Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланмен кездесті. Онда тараптар парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және екі ел арасындағы серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады.
Құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынас
6,749
оқылды

Мәулен Әшімбаев Моңғолия Қазақстанның өңірдегі сенімді және маңызды серіктесі екенін айтып, елдерімізді тереңнен тамыр тартатын ортақ дәстүрлер мен мәдени-тарихи мұра байланыс­тыратынын атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Моңғолия арасын­дағы ынтымақтастық мемлекет басшыларының ерік-жігерінің арқасында өзара құрмет пен сенім рухында дамып келе жатқанына назар аударды.

Сұхбат кезінде қалыптасқан қарым-қатынасты арттыру жолын­да парламентаралық диалогті ны­ғайтудың маңызы және осы бағыт­тағы міндеттер кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, «Қазақстан-Моң­ғолия» парламенттік достық тобы аясында салалық комитеттердің ынтымақтастығын кеңейту мәселе­сіне баса мән берілді.

«Екі елдің Мемлекет басшылары арасындағы құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынас Қазақ­стан мен Моңғолия ынтымақтас­тығын одан әрі нығайтуға үлкен ықпалын тигізіп келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапары ба­рысында Стратегиялық әріптестік орнату туралы бірлескен дек­ларация­ға, сондай-ақ маңызды үкі­метаралық және ведомство­аралық құжаттарға қол қойылды. Осы орайда біз жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ықпал ету, парламентаралық байланыстарды нығайту және заң шығару қызметінде тәжірибе алмасу үшін Моңғолияның Ұлы Мемле­кеттік Хуралымен ынтымақ­тас­тықты одан әрі тереңдетуге мүд­деліміз», – дей келе, Мәулен Әшімбаев Моңғолия делегациясын Ұлы Мемлекеттік Хуралдың 35 жылдық мерейлі белесімен құт­тықтады.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының бастамасы­мен елімізде жүргізіліп жатқан сая­си және экономикалық рефор­маларға, сондай-ақ Палатаның оларды заңнамалық тұрғыда қам­тамасыз ету бағытындағы қызметіне тоқталып өтті.

Мәулен Әшімбаев рухани дип­ло­матияны дамытудың маңызына да назар аударды. Ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсат-мүдделерін белсенді қолдап, оған елеулі үлес қосқаны үшін Моңғолияның рухани көшбас­шыларына ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде Дашзэгвийн Амар­баясгалан Қазақстанда жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси жаңғыру­ларға жоғары баға беріп, парла­ментаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және екіжақты қарым-қатынастың шарттық-құқықтық базасын кеңейтуге мүдделі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол Қазақстанның жаһандық сын-қатерлерді еңсеру үшін рухани дипломатияны ілгерілету бағы­тында қолға алған қадамдары ерекше мәнге ие екенін айтты.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвес­тициялық ынтымақтастықты арт­тыру мәселесіне де көңіл бөлді. Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, ауыл шаруашылығы, тау-кен металлургия кешені, заманауи технологиялар, ғарышты игеру және басқа да салалардағы бір­лескен жобаларды іске асыру тетіктері талқыланды. Одан бөлек, сұхбат кезінде халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мә­селелер әңгімеге арқау болды.