жұ­мыс орны ашылмақ.

Аймақтық инвестиция тарту ор­талығы – Aqmola Invest ірі ин­вес­тор­ларды сүйемелдеу жұмыстарын да жүйелі түрде жүргізіп келеді. Ор­та­лық мәліметінше, қазір оның пор­­т­фелінде құны 2,8 трлн теңгені құ­рай­тын 39 жоба қолға алынды. Олар­дың қатарында халықаралық дең­гейдегі Dalian Hesheng Group, YDA Group, Atasu Group, сондай-ақ отан­дық Terracottas компаниялары кірген. Облыстағы инвестициялық ахуалдың жақсаруына өңдеу өнер­кәсібінің өрлеуі зор септігін тигізді. Стат­истикалық деректерге сенсек, өнім­дерді өңдеу өнеркәсібінің үлесі жыл­дан-жылға арта бастағаны бай­қалады. Мәселен, 2020 жылы 22,9 пайыз болса, былтырғы көр­сет­кіш 26,6 пайызға жеткен. Сонымен қатар өнімдерді өңдеудің өндірістегі үлесі 81 пайызға көтерілгені анық­талды.

Осы жылы да аймақта құны 14 млрд теңгені құрайтын 9 жаңа жоба жү­зеге асырылып жатқаны аймақ эко­номикасының ілгерілеуіне жол аш­қаны сөзсіз. Атап айтқанда, Көк­шетау қаласында жұмысын бастап үл­герген QAZAQ FOOD MARKET ЖШС-на тиесілі ірі жарма өндіретін зауыт, Целиноград ауданындағы «Сев-Регион Строй» ЖШС-ның алю­миний прокатын шығаратын кә­сіпорны, сондай-ақ Қазақстан Аг­рарлық Инновациялық Корпорация­сының мұрындық болуы­мен ауыл шаруашылығы техникасын құ­растыратын өндірістік цех іске қо­сылған.

Құзырлы сала мәліметтері бойын­ша алдағы жылы Степно­горс­кідегі тау-кен химия комбинатында да сирек кездесетін металдар өн­ді­рісі кеңейтілмек. Бұл жоба еліміздің стра­тегиялық шикізаттық әлеуетін ны­ғайтып, экспорттық мүмкіндік­те­рін арттыруға мүмкіндік бермек. Ақ­мола өңірі алтын қоры жағынан да республикада көш бастап тұр. Ай­мақтағы тау-кен металлургия ке­шені жалпы өңдеу саласының 50 пайы­зына дейін жеткен. Бұған осы ай­мақта орналасқан Altyntau Kokshetau, RG GOLD, «АК Алтыналмас» сияқ­ты алпауыт компаниялар өн­діріс көлемін жыл сайын ұлғайтуы се­беп болған. Бүгінде облыс елімізде өн­дірілетін алтынның 27,5%-ын бе­ріп отыр. Сонымен қатар биыл бі­рін­­ші жартыжылдықта елде өнді­ріл­ген «Доре» қоспасының 59,2 пайы­зы, өңделмеген алтынның 93,3 пайы­­зы Ақмола облысына тиесілі еке­ні белгілі болды.

Президент Жолдауында индуст­рия­лық аймақтардың мультипли­ка­тив­тік әсері де ерекше аталды. Бұл орай­да аграрлық өңірден аграрлы-ин­дустриялды аймаққа айналып үл­герген Ақмола облысында негізгі 4 индустриялық аймақ жұмыс істей­тінін атап өткен жөн. Оның ішіндегі ең ірісі – Аршалы ауданындағы рес­публикалық маңызы бар AQMOLA аймағы. Мұнда жалпы құны 1,2 трлн тең­геден асатын 7 жоба қолға алын­ған. Бұл жобалардың арқасында ай­мақта 4,6 мыңнан астам жаңа жұ­мыс орындары құрылып, өңірдің өн­дірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік берген.

Өңірдің энергетикалық инфра­құрылымының да тынысы ашылып, тұрақты әрі сапалы энергиямен қам­тамасыз ету жобалары іс жүзінде жү­зеге асырылып отыр. Атап айт­қанда, Степногорск жылу электр ор­талығы ауқымды реконструк­ция­дан өткізу қолға алынса, облыс орта­лығы – Көкшетауда қуаты 240 МВт электр және 520 Гкал жылу энергиясын өндіретін газ-көмірлі жылу-электр орталығының құры­лысы басталған. Бұл жоба шаһарды толыққанды жылумен қамтып, ха­лықтың әлеуметтік сұранысын то­лық­тай қанағаттандыруға мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар өңірде 19 жасыл энергетика жобасы сәтті жүзеге аса бастағаны рас. Оның ішінде 17 жел электр стансасы, бір күн және бір биоэлектр стансасы қалыпты жұ­мыс режимінде энергиямен қам­та­ма­сыз етіп отыр. Жалпы қуаты 500 МВт-тан асатын бұл нысандар бү­гін­де Қазақстандағы «жасыл» энер­гия­ның 23 пайызын өндіруге жол ашқан.

Әлеуметтік сала және тұрғындардың әл-ауқаты

Президент Жолдауында аталған аса маңызды салалардың бірі – ин­женерлік инфрақұрылымды жаңар­ту. Аталған мақсатта бюджеттен 34,2 млрд теңгеге 88 су құбыры мен кәріз ны­саны жаңғыртылып жатыр. Нә­ти­­жесінде, тозығы жеткен желі­лер­дің үлесі төмендеп, қосымша 20 мың тұрғын сапалы ауызсумен қам­­тылмақ. Газдандыру жобалары да қолға алынып, аймақтағы 65 мың адам табиғи газға қол жеткізбек.

Аймақта цифрлық басқару жүйелері де енгізіліп, Aqmola Region Score платформасы арқылы аудан­дар мен қалалардың тиімділігі он­лайн өлшеніп жатқанын атап өткен жөн. Жақын жылдары өңірдің «цифр­лық егізі» жасалып, жасанды ин­теллектіге негізделген басқару үлгісі қалыптаспақ.

Жолдауда көтерілген міндет­тердің іс жүзінде жүзеге асырылуына ұрпақтар сабақтастығын қолға ал­ған ардагерлер де үн қосып отыр. Ақ­­мола облыстық ардагерлер кеңе­сінің мұрындық болуымен «Қоғам­дық келісім» мекемесінде Жол­дау­дың мазмұнын талқылау жөнінде өт­кен пленумда 118 мың ардагерді бі­ріктіретін ұйымның өкілдері Пре­зидент қойған міндеттерді жүзеге асырудағы өз үлестерін айқындап берді.

– Қазақстан үш жыл ішінде цифр­лық елге айналуға тиіс. Ол үшін «Цифрлық кодекс» қабыл­да­нып, әр салада нақты қадамдар жа­салуы қажет», – дейді облыстық ар­дагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғы­манов.

Ақмола облысының бүгінгі бе­та­лысы – Мемлекет басшысының тап­сырмаларын жүзеге асырудың жар­қын көрінісі. Инвестиция тарту, өн­діріс пен энергетиканы жаңғырту, кө­лік дәліздерін кеңейту, цифрлық трансформация – барлығы да өңір­дің болашағын айқындайтын аса маңызды басымдықтар болып отыр. Ең бастысы, бұл қадамдардың түпкі мақ­саты халықтың әл-ауқатын арт­тыруға, әлеуметтік әділеттілікті ны­ғайтуға, сонымен қатар елдің бә­се­кеге қабілеттілігін күшейтуге ба­ғытталған.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы