Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі қарсаңында бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында съезд Хатшылығының XXIII отырысы өтті. Онда ортақ миссияға табан тіреген түрлі дін өкілі алдағы VIII съезге және Форумның Ізгі ниет елшілерін сайлауға қатысты мәселелерді талқылады.
Әлемдік татулықтың алтын көпірі
3,755
оқылды

Қазақстан Республикасы Парла­менті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев отырысқа қатысушыларға ілтипат білдіріп, съезд 20 жылдан астам уақыт бойы жаһандық дінаралық диалогты нығайтуға, маңызды әлемдік проблемаларды шешуге рухани дипломатияны жұмылдыруға, сондай-ақ толеранттылық пен өзара қолдау идеяларын дәріптеуге ықпал етіп келе жатқанын айтты. Сенат Төрағасы атап өткендей, съездің бейбітшілікті сақтауға және келісім, өзара құрмет, ынтымақ­тастық мәдениетін нығайтуға бағыт­талған тың бастамалар мен ұсыныстар айтылатын бірегей диалог алаңына айналуы – барлық қатысушының ортақ жұмысының нәтижесі.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі осы жылдар ішінде өркениетаралық диалогтың маңызды жаһандық фор­маттарының біріне айналғанын атап өтті. Біздің бүгінгі кездесуіміз халық­аралық қатынастар жүйесі өзгерістерге ұшырап, жаңа сын-қатерлер пайда болған және бұрынғылары шиеленісе түскен күрделі кезеңде өтіп отыр. Гуманитарлық дағдарыстардың ушығуы және мәдени мұралардың қирауы да бәрімізді алаңдатады. Халықаралық қауіпсіздік тетіктері дәрменсіздік танытып, протекционизм мен біржақты әрекеттер артуда. Мұндай жағдайда сындарлы және жасампаз күштердің бірлесіп әрекет етуі аса маңызды. Әлемдік діндер көшбасшыларының жұдырықтай жұмылуы жаһандық проблемаларды шешуге, әлемдегі шиеленістерді азайтуға және диалог пен өзара құрмет мәдениетін дәріптеуге ықпал ететінін көріп отырмыз. Бұл ретте орта державалардың күш-жігері мен дін көшбасшыларының моральдық беделінің синергиясы зор мәнге ие. Сондықтан бүгінгі отырысымыз жаңа халықаралық бітімгершілік және гуманитарлық бастамаларға тың серпін беріп, мазмұнды әрі жемісті өтеді деп сенеміз», – деді съезд Хатшылығының басшысы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев VIII съездің күн тәртібіне назар аударып, дінаралық диалогты жолға қою үздіксіз, жүйелі және жоспарлы жұмысты қажет ететінін тілге тиек етті. Бұл ретте тың идеялар мен ұсыныстар және оларды бірлескен жобалар, оның ішінде съезд аясынан тыс бастамалар арқылы да іске асыру айрықша мәнге ие.

«VIII съезд «Діндер диалогы: бола­шақ жолындағы синергия» тақырыбына арналып отыр. Осы орайда синергия тек ынтымақтастық емес, ол күш-жігерді арттыру екенін айрықша атап өткім келеді. Ал дінаралық диалог – энергия, ашықтық және өзара құрметті қажет ететін тұрақты процесс. Біздің бірлескен жұмысымыз халықаралық жобаларда өзінің логикалық жалғасын табуға тиіс. VII съезден кейін Иеруса­лимде, Ва­тиканда, Меккеде және Сингапурда бірлескен іс-шаралар өткізілді. Біз осы тәжірибені одан әрі жалғастыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдде­ліміз», – деп, Мәулен Әшімбаев БҰҰ Өркениеттер альянсымен бірлесіп өткізетін Діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессия, Жас діни лидерлердің ІІ форумы, сарап­тамалық дөңгелек үстел және секциялық оты­рыстар аясында талқыланатын тақырыптарға да тоқталып өтті.

Хатшылық отырысында съездің Ізгі ниет елшілері де сайланды. Жұмыс тобының мүшелері кандидатураларды алдын ала талқылап, отырыстың күн тәртібіне енгізген болатын. Олардың қатарында әртүрлі діндердің белсенді өкілдері, сондай-ақ бірнеше жылдар бойы съезд Хатшылығымен тығыз ынтымақтастық орнатқан түрлі саланың көрнекті қайраткерлері бар.

Кездесуге қатысушылар Ізгі ниет елшілері институты қазір съездің идеялары мен құндылықтарын дәріптеу жолындағы тиімді тетіктердің бірі екенін айтты. Сондай-ақ дін көшбас­шылары жаһандық сын-қатерлерді еңсеруде рухани дипломатия мен саясаттың күш-жігерін біріктіру және геосаяси қақтығыстар мен өзге де қайшылықтарды бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесу үшін қазақстандық Фо­румның маңызы зор екенін атап өтті. Одан бөлек, спикерлер съезд алаңында қозғалатын тақырыптардың өзектілігі мен ауқымдылығына мән беріп, діндер мен мәдениеттер арасындағы бейбіт­шілікті сақтау және әділетсіздік пен соғысты насихаттаудың алдын алу үшін ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.

Іс-шараның нәтижесінде съезд Хатшылығының XXIII отырысының хаттамасы қабылданып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі декларациясының ережелері талқыланды. Бейбітшілік пен өзара түсіністік жолындағы ортақ мақсаттың символына айналған қорытынды құжат «Астана бейбітшілік декларациясы 2025» деп аталды.

Мәулен Әшімбаев Хатшылықтың отырысынан кейін Қытай даосистер қауымдастығының төрағасы Ли Гуан­фумен екіжақты кездесу өткізді. Онда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының съезі аясында ынтымақ­тастықты одан әрі кеңейтудің басым­дықтары белгіленді. Сондай-ақ тараптар жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша Қазақстан мен Қытайдың ұстанымдары сәйкес келетініне назар аударып, бұл барлық бағытта Қазақстан-Қытай ынтымақ­тастығын әрі қарай нығайту үшін ма­ңызды артықшылық екенін атап өтті.

Кавказ мұсылмандары басқарма­сының төрағасы Шейх-ул Ислам Аллашүкір Пашазадемен кездесуде съезд Хатшылығының басшысы аталған басқарма Форумға ұзақ жылдар бойы қолдау білдіріп, оның мақсаттарына жетуге елеулі үлес қосып келе жатқанын айтты және сол үшін алғыс айтты. Сұхбат кезінде қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігін дамытып, нығайтуда екі елдің Мемлекет басшы­лары арасындағы сенімді және достық қарым-қатынас үлкен рөл атқарып отырғаны сөз болды.

Бұдан басқа, Мәулен Әшімбаев Somaiya Vidyavihar университетінің канцлері және индуизм делегациясының басшысы Самир Шантилал Сомайямен кездесті. Екіжақты кездесуде дінаралық және конфессияаралық диалогты одан әрі ілгерілету, орнықты даму, инклюзивті өсу, сондай-ақ өңірлік байланыс мәселелері талқыланды.