Сенат Спикері, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев арнайы сессияға қатысушыларға ілтипат білдіріп, Альянс бүкіл адамзат үшін халықтар, мәдениеттер және діндер арасындағы диалогты жолға қоюда маңызды миссия атқарып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ұйым 20 жыл ішінде экстремизмнің алдын алуға, діни кемсітушілікке қарсы күреске және бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосқанына баса мән берілді.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан халқы түрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрін, төзімділік пен ашықтық қасиеттерін қабылдады. Сондықтан «бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты еліміздің негізгі ұстанымына айналды. Біздің жерімізде ғасырлар бойы әртүрлі діни ғибадатханалар мен рухани нысандар бейбіт жағдайда қызмет көрсетіп келгені тарихтан белгілі. Киелі орындардың барлығы біздің халықтарымыздың тарихында маңызды орын алады. Оның бәрі біздің баға жетпес рухани-мәдени мұрамыз. Сондықтан оларды сақтауға және қорғауға әрдайым баса мән береміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы өз сөзінде Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының 2023 жылғы Конфессияаралық диалог және өшпенділік тіліне қарсы іс-қимыл туралы қарарын, сондай-ақ БҰҰ-ның Діни нысандарды қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспарын қолдайтынын атап өтті.
БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос Қазақстанның жаһандық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы батыл қадамдарын жоғары бағалады. Сондай-ақ ол бұл бағыттағы бірлескен бастамаларды іске асыруға, қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Арнайы сессияда Мигель Анхель Моратиностың басшылығымен әзірленген БҰҰ-ның Діни нысандарды қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспары таныстырылды.
Сонымен қатар бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев бірқатар екіжақты кездесу өткізді. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен кездесуде негізгі бағыттар бойынша, атап айтқанда, дінаралық келісім мен өркениеттердің жаһандық диалогын нығайту жолындағы күш-жігерді үйлестіруге арналған өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды. Олар – білім беру, жастарды дамыту, көші-қон, әйелдердің рөлі және БАҚ-қа қатысты проблемаларды еңсеру бойынша бірлескен жұмыстар.
Ал Мәскеу және Бүкіл Русь Патриархы Кириллмен кездесуде ынтымақтастықтың болашағы, оның ішінде халықаралық шиеленіс жағдайында рухани дипломатияны дамыту және әлемдік деңгейде дінаралық диалогты одан әрі ілгерілету тетіктері әңгімеге арқау болды.
Сессия барысында сөз сөйлеген мәртебелі меймандар Қазақстанның түрлі діндер өкілдерінің толеранттылығын және бейбіт қатар өмір сүруін дәріптеу, сондай-ақ құндылықтардың дұрыс жүйесін қалыптастыру бағытындағы бастамаларына ризашылықтарын білдірді.
Съезд аясында «Бейбіт өмір – жастар таңдауы: болашақ жолындағы синергия» ұранымен Жас діни лидерлердің II форумы өтті. Оған жас діни көшбасшылармен қатар әлем бойынша іргелі жастар қозғалыстарының өкілдері, ғалымдар, белсенділер, орнықты даму, ақпараттық технология, мәдениет және коммуникация салаларының сарапшылары қатысты. Іс-шарада қазір өзекті проблемаларды шешу жолдары талқыланды.
Форумды ашқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев былтырғы I Форум жас буынның адамзатты алаңдатқан жаһандық түйткілдерді шешуге қатысуы қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетіп бергенін айтты.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қиын кезеңдерде біз қабырға емес, көпірлер салуымыз керек. Бұл – біздің халқымыздың саналы таңдауы. Қазір біз бұрын-соңды болмаған қайшылықтардың күрделі дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Осы орайда ХХІ ғасырдағы ең күрделі түйткілдерді еңсеруде сіздерге, яғни жас көшбасшыларға үлкен жауапкершілік жүктеледі», – деді Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналған VIII съезд аясында қатысушылармен екіжақты кездесулер өткізді.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қауіпсіздіктің берік жүйесін қалыптастыру мәселесіне әрдайым баса мән береді. Қазір әлем геосаяси шиеленістермен, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және климаттық қиындықтармен, сондай-ақ басқа да сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан жаһандық сын қатерлерді еңсеру үшін дін көшбасшыларының жасампаз рөлі айрықша мәнге ие және осы жолда күш біріктірудің маңызы зор», – деді съезд Хатшылығының басшысы.
Қасиетті Иерусалимнің және бүкіл Палестинаның, Арабияның, Сирияның аса қасиетті Патриархы III Феофилмен кездесуде съезд Хатшылығы мен Иерусалим Патриархаты арасындағы іс-қимылды арттыру мәселесі сөз болды.
Ал Бас Ашкенази раввині Кальман Бермен және Бас Сефард раввині Дэвид Йосефпен сұхбат кезінде Мәулен Әшімбаев Қазақстан олардың әлемде конфессияаралық және дінаралық диалогты дамытуға арналған съезге белсенді қатысуын жоғары бағалайтынын айтты.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Ватиканның Қасиетті тағының Дінаралық диалог бойынша дикастерия префектісі Кардинал Джордж Джейкоб Кувакадпен кездесіп, Рим Папасы Францисктің 2022 жылғы тарихи сапарына және оның ислам мен христиан әлемін жақындастыруға қосқан үлесіне ерекше тоқталды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне қатысушылар Бейбітшілік және келісім саябағын ашты. Салтанатты шараға VIII съезд делегаттарымен бірге Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев қатысты. Хатшылық басшысы мәртебелі меймандарға ілтипат білдіре келіп, Бейбітшілік және келісім саябағының негізін 2022 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысушылар қалағанын айтты.