Біздің ғылыми орта көбіне бір тақырыпты тереңдеп, жан-жақты талдауға бейім. Ал еуропалық ғалымдар көбінесе кең шолумен шектеліп, мәселені жан-жақты қамтуға ұмтылады. Бұл екі түрлі тәсілді салыстыру маған пайдалы ой салды.
Берлин төріндегі күйтану ғылымының жаңа белесі
Фото автордікі
3,370
оқылды

Қыркүйек айының ортасында біз Берлин қаласына жол тарттық. Бұл сапардың басты мақсаты – ICTMD (International Council for Traditional Music and Dance) халықаралық ұйымының 4-симпозиумына қатысу болды. Бұл жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен музыкатанушылар, ғалымдар және зерттеушілер жиналды. Әр ел өз мәдениетінің музыкалық дәстүрін таныстырып, ғылыми тұрғыдан талқылауға мүмкіндік алды. Осындай ортада қазақтың күй өнерін таныстыру біз үшін әрі үлкен жауапкершілік, әрі мақтаныш болды. Бұл маңызды шараға біз Қазақ ұлттық өнер университеті атынан қатыстық. Университетіміздің атынан өнерімізді, ғылыми ізденістерімізді халықаралық деңгейде таныстыру - үлкен мәртебе әрі жауапты міндет болды.

Біздің баяндама тақырыбымыз күйші әрі зерттеуші Базаралы Мүптекеевтің шығармашылығына арналды. Ол – қазақ күй өнерінің дамуына үлес қосқан ерекше тұлға. Баяндама ағылшын тілінде оқылып, оның ішінде ғылыми ойлармен қатар музыкалық мысалдар да келтірілді. Тыңдаушыларға қазақ домбырасының үнімен жақынырақ таныстыру үшін күй де шертіп бердік. Сонымен қатар, конференция бағдарламасына енген арнайы концертте қазақтың дәстүрлі күйлерін орындап, ұлттық мәдениетімізді халықаралық деңгейде, әлемнің беделді музыкатанушы ғалымдар алдында паш ету мүмкіндігі бұйырды. Бұл тек ғылыми пікір алмасу емес, қазақ өнерін танытудың да бір жолы деп қарадық.

Әуелі қала жайлы бірер сөз. Берлин – тарихы мен заманауи келбеті қатар өрілген ерекше қала. Еуропаның жүрегінде орналасқан бұл шаһарға аяқ басқан сәттен-ақ оның тынысы сезіледі. Қала көшелерінде бір сәтте көне дәуірдің салтанаты мен бүгінгі күннің қарқыны қатар көрінеді.

Алғашқы назар аудартқаны – ескі ғимараттардың сақталуы. Қаланың орталығында тұрған зәулім шіркеулер, классикалық стильдегі әкімшілік үйлер мен мұражайлар көздің жауын алады. Әрбір тасты ғимаратта тарихтың ізі жатқандай. Әсіресе, орталық шіркеу мен Бранденбург қақпасына дейінгі ұзын көше бойымен бірнеше мәрте жүріп өттік. Көше бойы орналасқан ғимараттар көздің жауын алады. 

Күнделікті тұрмысы да қызық көрінді. Қоғамдық көліктің жүйелі жұмыс істеуі, велосипедпен жүретін адамдардың көптігі, жасыл саябақтар мен тыныштықты сүйетін тұрғындар - бәрі де Берлиннің өзіндік мәдениетін көрсетеді. Туристердің тілі сан түрлі болғанымен, жергілікті жұрт негізінен неміс тілінде сөйлеп жүр. Түсі суық көрінгенімен, көмегін аямайды. Өзіміз ондаған рет немістен түрлі көмек сұрағанбыз, шамалары келгенше көмек қолын созды. 

Осы сапарда мен Берлинді тек конференция өткен орын ретінде ғана емес, мәдениеті бай, тынысы бөлек қала ретінде қабылдадық.

Берлиндегі симпозиум – нағыз ғылыми мереке іспетті болды. Жиынның тақырыбы әлемдік музыкалық тарихында, сонымен қатар жергілікті деңгейдегі өз орны бар тұлғаларға арналды. Әлемнің әр түкпірінен келген зерттеушілер өз елдерінің дәстүрін, зерттеу әдістерін, жаңа бағыттарын ортаға салды.

Біздің баяндамамыз тақырыбым қазақ күй өнеріне және оның көрнекті өкілі, күйші әрі зерттеуші Базаралы Мүптекеевтің шығармашылығына арналды. Баяндаманы ағылшын тілінде жасадық. Тыңдаушыларға қазақ домбырасының үнімен таныстыру үшін шағын күй орындап, дәстүрлі аспабымыздың ерекшелігін көрсеттік. Бұл сәт залдағы ғалымдардың ерекше қызығушылығын туғызды.

Конференция бағдарламасына арнайы концерт те енгізілген болатын. Сол кеште домбыра, қобыз, шертер жеке-жеке, әрі қосылып бірнеше күй орындап, қазақ мәдениетінің байлығын музыка арқылы паш етуге мүмкіндік алдық. Әртүрлі елден келген әріптестердің ықыласы мен жылы қабылдауы біз үшін үлкен шабыт болды.

Жалпы баяндамалар да бір-біріне ұқсамай, өте алуан түрлі болды. Бір зерттеуші көне дәуірдің музыкасына үңілсе, енді бірі қазіргі заман өнерпаздарын талдады. Кейбір баяндамалар тарихи деректерге негізделсе, кейбірі тек бүгінгі орындаушылардың тәжірибесін сипаттады. Әсіресе еуропалық ғалымдардың үстірт сипаттауға бейімділігі біздегі тереңдеп зерттеу дәстүрімен салыстырғанда қызықты контраст тудырды.

Бұл симпозиумның басты құндылығы - ғылыми ойлардың алуан түрлілігі мен мәдениеттер тоғысы болды.

Бұл сапардың ең үлкен жетістіктерінің бірі - жаңа таныстықтар мен кәсіби байланыстар орнату болды. Конференция аясында мен әртүрлі елдің ғалымдарымен пікір алмасып, болашақта бірлескен жұмыстарға негіз болатын қарым-қатынастар орнаттық. Атап айтқанда, Шанхай консерваториясының зерттеушілерімен әңгімелесіп, Орталық Азия мен Қытай арасындағы дәстүрлі музыка байланыстары туралы ой бөлістік. Сонымен қатар, Берлиндегі Гумбольдт университетінің дыбыс жазбалары мұрағаты өкілдерімен танысып, архив материалдарымен жұмыс істеудің жаңа мүмкіндіктерін талқыладық. Осы архив өкілдерінен Әміре Қашаубаевтың 1925 жылғы (Париж) және 1927 жылғы (Франкфурт) сапарының аудиожазбалары жайлы сұрағанымыз бар. Олар өз қор ішіндегі тізімнен де, басқа мұрағаттардан да іздеп көрді. Табылмады. Дегенмен жеке WhatsApp нөмірлерін беріп, кейінірек тағы жазып көруге, ішкі қордан іздеп көруге келісіп берді.

Сондай-ақ, Италиядан келген әріптеспен жеке танысып, ол өз өтініші бойынша менің жеке архивімдегі күйлерді жазып алды. Бұл қазақ музыкасына деген қызығушылықтың шетелдік ғалымдар арасында да жоғары екендігін көрсетті. Біздіңше, мұндай таныстықтар - тек кәсіби деңгейде ғана емес, мәдени тұрғыдан да үлкен маңызға ие. Әлемдік музыкатану ғылымында өз орнымызды айқындау үшін осындай байланыстардың алар орны ерекше екені айқын сезілді.

Sergio Bonanzinga есімді Палермо (Италия) университеті профессорының әлеуметтік желідегі жазбасынан скриншот 

Бұл сапар біз үшін тек ғылыми шараға қатысу емес, өз ойымды кеңейткен ерекше тәжірибе болды. Конференция барысында ең есте қалғаны - баяндамалардың алуандығы. Бір зерттеуші ғасырлар қойнауындағы музыкалық тарихты сөз етсе, енді бірі қазіргі арамызда жүрген өнерпазды талдады. Әр баяндаманың әдістемесі де әртүрлі: біреуі архивтік деректерге сүйенсе, біреуі тек үстірт сипаттаумен шектелді. Өз басымыз үшін қызықты болғаны – зерттеу мәдениетіндегі айырмашылықтар. Біздің ғылыми орта көбіне бір тақырыпты тереңдеп, жан-жақты талдауға бейім. Ал еуропалық ғалымдар көбінесе кең шолумен шектеліп, мәселені жан-жақты қамтуға ұмтылады. Бұл екі түрлі тәсілді салыстыру маған пайдалы ой салды.

Сонымен бірге, шетелдік әріптестердің қазақ музыкасына деген ықыласы қуантты. Домбыра үні, күйдің тарихы олардың қызығушылығын тудырып, талай сұрақтар қойылды. Бұл - біздің мәдениетіміздің әлемдік деңгейде таныла түсуіне айқын дәлел.

Берлин сапарында бізді ойландырған тағы бір жайт - әлемдік музыкатану ғылымының бағыты. Біз олардың қандай жолмен дамып жатқанын көрдік, өзіміздің деңгейімізді салыстырдық. Шынында, біздің үйренеріміз де, оларға береріміз де көп екен.

Берлин сапары біз үшін кәсіби тұрғыдан да, жеке әсер ретінде де көп нәрсе сыйлады. Конференция арқылы қазақ күй өнерін халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік алдық, ал жаңа таныстықтар болашақтағы ғылыми жұмыстарға жол ашты. Бұл сапар біз үшін бір жағынан тәжірибе алмасу, екінші жағынан өз мәдениетімізді таныту алаңы болды. Ең бастысы, әлемдік музыкатанудағы бағыттарды көру арқылы біз қай деңгейдеміз және қайда ұмтылуымыз керек екенін айқындап қайттық.