Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Үтебаева жаңа әлеуметтік бағалау тетігі жайында кеңінен мәлімет берді.
Отбасын бағалайтын жүйе
3,776
оқылды

Мемлекет әлеуметтік қолдауды ең әуелі мұқтаж жандарға дер кезінде жеткізу үшін отбасылардың тұрмыс деңгейін әділ анықтайтын скорингтік модельді енгізіп отыр. Бұл жүйе бұрынғыдай тек табыс көлеміне ғана сүйенбейді, отбасының мүліктік жағдайын, әлеуметтік мәртебесін, еңбекке қабілетті азаматтардың үлесін және тәуелді жүктемесін кешенді түрде сараптайды.

Жаңа модель төрт негізгі бағыт бо­йынша бағалау жүргізеді. Олар: материал­дық жағдай – отбасының табысы, жыл­жымайтын және жылжымалы мүлкі, жер телімдері, кәсіпкерлікпен айналысу дең­гейі есепке алынады. Екінші, мате­риалдық емес факторлар – отбасы мү­ше­лерінің білім деңгейі, еңбек нарығын­дағы белсенділігі, әлеуметтік мәртебесі назарға алынады. Үшінші, тәуелді жүктеме – ба­лалар саны, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың болуы, жалғызбасты ата-ана­лардың жағда­йы ескеріледі. Төр­тінші, кө­леңкелі табыс көздері – бейресми кі­рістер, тіркелмеген мүліктер немесе пай­даланудағы қосымша активтер де талданады.

Мысалы, ресми табысы төмен бол­ғанымен, бірнеше автокөлігі немесе жалға беретін жылжымайтын мүлкі бар отбасылар әлеуметтік көмек тізіміне кірмейді. Ал керісінше, шынымен қиын жағдайда қал­ған, еңбекке қабілеттілері жұмыс істесе де отбасын толық қамтамасыз ете алмайтын азаматтар бірінші кезекте қолдау алады.

Жүйеде төтенше мұқтаждықтан бастап, жоғары тұрмыс деңгейіне дейінгі аралықты қамтитын алты сатылы шка­ла қолданылады. Бұл арқылы әр отба­сының нақты әлеуметтік бейнесі ай­қындалады. Сонымен қатар кредиттік міндеттемелер, қарыздар, отбасы мү­шелерінің денсаулығы, жұмыссыздық деңгейі сияқты қосымша факторлар да ескеріліп, әлеуметтік жағдайдың жан-жақты көрінісі жасалады.

Жаңа тәсіл тек материалдық жағдайды емес, әлеуметтік факторларды да қам­ти­тынымен маңызды. Көпбалалы отбасы­лар, жалғызбасты аналар немесе әкелер, қарттар мен мүгедектері бар жанұялар қосымша көмекке мұқтаж санатқа енгізіледі. Сонымен бірге еңбекке қабілетті азаматтардың қаншалықты деңгейде тәуелді жандарды қамтамасыз ете алатыны сараланады.

Жанат Үтебаева атап өткендей, бұл модельдің басты артықшылығы – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету. Бұған дейін кейбір жағдайларда қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға жетпей келген болса, енді жаңа жүйе мұны барынша болдырмауға бағытталған. «Әлеуметтік қолдау шаралары қоғамдағы теңгерімді нығайтуға, әділдікті сақтауға және ең бірінші кезекте шынымен көмекке мұқтаж жандарға бағытталуға тиіс. Жаңа модель осы мақсатты жүзеге асырады», – деді басқарма басшысы.

Отбасының әл-ауқатын бағалаудың бұл жаңа жүйесі Шымкент қаласында ғана емес, бүкіл республика көлемінде әлеуметтік саясатты жетілдіруге ықпал етпек. Ол халықтың әлжуаз топтарына нақты әрі уақтылы көмек көрсетіп, әлеуметтік әділеттілікті күшейтуге мүмкіндік береді.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы