Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары негізінде жалғасын тауып келе жатқан маңызды іс. Шымкент қаласында жыл басынан бері 228 отбасыдан тұратын 482 этникалық қазаққа «қандас» мәртебесі берілді.
Сондай-ақ 6 айға мәртебесін ұзартқан 17 отбасының 18 адамы бар. Осылайша, биылғы есеп бойынша қандастардың жалпы саны 500 адамға жетіп отыр. Олардың ішінде 223-і ер азамат, 259-ы әйелдер болса, 192 бала – 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Еңбекке қабілетті жастағы қандастар саны 243 адамға жеткен. Бұл – ел экономикасына үлес қосуға әлеуетті үлкен күш. Бұл туралы Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева атап өтті.
Қандастардың білім деңгейіне назар аударар болсақ, олардың 62-сі жоғары білімді, 76-сы орта арнаулы, 99-ы жалпы орта білімді, ал 2 адам білімі жоқ. Бұл көрсеткіш Шымкентке қоныс аударған этникалық қазақтардың арасында білімді мамандардың жеткілікті екенін көрсетеді. Көшіп келгендердің басым бөлігі – Өзбекстан Республикасынан. Атап айтқанда, 473 қандас көрші елден қоныс аударса, Қытайдан – 7 адам, Ресейден – 1 адам, Қырғызстаннан 1 адам келген. Олар негізінен құрылыс саласында, сауда-саттықта және түрлі жалдамалы жұмыстарда еңбек етуде.
«Қандастардың тұрмысқа бейімделуі мен қоғамға ықпалдасуын жүйелі жүргізу мақсатында жаңаша құрылым жасалған. Бұрынғы «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» КММ мен «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ біріктіріліп, бүгінде «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және қандастарды бейімдеу орталығы» болып қайта құрылды. Бұл қадам қызметтің сапасын арттырып, қандастарға көрсетілетін көмектің тиімділігін күшейтті», – дейді басқарма басшысы.
Шымкент қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильдігі орталығына» осы уақытқа дейін 30 қандас жүгінген. Оның ішінде 16 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Нақтырақ айтқанда, 10 адам бос жұмыс орындарына жолдама алса, 1 жас маман Жастар практикасына жолданған. 1-еуі ақылы қоғамдық жұмысқа орналасып, 4 қандас «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып шыққан. Бұл көрсеткіш – жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, қоғамға белсенді кірігіп жатқан қандастардың айқын дәлелі.
Елімізге тек қандастар ғана емес, білікті шетел мамандары да келіп еңбек етуде. 2025 жылға Шымкент қаласына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 502 бірлік квота бөлген. Оның ішінде: 1-санатқа – 34, 2-санатқа –175, 3-санатқа – 266 адам және 4-санатқа – 27 адам. Қазір 17 кәсіпорын мен ұйымдарда 126 шетелдік маман еңбек етуде. Олардың үлесі – небәрі 2,9 пайыз, ал қазақстандықтардың үлесі 97,1 пайызды құрайды. Бұл – еңбек нарығында жергілікті азаматтарға басымдық беріліп отырғанының айқын көрінісі.
Айта кету керек, шетелден тартылған мамандардың 91,2 пайызы – жоғары білікті мамандар. Ал рұқсат беру және ұзарту алымдарынан жергілікті бюджетке 35,2 млн теңге қаржы түскен. Жалпы, Шымкент қаласында көші-қон саясаты жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қандастарға жасалған қамқорлық олардың әлеуметтік бейімделуін жеңілдетіп, еңбекке араласуына мүмкіндік беруде. Ал шетелдік жұмыс күшін тартудағы басты мақсат – жергілікті мамандардың тәжірибесін жетілдіру, еңбек нарығын толықтыру. Бастысы мемлекет саясаты қандастарға қамқор болып, өз жерінде жаңа өмір бастауына жағдай жасап отыр. Бұл қадам – тарихи әділеттіліктің салтанат құруы әрі ел бірлігінің, ұлттық мүдденің айқын көрінісі.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы