Air Astana Group алғаш рет 6 жылдық және 12 жылдық С-Check күрделі техникалық қызмет көрсету процедураларын бір уақытта жүзеге асырып жатыр. Жұмыстар елордадағы компанияның өзіне тиесілі техникалық қызмет көрсету орталығында жүргізілуде.
Air Astana: бір уақытта 2 техникалық қызмет жүргізілді
309
оқылды

Әдетте, С-Check – әуе кемелеріне жасалатын ең ауқымды әрі жауапты техникалық қызметтің бірі саналады. Ол ұшақтың операциялық тұтастығын растау үшін дерлік толықтай бөлшектеуді, жүйелерін егжей-тегжейлі тексеруді және соңында сынақ ұшуын қажет етеді. Мұндай тексерістер барысында қозғалтқыштан бастап гидравликалық, электрлік және басқару жүйелеріне дейін түгел қамтылады. 

Air Astana техникалық қолдау бөлімінің аға менеджері Темірлан Бағашар ангар ішіндегі жұмыстарды шолып өтті. Оның айтуынша, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

– Техникалық қызмет көрсетудің айырмашылығы бар: жылы жоғарырақ болған сайын жұмыстары да күрделілеу. Мысалы, алты жылдық техникалық қызмет көрсету 600-ден астам жұмыс түрін қамтыса, он екі жылдық 800-ден астам жұмыс түрін қамтиды. Әуелі ұшақ әкелініп, алғашқы жұмыстар сыртта, яғни ангар алдындағы алаңда атқарылады. Бұл жерде қозғалтқыш іске қосылып, барлық жүйелерге қарапайым сынақтар жасалады: гидравликалық сынақтар, басқару органдарының тексерістері және тағы басқалары.

Осы бастапқы сынақтардан соң ұшақ ангарға кіргізіліп, ұзақмерзімді әрі егжей-тегжейлі тексерістер үшін барлық қолжетімді панельдер шешіледі. Мұндай тексерістер барысында ұшақтың барлық жүйесінің жұмысы тексеріледі, барлық шығыс материалдар ауыстырылады. Егер ақаулар табылса, олар жөнделеді. Барлық жұмыс­тар аяқталған соң панельдер қайта жабылып, соңғы сынақтар жасалады. Соның ішінде қозғалтқышты сынау да бар, – дейді Темірлан Бағашар.

Алты жылдық С-Check-пен салыстырсақ, 12 жылдық С-Check одан да кең көлемде жүргізіліп, ұшақтың құрылымына, қаңқасына, негізгі агрегаттарына және ұзақмерзімді бөлшектеріне ерекше назар аударылады.

– Біздің жасайтын тексерістерді қарапайым мысалмен түсіндірсек, белгілі бір жүріс не жасқа жеткенде көлікке міндетті түрде техникалық қызмет қажет болады. Кейбір бөлшектерді, сүзгілерді немесе майды ауыстыру керек. Ұшақтарға да дәл осылай өндірушілер (Airbus пен Boeing секілді компаниялар) қатаң регламент белгілейді. Біз сол өндірушілердің стандарттары мен кеңестеріне сәйкес жұмыс жасаймыз.

Әсет ҚАЛИ