Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды.
Еңбекпен шыңдалған өмір
2,555
оқылды

Бұл еліміздің дамуында маңдай терін төгіп, күн сайын еңбектің майданына араласып жүрген қарапайым жұмысшыға құрметтің белгісі. Өйткені нағыз еңбек адамы – елдің тірегі, қоғамның қозғаушы күші. Сол еңбек майталмандарының қатарында шымкенттік Мұхтар Мырхайдаров бар. Ол – Шымкент мұнай өңдеу зауытында 40 жылға жуық табан аудармай еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман.

1964 жылы Шымкент қа­ласы­нда дүниеге келген Мұх­тар Бахадүрұлы жасынан ең­бекке жақын болып өскен. Әке­сінің өнегесі мен анасының адалдығын бойына сіңірген ол 1982 жылдан бастап өндірістің ыстығына күйіп, суығына тоңды. 1985 жылы ҚазТИ-ге механик мамандығы бойынша оқуға түсіп, білімін жетілдіре жүріп, зауыттағы жұмысын да қатар атқарды. 1991 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, қолына көптен күткен дип­ломын алды. Оның кәсіби жолы – нағыз еңбек мектебі. Жай жұмысшыдан бастап, цех шебері, одан механик дәреже­сіне дейін көтерілді. Бүгінде «ПетроҚазақстан Ойл Про­дактс» ЖШС №1 технология­лық цехының механигі ретінде зауыттағы әрбір тетіктің тоқ­таусыз жұмыс істеуін қадаға­лап, өндірістің жүрегін соқты­рып жүр.

Мұхтар Бахадүрұлы үшін еңбек – тек қызмет емес, өмірі­нің мәні. Әрбір механизм­нің ақаусыз жұмыс істеуі, зауыт­тағы өндіріс процесінің іркіліс­сіз жүруі – оның күнде­лікті жауапкершілігі. Ол –  сенімді маман, әріптестері үшін тә­жірибе­лі ұстаз, жастарға үлгі. Маң­дай терімен келген еңбегі мемлекет тарапынан да елен­бей қалған жоқ, «Еңбек Даң­қы» ІІІ дәрежелі орденінің иегері атанған. Бұл марапат оның тек жеке жетістігі  емес, тұтас еңбек адамдарының қоғам­дағы орнының биіктігін білдіреді.

Өндірісте абыройлы маман болса, үйінде – асқар тау әке, сүйікті жар. Жан-жары екеуі төрт ұл-қыз тәрбиелеп, бүгінде немере сүйіп отырған бақытты әулет. Әкенің адал еңбегін ба­ға­лаған ұрпақтарының алғысы ерекше. Немерелері арнайы дайындаған «Ата – біздің ба­тыр» деген жазуы бар торт оның өмір бойғы маңдай те­ріне берілген шынайы мара­пат­тың дәл өзі еді.

Қазір елімізде түрлі сала­ның жұмысшыларына жағдай жасалып, олардың мәртебесін арт­тыруға айрықша көңіл бөлі­ну­де. Мұхтар Мырхайдаровтың өмір жолы – еңбек адамының қоғамдағы орнының қанша­лықты маңызды екенін көрсе­тетін айқын үлгі. Осындай қара­пайым, бірақ қаһарман ең­бегімен елге қызмет етіп   жү­рген азаматтарға қоғамның құр­меті ерекше. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы