Қоғамның тұрақтылығы мен елдің іргесінің мызғымас бе­ріктігі, ең алдымен, заңның үстемдігіне тікелей байланыс­ты екені даусыз.
Заң мен тәртіп – жарқын болашақ кепілі
2,753
оқылды

Әділет салтанат құрған жерде ғана сенім бекиді, ал сенімі мықты елдің ертеңі де жарқын болмақ. Сондықтан жас ұрпақтың құқықтық сауатын көтеру, олардың бойына заңға құрмет сезімін сіңіру – бүгінгі күннің басты міндетінің біріне айналып отыр. Жастардың заң қағидаларының мән-мағынасын терең түсінуі әрі іс жүзінде орындалуына атсалысуы қоғамның да демократиялық бағытта алға жылжуына тың серпін бермек. Бұл орайда Ақмола облысында жүйелі жұмыс жүріліп келе жатқанын атап өткен жөн... 

Аталған мақсатта Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы жанындағы Жастар-ресурстық орталығы мекемесінің ұйымдастыруымен Көкшетау қаласындағы Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінде «Заң және тәртіп» тақырыбында студенттермен тағылымды кездесу ұйымдастырылған еді. Шара барысында жастарға бірінші кезекте қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығын қамтамасыз етуде заңның алатын орны мен маңызы жөнінде тереңірек танысуына мүмкіндік болды. Құқық қорғау органдары өз салаларындағы заң қағидалары жөнінде тағылымы мол мәліметтер ұсынды. 

Қоғамдық маңызы зор басқосу

Жиынға колледж директоры Серікхан Тұраров, Ақмола облысы ЖРО «Жастарға қызмет көрсету орталығы» бөлімінің басшысы Мақпал Жанарысова, Көкшетау қалалық полиция басқармасының қылмыстық полиция бөлімінің аға оперативті уәкілетті қызметкері, полиция аға лейтенанты Тимур Бажиров, ювеналды полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Мирас Шәкімжанов, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы, полиция майоры Данияр Айдарханов және өзге де сала мамандары, сондай-ақ студент жастар қатысып өз ойын ортаға салды.

Шара барысында спикерлер жастарға құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызын, заң талаптарын сақтамаудың салдарын кеңінен түсіндірді. Әсіресе, жастардың бойындағы жауапкершілікті арттыру, жаман әдеттерден бойды аулақ салу, интернет қауіптерінен сақтану, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау тақырыбы кеңінен талқыға түсті.

Жастар алдындағы жауапкершілік

Кездесуде сөз алған ювеналды полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Мирас Шәкімжанов студенттерге бір сәтке ой саларлық пікір білдіріп, жастардың да шараға белсене араласып отыруына ықпал етті.

– Сіздермен өміріңіз және болашағыңызға тікелей қатысты мәселелер туралы сөйлескім келеді. Ювеналды полиция кәмелетке толмағандардың құқы­ғын қорғаумен, құқықбұзушылықтың алдын алумен және жастарға қауіпсіз орта құрумен айналысады. Біздің басты мақсатымыз – сіздерге дұрыс таңдау жасауға көмектесу, тағдырға әсер етуі мүмкін қателікке жол бермеу. Сондықтан бұл маңызды шара барысында өзіңізді толғандырған оймен бөлісіп, пікіріңізді айтқаныңыз жөн болмақ, – деп атап өтті ювеналды полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Мирас Шәкімжанов. 

Оның айтуынша, жастарды алаңдататын проблемалар негізінен төрт бағытта өрбиді. Біріншісі әрі аса көп таралғаны – құқықбұзушылық пен әкімшілік жауапкершілік. Ювеналды полиция өкілінің мәліметінше, көптеген жасөспірім ұсақ бұзақылық немесе қоғамдық тәртіпті бұзу салдары жеңіл болады деп қатты қателесіп жатады. Алайда заң бәріне ортақ. 

– Мәселен, Әкімшілік кодексінің 434-бабында «ұсақ бұзақылық» үшін 20 АЕК, яғни 78 640 теңге көлемінде айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған. Ал 434-2-бабы бойынша «қоғамдық орындарды ластау» бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 39 320 теңге айыппұл салу міндеттеледі. Сондай-ақ 127-бапта «балаларды тәрбиелеу жөніндегі ата-аналық міндеттерін орындамау» үшін дәл осындай айыппұл көзделген, – дейді Мирас Шәкімжанов.

Құқық қорғау органдарының аса қатты назарында болатын өткір мәселенің бірі – алкоголь, темекі, есірткі өнімдерінің еш кедергісіз таралуы жастардың денсаулығын ғана емес, болашағын да құртып барады. Тіпті, заңның қатаңдатылуынан қазір есірткі заттарын сақтау мен тарату үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Дегенмен жыл сайын жастарды интернет арқылы есірткі бизнесіне тарту жағдайы жиі тіркеліп отыр. Мұнымен қоса, ғаламтордың жасырын қаупі де көбейіп барады. 

– Иә, қазір әрбір смартфон иесі ин­тернет кеңістігіне еркін кіре алады. Бірақ агрессивті пікірлер, кибербуллинг, құмар ойындар, деструктивті топтарға қатысу – бәрі жастардың тағдырына теріс әсер етеді. «Интернеттегі із қалды» деген ұғымды әр жас есте ұстауы керек, себебі жарияланған әрбір ақпарат оның болашақ беделіне де елеулі ықпалын тигізеді, – дейді Көкшетау қаласы Полиция басқармасы, қылмыстық полиция бөлімінің аға оперативті уәкілетті қызметкері, полиция аға лейтенанты Тимур Бажиров.

Жол қателікті кешірмейді

Заңға сәйкес қазір Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің  615-бабы бо­йынша жол ережесін бұзғаны үшін 2 айлық есептік көрсеткіш, яғни 7 864 теңге көлемінде айыппұл салынады. Бір қарағанда аз болып көрінетін мұндай құқықбұзушылық, шын мәнінде, адам өміріне тікелей қауіп төндіретіні сөзсіз. Статистикаға жүгінсек, жол-көлік оқиғасына көбіне жаяу жүргіншілер, мопед пен скутер жүргізушілері тап болатыны айқын көрінеді. Жол ережелерінің қарапайым қағидасының сақталмауының ғана салдарынан ондаған, тіпті жүздеген адамның өмірі кенеттен қиылып, денсаулығына зақым келеді. 

Жастарға арнаған аманат

Тәртіп сақшылары жастардың бірінші кезекте заң қағидаларын сақтауы үшін жауапкершілік жүгін барынша сезінуі қажет екенін алға тартты. 

– Заң сіздің құқығыңызды қорғайды, сонымен бірге сіздерден аса зор жауапкершілікті де талап етеді. Білім – болашақ мамандықтың негізі, ал уақыт пен денсаулық – өмірлік капитал. Әлеуметтік ортамен де абай болғаныңыз жөн. Өйт­кені сізді жетістікке жетелейтін орта іздеуіңіз қажет. Егер қиындық туындаса, жалғыз қалмаңыз, көмекке дайын ұстаздар, психологтер, полиция инспекторлары мен қоғамдық ұйымдар бар», – деп түйіндеді Мирас Шәкімжанов.

Шара соңында колледж директоры Серікхан Тұраров студенттерге кездесуден түйген ойды достарымен, жақындарымен бөлісу қажетін ескертіп, шараға атсалысқан мамандарға ақжарма алғысын білдірді.

P.S.                                             

«Заң және тәртіп» тақырыбындағы мұндай жиындар жас буынның құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың бойына әділдік пен жауапкершілік сезімін орнықтырады. Бұл – мемлекетіміздің келешек кепілі екені сөзсіз. Өйткені жастар – елдің ертеңгі айнасы. Заңға құрмет – қоғамға сенім, ал сенімі мықты қоғам – тәуелсіздіктің берік тірегі болмақ. Ендеше ел ертеңінің еңсесін биіктететін жастардың әр қадамы заң аясында, әділет жолында болса дейміз...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы