Биылдан бастап «Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету» жобасы аясында шаруаларға бұрынғыдан да зор мүмкіндік берілмек.
Құдық – Маңғыстаудың тіршілік өзегі
1,919
оқылды

Маңғыстау – табиғаты қатал, климаты құрғақ, жауын-шашыны сирек түсетін өңір. Шөлейт пен кең жазықта малға да, жанға да қажет көкорай шөп бітік шықпайды. Жерүсті өзендері де жоқ. Мұндағы тіршіліктің бар арқауы – жерасты суы. Сол себепті ауыл шаруашылығымен күнелткен жұрт үшін құдық – өмірдің өзегі, тіршіліктің тірегі. Соңғы жылдары бұл бағытта нақты қадамдар жасалып келеді. Әсіресе жайылымды суландыруға ерекше мән берілуде. Маңғыстау облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек,  2022 жылы 21 құдық қазылып, 119,7 млн теңге субсидия бөлінген. 2023 жылы тағы 22 құдыққа 129,3 млн теңге қаражат қаралып, 2024 жылы 1 құдық үшін 3,5 млн теңге бағытталған.  Осылайша үш жыл ішінде 47 құдыққа барлығы 238 млн теңге мемлекеттік қолдау көрсетіліп отыр.

Биылдан бастап «Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету» жобасы аясында шаруаларға бұрынғыдан да зор мүмкіндік берілмек. Егер бұған дейін құдық қазуға кеткен шығынның 50 пайызы өтелсе, енді бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін көтеріледі. Бұл – ауылдағы еңбек адамдарына үлкен демеу, құдық қазуға жаңа серпін болмақ.

Қазір облыс бойынша иесіз жатқан 546 құдық анықталып отыр. Соның 503-і аудан әкімдіктерінің теңгеріміне берілді. Бейнеу ауданында – 61, Қарақияда – 5, Маңғыстау ауданында – 430, Мұнайлыда – 2, Түпқарағанда – 5 құдық бар.

Қалған 43 құдықты заңдастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 6,9 млн теңге бөлу жоспарланып отыр.

Маңғыстау үшін құдық – жай ғана су көзі емес, бүкіл тіршіліктің өзегі, елдің де, малдың да жанына нәр беретін бірден-бір қазына. Қатал климат жағдайында жерасты суын игеру – бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да маңызды міндеті. Мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау ауыл шаруашылығымен айналысқан жандарға сенім беріп, алдағы күнге деген үмітін күшейтеді.