Міне, сондай демалыс орны саналатын «Үшбұлақ-2» жағалауы осыдан үш жыл бұрын ел игілігіне қызмет ете бастаған болатын. Алайда уақыт өте жағалау суы балдырға толып, қолқаны қабатын иіс те шыға бастаған. Осы мәселені жергілікті билік түбегейлі шешу мақсатында тың жобаға жан үрлеп отыр.
Жобаның негізгі бағыты – су айдынына мыңнан астам ақ амурдың жіберілуі. Жоба «Алтын бұлақ» балық шаруашылығы мен «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің бірлесуімен жүзеге асуда. Мақсаты – каналдың экожүйесін сақтау, судың сапасын арттыру және табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру.
«Жасыл Ел-Тараз» мекемесі директорының орынбасары Айдын Бейсековтің айтуынша, ақ амур балдырларды азық ететін, су айдындарын табиғи түрде тазартатын ерекше балық екен. Сондықтан оны «су қоймасының нағыз санитары» деп атайды.
– Ақ амурдың көбеюі судың сапасын арттырып қана қоймай, басқа да балық түрлерінің өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасайды. Балдырдан арылған су мөлдір әрі таза күйінде сақталып, табиғи тепе-теңдік орнығады. Бұл – тек табиғатты қорғау шарасы емес, тұрғындардың жағалау маңында демалуға қолайлы жағдай туғызуға қосылған үлес, – дейді Айдын Жарқынбекұлы.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, ақ амурдың бір ғана басы жылына 30-40 келі балдыр жеп, су экожүйесінің тазалығын қамтамасыз етеді. Сондықтан мыңнан аса балықтың жіберілуі жағалаудың болашағын қорғаудың маңызды қадамы болып отыр.
Дегенмен жергілікті билік пен табиғат жанашырларын алаңдататын мәселе – балықты заңсыз аулаушылардың көбеюі. Сондықтан су айдынына жіберілген балықтарды қорғай отырып, жағалауды таза ұстау – әрбір тұрғынның борышы. Тек осылай «Үшбұлақ» табиғатының әсем келбеті ұзақ жылдар бойы сақталып, қала тұрғындары мен қонақтарына демалыс пен тынығудың керемет орны бола береді.

Қазір «Үшбұлақ-2» жағалауы тек демалыс орны емес, әрбір тұрғын үшін табиғатты қорғаудың символына айналды дейтіндер көп.
– «Үшбұлақ» жағалауына балықтар жіберді дегенді естігенде таңғалдым. Қала ішіндегі жасанды су айдындарына балық жіберіпті дегенді бұрын құлағым шалмапты. Оған қоса, билік өкілдері бағалы ақ амур балығы деп отыр. Ол балықтың балдыр жеп, су айдынын тазартатындығы да қызықтыруда.
Жасыратыны жоқ, «Үшбұлақ» жағалауы алғаш ашылғанда бір уақыт тыныстап, демалуға таптырмайтын орын болатын. Кейін суы балдырға толып, жағымсыз иіс те шыға бастады. Содан халық онда баруды қойған. Енді міне, билік осы мәселені қолға алғанын естіп, қатты қуанып отырмын, – дейді қала тұрғыны Әсел Қойшыбаева.
«Үшбұлақ-2» жағалауынының айналасында қазір кәсіпкерлік нысандар да көптеп бой көтеруде. Бұл демалыс орнының болашағын баянды ететіндігі сөзсіз.
– «Жеңіс» саябағы маңындағы жағалауда катамаран сынды тынығуға арналған көптеген дүние бар. Ал «Ұшбұлақта» өлі тыныштық. Халықты тартатын, қызығатын дүние жоқ. Оған басты себеп – су айдынына күтімнің болмай кеткені болатын. Енді міне, суға ақ амур балықтары жіберіліп, тазартыла бастағанын естіп қуанудамыз. Егер су айдыны мөлдір таза болса, оған қоса табанында ақ амур балықтары жүзіп жүрсе, бұл жағалауға ағылған халықтың да, өз ісімді дөңгелетсем деген кәсіпкерлердің де саны артатынына сенімім мол, – дейді жеке кәсіпкер Самат Тілеужан.
Жалпы, ақ амур балығының су айдынын балдырдан толықтай тазартып шығуы үшін үш жыл уақыт керек екен. Алайда жергілікті билік суға көп балық жіберілгендіктен, бұл іс жылдамырақ жүретіндігіне сенімді.
Не де болса, Таразда жанданған тың жобаға жұртшылық дән риза. Жыл басында жергілікті билік қаладағы арық жүйелерінің бәрін ауыстырып, аулаға толықтай су кіргізуді жоспарлаған болатын. Бұл бастаманың артында шаһарды толықтай жасыл желекті қалаға айналдыру мақсаты тұрған. Алайда бетондалған арық жүйелері жүргізілгенімен, оған су келмей қаңсып қалды. «Үшбұлақ» жағалауындағы жоба осы арық жүйелерінің кебін кимейді деп сенеміз.
С.САТЫЛҒАН