АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық деңгейдегі бірнеше алпауыт компания өкілдерін қабылдады. Алдымен Президент Cameco корпорациясының президенті Тим Гитцельмен жүздесті.
Алпауыт компания басшыларын қабылдады
2,593
оқылды

Кездесуде уран өндіру сала­сын­­дағы ынтымақтастық перс­пек­­тивасы талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Cameco «Қа­затомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрыннан келе жатқан сенімді серіктесі екенін атап өтті. Елімізде қызмет ете бас­тағаннан бері аталған ком­па­ния 500 млн доллардан астам ин­­вестиция құйған әрі техно­ло­гиялар трансфертіне ықпал ет­кен.

Осы тұста Қазақстан алдағы уа­қытта үш атом электр стан­са­сын салуды көздеп отырғаны ай­тылды. Еліміз атом саласында қол­данылатын инновациялық тә­сілдерге қызығушылық таны­та­ды. Өз кезегінде Тим Гитцель Пре­зидентке «Инкай» бірлескен кә­сіпорнының қазіргі қызметі мен жоспарлары жөнінде ақпа­рат берді. Бұл компания Түр­кі­стан облысында орналасқан кен ор­нын ширек ғасырдан бері иге­ріп келеді.

Бұдан кейін Мемлекет бас­шысы Goldman Sachs Global Institute компаниясының жаһан­дық мәселелер бойынша прези­денті Джаред Коэнмен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев аме­рикалық Goldman Sachs жетекші ин­вестициялық банкінің Қа­зақ­стан Ұлттық банкімен ұзақ мер­зімді серіктестік орнатқанын атап өтіп, ықпалдастық деңгейі­не жоғары баға берді.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан­ның жасанды интеллект, қар­жы экожүйесін цифрландыру салаларындағы ынты­мақ­тас­тық­қа қызығушылық таныта­ты­нын жеткізді. Ал Джаред Коэн Goldman Sachs Digital Asset Platform цифрлық қаржы тұғыр­намасы­ның тәжірибесіне тоқ­талды.

PepsiCo қоры директорлар кеңе­сінің төрағасы Стивен Кихо да Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. Кездесуде PepsiCo компаниясының Қазақ­стан­дағы инвестициялық жоба­сын жүзеге асыру барысы қарас­ты­рылды. Әлемге әйгілі бренд Ал­маты облысында снэктер шы­ғаратын зауыт құрылысына кіріс­ті. Инвестиция көлемі – 368 млн доллар.

Президент жобаны іске асыру­дан күтілетін эконо­ми­ка­лық пайдаға назар аударды. Ком­пания 900-ге тарта тұрақты жұ­мыс орнын ашудан бөлек, қы­тырлаққа арналған картопты жер­гілікті жерде өсіруге ниетті.

Стивен Кихоның айтуынша, қа­зір бағдарламаға Павлодар, Ақ­мола, Қарағанды, Алматы жә­­не Жетісу облыстарынан 15-ке жуық шаруашылық қосылған. Бұ­дан бөлек, шикізатты сақтау ба­засын кеңейтіп, картоп өнім­ді­лігі мен сапасын арттыру үшін ғы­лыми тәсілге жүгіну жоспар­ла­нып отыр.

Әрі қарай Мемлекет бас­шы­сы Cerberus Capital Management ком­паниясының бас атқарушы ди­ректоры Фрэнк Бруномен жүз­десті. Қасым-Жомарт Тоқаев ком­панияның инвестицияларды басқару саласындағы жаһандық көшбасшылығын жоғары ба­ға­лап, Транскаспий халық­аралық кө­лік бағытын дамыту аясын­да­ғы инфрақұрылымдық жобалар­ды қаржыландыру ниетін құп­та­ды.

Президенттің айтуынша, ком­панияның стратегиясы Қа­зақ­станның ұлттық эконо­ми­каны әртараптандыру жөніндегі басымдықтарына сай келеді. Еліміз көлік-логистика инфра­құры­лымын дамытуға инвес­ти­ция тарта отырып, бағыттардың өткізу мүмкіндігін кеңейтуге қар­қынды түрде кірісті.

Сондай-ақ Мемлекет бас­шы­сы Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасындағы тари­хи келісімге қол қойылуы Орта дә­ліздің маңызды сауда жол­да­ры­ның бірі ретіндегі маңызының ар­та түсуіне оң әсер ететінін атап өтті. Соңғы бес жылда Транс­­кас­пий халықаралық көлік дәлізі ар­қылы тасымалданған жүк кө­ле­мі алты есе артты.

Әрі қарай Қасым-Жомарт Тоқаев Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртті қабылдады. Мем­ле­кет басшысы корпорация елі­міздің экономикалық дамуы­на зор үлес қосқанын атады. Тәуел­сіздік жылдары Chevron Теңіз, Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарын игеруге атса­лы­сып, Қазақстанға 55 млрд дол­лар­ға жуық инвестиция құйды. Қа­зір әлемдегі ең ірі энер­ге­ти­калық компания өндіретін жал­пы өнімінің 25 пайызы Қазақ­стан­ға тиесілі.

Кездесуде келешекте Теңіз ке­нішінің аясын кеңейту жо­ба­сын іске асыру мәселелеріне, Қара­шығанақта газ өндіру мен қай­та өңдеу перспективасына, сон­дай-ақ әлемдік нарыққа кө­мірсутегін тасымалдау ісін да­мы­туға, соның ішінде Орта дәліз ар­­қылы жеткізуге баса мән беріл­ді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Educational Testing Service (ETS) ком­паниясының президенті жә­не бас атқарушы директоры Амит Севакты да қабылдады. Әң­гімелесу барысында Мем­ле­кет басшысы ETS компания­сы­ның білімді тестілеу мен бағалау са­ласында көш бастап келе жат­қа­нына ерекше назар аударды.

Президенттің айтуынша, Қа­зақстан компанияның білім беру жүйесіндегі тәжірибесін зер­делеу мен пайдалануға қы­зы­ғушылық танытып отыр. Өз ке­зегінде Амит Севак та Мем­ле­кет басшысына компанияның ха­лықаралық жұмыс жоспары ту­ралы мәлімет берді. Ұйым жы­лына әлемнің 180 еліне 50 мил­лион­нан аса тест әзірлейді әрі әкім­­шілендіреді, сондай-ақ ұлт­тық білім беру жүйесіне ар­нал­ған бейіндік шешімдерді ұсы­нады.

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Смитсон институтының бас­шылығымен кездесіп, орта­лық­тың халық шығармашылығы жә­н­е мәдени мұра арнайы жо­ба­лары жөніндегі директоры Хал­ле Батвинге қазақ мәде­ние­тін АҚШ-та белсенді түрде дә­ріп­теп жүргені үшін алғыс айт­ты.

Орталық жанынан құрылған Қазақстанның мәдени мұра қоры ұлттық мәдениетіміз бен өне­рімізді насихаттаумен, сон­дай-ақ қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрі және рухани өмірін зерттеуге арналған бірлескен ғы­лыми жобаларды ұйымдас­тыру­мен айналысады.

Мемлекет басшысы мәдени дип­ломатия Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қа­ты­нас­ты жаңа деңгейге көте­ре­ті­ні­не сенім білдірді. Институт әлем­­дегі ең ірі мәдени, білім беру және ғылы­ми-зерттеу кешендерінің бірі са­налады. Оның құрамына 21 му­зей мен галерея, 14 ғылыми жә­не білім беру орталығы, кі­тап­­ханалар мен ұлттық зообақ­тар кіреді. Ел Президенті әлемге әйгілі Big Tech компаниялардың өкіл­дерін қабылдады. Әуелі Мем­­лекет басшысы Amazon ком­­паниясының аға вице-пре­зи­­денті Дэвид Запольскимен кез­десу өткізді.

Тараптар цифрландыру, бай­ланыс және жасанды интеллект салаларындағы ынты­мақтас­тық­тың жай-жапсарын талқы­ла­ды. Президент Amazon ком­па­ниясының еліміздің Жасанды ин­теллект және цифрлық даму ми­нистрлігімен, сондай-ақ «Қа­зақ­телеком» компаниясымен бір­лескен жобаларды жүзеге асы­ру жоспарына қолдау біл­дірді.

Ынтымақтастық Қазақстан ау­ма­ғындағы жылдамдығы жо­ғары интернетті қамтамасыз ету және киберқауіпсіздікті нығайту секілді стратегиялық маңызды бағыттарды қамтиды. Amazon тек елімізге қатысты жобаларды жүзеге асырумен шектелмей, Қазақстанды спутниктік бай­ланыстың өңірлік хабын қалып­тастыруға болатын алаң ретінде қарас­тырып отыр.

Осы басқосу кезінде «Қазақ­телеком» және Amazon Kuiper компаниялары Kuiper спутник желісінің қызмет көрсетуіне қатысты дистрибьюторлық келісімге қол қойды. Соған сай Amazon Kuiper компаниясы Алматы, Ақкөл және Ақтау қаласында өзінің жердегі инфрақұрылымын жасақтауды көздейді. Бұл жобаға 200 млн долларға жуық инвестиция салу жоспарланған.

Бұдан кейін Мемлекет бас­шысы Meta компаниясының вице-президенті Янн Лекунды қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні зерттеу бөлімінің бас ғылыми жетекшісімен инновациялық технологияларды дамыту және қолдану жөнінде пікір алмасты.

Президент нейрожелілер саласындағы Янн Лекунның жаңашыл жетістіктерін жоғары бағалап, оның жасанды ин­теллектіні дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ Қазақ­­станның жаппай ци­фр­лан­дыруды және жасанды интеллектіні дамудың басты факторы ретінде кеңінен қо­дануды қарастырып, дербес ЖИ экожүйесі мен Қазақ тілінің үлкен тілдік моделін (KazLLM) жасақтауға күш салып жатқанын жеткізді. Бұған қоса, Meta Platforms Inc компаниясымен Қазақстанда ЖИ техно­логия­ларын дамыту бойынша бірлес­кен акселерациялық бағ­дар­ламаны іске қосу жөніндегі келісімге қол қойылуын құптап, технология алыбымен өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін рас­тады.

Blackstone компаниясының негізін қалаушылардың бірі және басқарма төрағасы Стивен Шварцман да Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында бол­ды. Президент Blackstone компания­сының инфра­құры­лым мен тех­нологияны дамы­туға арналған ауқымды инвес­тициялау стра­тегиясын сөз етіп, Қазақстан экономика­сын әртараптандыру, инно­вация мен орнықты даму сала­ларындағы ұлттық басым­дық­тарымен тығыз байланысты екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қазақ­станды толық цифрлық елге айналдыру жөнінде стра­тегия­лық міндет қойғанына егжей-тегжейлі тоқталды. Әңгімелесу барысында Қазақстанда дата орталық құрылысы жобасын бірлесіп іске асыру ұсынылды. Сондай-ақ еліміздегі қаржы технологиялары мен жылдам өркендеп келе жатқан компа­ния­лар арқылы активтерді бас­қару саласындағы ынтымақ­тастық әлеуетін қарастыруға назар аударылды.

Президент ExxonMobil корпорациясының басқарма төрағасы және бас атқарушы директоры Даррен Вудспен де кездесіп, ілтипат білдіре оты­рып, Қазақстанның мұнай-газ сала­сындағы негізгі серіктес­терінің біріне айналған ком­мерциялық ұйыммен ынтымақ­тас­тыққа жо­ғары баға берді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Даррен Вудс ком­панияның Теңіз және Қашаған кен орын­дарындағы перспек­тивасы жөнінде пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Embraer компаниясының пре­зиденті Франсиско Гомес Нето­мен кез­десті. Бразилиялық Embraer авиа құрылыс компаниясы жетек­шісімен кездесуде жүк та­сымалдау саласындағы ынты­мақ­тастық мәселелері талқы­ланды.

Президент еліміздің Еуразия кеңістігіндегі негізгі көлік-логис­тикалық хабқа айналуға ұмты­латынын жеткізді. Әңгіме­лесу барысында Қазақстанда «Embraer» ұшақтарына техника­лық қызмет көрсететін өңірлік сер­вистік орталық ашу перспек­тивасы қарастырылды. Фран­сиско Гомес Нето Қазақстан­ның көлік-транзиттік әлеуетіне жоғары баға беріп, өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.

Сitigroup компаниясының бас атқарушы директоры Джейн Фрейзер де Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. Кездесуде еліміздегі ауқымды жобаларды қаржыландыру мәсе­лелері талқыланды. Джейн Фрейзер Қазақстанмен арадағы серіктестікті банктер тобы қыз­метіндегі ең маңызды бағыт­тардың бірі ретінде қарас­тыратынын жеткізді.