Алайда оларды байланыстыратын ғылым атты күш бар. Білім мен креативті сүйетіндер Астанада өткен PRO.NRG Fest 2025 ғылыми-көпшілік фестивалінде төртінші рет бас қосты.
Фестиваль бұрынғыдан да кең көлемде өтті, оған мұғалімдер, зерттеушілер, жас отбасылар, жалпы саны 6 000 адам қатысты. Іс-шараны Caravan of Knowledge корпоративтік қоры мен «Шеврон» компаниясы ұйымдастырған. Фестивальдің биылғы тақырыбы – Rooted in the Future. Қазақша аударғанда, «Тамыры тереңнің бұтағы биік» деген тәмсілді білдіреді. Тақырыптың өзегі – «Білім ағашы». Ағаш тамыры дәстүрді, діңгегі заманауи білімді, бұтағы болашақтағы жаңа технологиялар, әдіс-тәсілдерді бейнелейді.
– Форум немесе конференция емес, білім беру саласындағы барлық мүдделі тарапты – ата-ананы, балаларды, мұғалімдерді, министрлік, мемлекеттік органдарды да біріктіретін іс-шара ұйымдастырғымыз келді. Қазір фестиваль оқушылардың, ата-ананың неге қызығатынын білетін, ғалым-ұстаздардың жаңа амал-әдістерін ортаға салатын жаңа алаңға айналды, – дейді Caravan of Knowledge Корпоративтік қорының негізін қалаушы Зарина Биюмбаева.
Көпке түсінікті ғылым тілі
Фестиваль бағдарламасы «Білім берудегі AI», Art&Science, USTAZ, «Ғылыми-көпшілік бағыт» сынды негізгі төрт салаға негізделген, соған сай 30-дан аса баяндама, шеберлік дәрісі, ЖИ-практикумдар, ғылыми квестер және интерактив digital аймақтар ұйымдастырылған. Әркім өз қызығушылығына сай ғылыми жаңалықтарды біліп, таным көкжиегін кеңейтті.
Биылғы жиында отандық жас мамандар оқушылар мен қарапайым аудиторияға лайықтап, қызықты шеберлік сабақ өткізді. Сабақ соңында белсене қатысқандар, сұраққа дұрыс жауап берген оқушыларға арнайы сыйлықтар да болды. Іс-шараның басты бағыты – «Ғылыми-көпшілік бағыт» секциясы. Археология, экология және тарих ғылымының мамандары баяндаманың көпке ыңғайлы, тартымды, түсінікті түрде өтуіне күш салғанын аңғардық. Мысалы, Ұлттық гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері Әсел Баймұқанова Каспийдегі жалғыз теңіз сүтқоректісі – итбалықтардың тіршілігі, жойылу қаупі, олардың адамға не жеткізгісі келетінін бүлдіршіндерге түсіндіріп берді. Astana IT University Компьютерлік инженерия департаментінің сеньор-лекторы Зарина Кутпан «Ұшқышсыз ұшу аппараттары – Қазақстандағы білім берудің жаңа секторы» баяндамасын оқыды.

Caravan of Knowledge қорының басқарушы директоры Дарын Серікұлы бізге фестиваль барысындағы ғылыми жаңалықтар жөнінде әңгімелеп берді.
– Жылдан-жылға шетелдік спикерлер саны азайып, отандық мамандарымыз артып келеді. Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, биылғы фестивальға ЖИ бағытын арнайы қостық. Тағы бір жаңалық, мұғалімдерге қатысты шағын стендап бағдарлама қостық. Мұғалім өмірі жайлы ойнақы, шынайы әңгіме болды. Сонымен қатар маңызды бір жобаны қолға алдық. Ұстаздар мен оқушыларға арналған байқаулар өткізіп жатырмыз. Соның бірі – Science On Stage ұстаздар сайысы. Байқау екі жылда бір өтеді. Ұстаздар арасынан қызықты 30 жоба иесін Астанаға шақырдық. Соның жетеуі атымызды Еуропада танытпақ, – дейді Дарын мырза.
Өнер мен ғылым тоғысты
Фестивальдің өзгеше бағытының бірі – өнер мен ғылымның тоғысуы. Атыраудан келген жастар Нұрсұлтан Зиядаев пен Диана Умбеткалиева қатысушыларға «Ұлттық музыканың миға әсері» зерттеу жұмысының нәтижесін таныстырды. Бұдан бұрын ата-аналар мен балаларға өздері өңдеген «Япурай» әнін тыңдатады. Қатысушыларға әннің ұнағаны сонша халық әндеріне деген әуестігі оянғандай күйде қалды.
Нұрсұлтан Зиядаевтың сөзінше, Атырауда шығармашыл жастар жиналатын орта болмағандықтан, алдымен жастарды жинап, шығармашылық орталық құруды мақсат етеді. Кейін орталық жастары Шәмші әндерін, халық әндерін жаңғыртуды ойластырады. Осылайша, әр қазақтың жүрегіне естелік болып ұялаған әндерді тірілту үшін Estelik жобасы дүниеге келеді. Жастар жоба аясында әр маусым сайын 5 әнге жаңа тыныс сыйлайды. Жаңа аранжировка, танымал жас әртістердің орындауы, қоңыр дауысты жастар хоры «Әй-әй, бөпем», «Япурай», «Бипыл-ай», «Назқоңыр», «Арман-ай» сынды халық әндеріне ғажап бояу сыйлаған. Кейін өнерлі жастар бұл шығармашылық жұмыстың тыңдарман миына қалай әсер ететінін зерттеп көрмекке ұмтылады.
– Emotiv Epoc X дейтін адам миының белсенділігін өлшейтін, 14 элктродтан тұратын нейроқұрылғы бар. Химияда электролиз деген процес бар, яғни құрылғыға тұзды ерітінді жағу арқылы жұмыс істейміз. Бір адамды тексеру үшін кемінде 2 сағат уақыт кетеді. Идеяның дұрыстығына көз жеткізу үшін 19-35 жас аралығындағы 10 адамдық фокус-группамен бастадық. Зерттеуге қатысқан жастарға төрт түрлі жанрдағы – классикалық музыка, қазақ және ағылшын тіліндегі поп-музыка, халық әндерінің түпнұсқасы мен заманауи нұсқасын тыңдатып көрдік, – деп баяндады Estelik жобасындағы зерттеуші Д.Умбеткалиева.

Зерттеушінің байқауынша, тыңдаушылар классикалық және поп-әуенді тыңдағанда, мидың аса бір белсенділігі көрініс таппаған, бірақ халық әндерінің түпнұсқасы мен аранжировкасы арасында өзгешелік барын анықтаған. Жастар халық әндерінің жаңа нұсқасын тыңдағанда, мидағы қоздырушы фактор (40%) әлдеқайда көбірек болған. Қоздырушы фактор дегеніміз – концентрация, зейін, назар аудару, эмоционал және ғылыми инттелектің тоғысқан жері. Түпнұсқасындағы қоздырушы фактор не бәрі 10% болған. Алайда халық әндерін тыңдаған жастарда релаксация мөлшері (70%) жоғары болған, аранжировкасын тыңдағандарда 40% көрсеткен.
– Зерттеу нәтижесін бұған дейінгі теориялық біліммен де негіздей аламыз, себебі адамдар түпнұсқаны тыңдағанда, өткен шағы ойға оралып, ерекше естелік сезімі туады. Ал жаңа нұсқаны тыңдарманның сұранысына қарай лайықтап өзгерттік. Алда респонденттеріміздің санын жүзге, мыңға көбейтіп, шетел азаматтарына да сынап көрсек, әлі де тереңдей ізденсек деген мақсатымыз бар. Әр музыкалық аспаптың үні әр адамға қалай әсер ететінін де зерттегіміз келеді. Қазір қазақ халық музыкасы тек мәдениет емес, мидың және психоэмоционал денсаулықтың құралы бола алады деген қорытындыға келдік, – дейді Д.Умбеткалиева.
PRO.NRG Fest іс-шарасында алғаш рет ARTиШОК театры «Энергияның сақталу заңы» перформансын қойды. Алматы ашық әдеби мектебінің ұстаздары – Ксения Рогожникова «Жазу ісіндегі жасанды интеллект», Мерей Қосын «Интермәтін мен жастар әдебиеті» жөнінде шеберлік сабағын өткізді.
Фестиваль жыл сайын жалғаса бермек. Ал ғылыми жаңалыққа ұмтылғанның бәрі осы ортадан табылатынын ұмытпағайсыз.
Айсұлу СЪЕЗХАН