Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің жабылуында сөз сөйледі.
Сындарлы диалог – нағыз даналықтың көрінісі
2,626
оқылды

Мемлекет басшысы бірнеше күн­нен бері елордада түрлі мәде­ниет пен өркениет өкілдері бас қо­сып жатқанын айтты.

– Меймандарымыздың діні мен ділі бөлек болса да, тілегі мен ние­ті бір екені сөзсіз. Съездің қо­ры­тынды Декларациясы – соның ай­қын дәлелі. Құжатта ортақ идея­лар мен ұсыныстар көрініс тап­­ты. Жалпы, форумның түпкі мә­ні де – осы. Біз құрмет пен сый­лас­­тыққа негізделген сындарлы диа­логтың куәсі болдық. Ең бас­ты­сы, дінбасылар ортақ мүдде жо­лында күш біріктіруге дайын еке­нін көрсетті, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­­­­туынша, шын мәнінде, сал­мақ­ты және сындарлы диалог – нағыз да­налықтың көрінісі.

– Сіздер бүкіл әлемге көреген­дік пен парасаттылықтың үлгісін көр­сетіп отырсыздар. Геосаяси тұ­рақсыздық белең алған күрделі кез­де мұның мән-маңызы айрық­ша. Форум бүгінде діндер мен мә­дениеттер арасындағы ық­пал­дастықты дамытудың, барша адам­заттың жарқын болашағы үшін ынтымақтастықты нығай­ту­дың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Пленарлық және сек­ция­лық отырыстарда, діни орындар мен нышандарды қорғау бойынша арнайы сессияларда, сарапшылар дөңгелек үстелінде және жас діни көш­басшылар форумында көп­те­ген құнды идея мен ұсыныс ай­тыл­ды. Сіздер деструктивті ағым­дар мен зорлық-зомбылықты қа­таң айыптап, қазіргі дағ­дарыс­тарды реттеу мүмкіндіктерін қа­рас­тырдыңыздар, әлеуметтік тең­сіздікті еңсеру мен инклюзивті қо­ғам құру жолдарын талқы­ла­дыңыздар. Экология, орнықты да­му, жаңа технологиялар мен жа­санды интеллектінің адам өмі­рі­не әсері мәселелеріне ерекше мән берілді. Съездің ашылуында сөй­леген сөзімде діни дип­ло­ма­тия­ның халықаралық аренадағы диа­лог пен сенімді нығайтуда маңыз­ды рөл атқаратынын айтқан едім. Сіздердің де бұл ұстаныммен келісетіндеріңіз қуантады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаһанда түбегейлі өз­герістер орын алып жатқан ке­зең­де дін көшбасшылары барша ха­лыққа адамгершілік қасиеттер мен гуманистік құндылықтардың шам­шырағы болуға тиіс деп са­найды.

– Екі күн ішінде сіздер съезд жұ­мысының басты бағыттары мен ке­лешек күн тәртібі туралы ортақ ұй­ғарымға келдіңіздер. Ол бір­лескен қорытынды Декларацияда көрініс табады. Барлық форум қа­тысушыларын, сондай-ақ Ізгі ниет елшілерін осы Деклара­ция­ның идеяларын белсенді на­си­хат­тауға шақырамын. Сіздердің кли­мат өзгерістерімен күрестегі дін бас­шыларының рөлі туралы құжат әзір­леу, сондай-ақ дін және гума­низм тұрғысынан жасанды интел­лектіні жауапкершілікпен пайда­ланудың жалпыға бірдей қа­­ғи­дат­тарын қалыптастыру ту­ра­лы съезд Хатшылығына берген ұсы­нымдарыңызды толық қол­дай­мын. БҰҰ Өркениеттер альян­сы­ның сессиясын айрықша атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан кейін Мемлекет бас­шысы тарихи ескерткіштерді, мә­дени әралуандықты және адам­заттың рухани мұрасын сақтау үшін діни нысандарды қорғау өте өзекті екенін жеткізді.

– Қазақстанда мұндай іс-шараларды өткізу Орталық Азия аймағында аталған мәселе үлкен маңызға ие екенін көрсетеді. Жас діни көшбасшылар форумы өс­келең ұрпақтың сабақтастықты сақ­тауға, диалог пен өзара тү­сі­ністік жолын жалғауға ұмтылаты­нын байқатты. Яғни, әлемнің к­елешегі бар деген сөз. Сарап­шы­лардың дөңгелек үстелі рухани дипломатияның әлеуетін кеңінен тү­сінуде ғылым мен діни ілім си­нергиясы маңызды екенін та­ныт­ты. Бұл бағытты халықаралық ын­тымақтастықтың құрамдас бө­лігі ретінде күшейту қажет деп са­­наймын. Съезде дін көш­бас­шы­ларының бейбіт қатар өмір сүруге ша­қырып, бейтарап, саяси реңк бер­мей, ортақ үн қату идеясы тал­қыланды. Осы арқылы жаңа, ана­ғұрлым орнықты әрі әділ әлемдік тәр­тіпті қалыптастыруға елеулі үлес қосуға болады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақ­стан барлық деңгейдегі дінаралық және мәдениетаралық диалогты толық қолдайтынын және съездің жаһандық пікірталас алаңы ретін­де ықпалын арттыруға тырысаты­нын атап өтті.

– Біз съезд Хатшылығының БҰҰ институттарымен және басқа да құрылымдармен серіктестік же­лісін кеңейтуді жалғастырамыз. Съезд идеяларын ілгерілету үшін бірқатар іс-шара ұйымдас­тыры­лады. Оған халықаралық серік­тес­теріміз, жастар, сарапшылар, во­лон­терлік ұйымдар қатысады. Бей­бітшілік – ең басты байлы­ғы­мыз. Бұл – барша елдерге, халық­тар мен діндерге ортақ аса маңыз­ды құндылық. Шын мәнінде, татулық пен тұрақтылық баянды бо­лашақтың мызғымас кепілі са­алады. Сіздер осы жолда аянбай ең­бек етіп жүрсіздер. Бүгінгі бас­қосуды соның жарқын көрінісі бол­ды деуге болады. Бір сөзбен айт­қанда, съезд табысты өтті. Бар­шаңызға зор алғысымды айта­мын. Игі мақсат жолындағы ын­ты­мағымыз одан әрі нығая береді деп ойлаймын, – деді Президент.