Отбасылық зорлық-зомбылық – ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін нәзік мәселе. Өйткені Отан – отбасынан басталады. Отбасы – мемлекет тірегі.
Жабулы қазан – қоғам жарасы
4,378
оқылды

Ал отбасын институтының әлсіреуі мемлекеттің болашағы үшін де қатер. Өкінішке қарай, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық  өршіп тұр. Ал зорлық-зомбылық әлеуметтік түйткіл емес, одан да ауқымды мәселеге айналып барады. Сол себепті 2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойған еді. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатыс­ты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді.

Соңғы жылдары елімізде құқық қорғау органдары аса ауыр қыл­мыс­тармен қатар, отбасылық зорлық-зом­былықтың да алдын алуға айрықша на­зар аударып келеді. Бұл – жай ғана ста­тистика үшін жасалып отырған шара емес, әрбір отбасының тыныштығы үшін кү­рес, қоғамдағы әр баланың көз жасын тыйып, әр ананың жан жарасын жазуға ба­ғытталған мемлекеттік саясат. Осы орай­да Ақмола облысында елдің басқа өңір­леріне үлгі боларлық тың жұмыстар жүр­гізіліп жатқанын атап өткен жөн... 

Қорқынышты статистика

Ақмола облыстық полиция департа­ментінің деректеріне сүйенсек, биылғы жыл­дың жеті айында ғана өңірде 88 тұр­мыстық қылмыс тіркелген. Соның ішін­де 18-і аса ауыр қылмыс түрлеріне жата­ды. Олар – қылмыстық кодекстің 99-ба­бы (кісі өлтіру), 106-бабының 1-бөлігі (ден­саулыққа қасақана ауыр зиян кел­тіру), 107-бап (орташа ауырлықтағы зиян), 112-бап (жарақат салу) және тағы бас­қа да баптар бойынша қозғалған істер бо­лып шықты. Бұл сандар қоғамда отба­сы құндылығының шайқалып бара жат­қанын, яғни тұрмыстық зорлық-зом­былықтың әлі де болса белең алып отыр­ғанын айғақтай түседі.

Өкінішке қарай, қоғамда ең жиі кез­десетіні – физикалық зорлық-зомбылық фактілері екені мәлім болды. Ұрып-соғу, жа­рақаттау, тұншықтыру секілді әре­кет­тердің құрбаны болған талай әйел мен ба­ла үнсіз жапа шегіп жатыр. Қайғылысы сол, көп жағдайда қазақы менталитетпен «жа­булы қазан жабулы күйінде» қал­ды­рылады. Соның салдарынан, бұзақылар еш қымсынбастан заңсыз әрекетін жал­ғастыра береді.

Ал психологиялық зорлық-зомбылық елі­мізде екінші орынға шыққан. Қорқыту, тіл тигізу, кемсіту, оқшаулау, абыройын тү­сіру сияқты әрекеттер кейде соққыдан да ауыр тиетіні сөзсіз. Өкінішке қарай, мұн­дай қысымның салдары ұзақ жыл­дарға созылып, жәбірленушінің психика­сын күйретіп жіберетін көрінеді.

Үнсіз қалған тағдырлар

Өңірде әйелдердің полицияға ша­ғым­дануы салыстырмалы түрде жоғары екені анықталды. Ал ерлерге қа­тыс­ты зорлық-зомбылық фактілері жоқ емес, бірақ олардың арыздануы си­рек болып шықты. Себебі қоғамдағы «ер­кек өзін-өзі қорғауы тиіс» деген қасаң сте­реотип әлі де санада берік орныққан. Бұл талай ер азаматтың ішкі жан жарасын іш­те сақтап, үнсіз қалуына мәжбүр етіп отыр.

Яғни, жәбірленушілердің көпшілігі полицияға бірден жүгіне бермейді. Оның себебі де сан алуан. Атап айтқанда, «по­ли­цияға айтсаң, өлтіремін» деген сияқты сөздерден кейін қорқыныш пен қоқан-лоқ­қыдан үрейленгендер қандай қасі­рет­ті болса да жұмған аузын ашпай қалады. Сон­дай-ақ қоғамда экономикалық тәуел­ділік те аса үлкен рөл атқаратыны мә­лім болды. Яғни, ажыраса қалса, отба­сын асырай алмаймын деген үрей билей­ді. Тағы бір аса маңызды себеп – құқық қор­ғау органдарына сенімсіздік («бәрібір нә­тиже шықпайды» деген қасаң көзқарас ежел­ден қалыптасып қалған. Ал ең бас­тысы, балалар үшін алаңдау әкесі қа­мал­са, отбасы толық күйзеліске түседі деген үрей бұлты тұмшалап тастайды. Осы се­бептер жәбірленушілерді үнсіздікке итер­мелейтіні анық. Бірақ үнсіздік – зор­лықтың жалғасуына жол ашатыны өкінішті.

Дағдарыс орталықтары – үміт оты

Ақмола облысында зорлық-зомбы­лық құрбандарына арналып, үш бірдей дағдарыс орталығы жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Мәселен, Степногорс­кі­­­дегі «Өмір», Көкшетаудағы «Шанс», Қос­шыдағы «Аққудың» қоғамда алып отыр­ған орны зор. Бұл мекемелерде әйел­­дер мен балаларға алты айға дейін па­на­лау мүмкіндігі ұсынылады. Сонымен қатар психологиялық, әлеуметтік, құ­қық­тық қолдау көрсетіледі. Жұмысқа ор­наластыру, медициналық көмек, ба­ла­бақшаға жіберу, жәрдемақы рәсімдеу сияқ­ты маңызды мәселелер де оңтайлы ше­шімін табады.

Ең бастысы, 111 сенім телефоны ар­қы­лы тәулік бойы тегін кеңес беріледі. Бұл – жәбірленушілерге алғашқы көмек пен қолдау көрсетудің қолжетімді құра­лы­на айналған.

Жалпы, мемлекет бұл мәселеге жай ғана «қылмыс фактісі» деп қарамайды. Бү­гінде зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін кешенді бағдарламалар іске қосыл­ған. Соның бірі – Odara пилоттық жоба­сы. Бұл халықаралық тәуекелді бағалау әдісі арқылы қайта құқықбұзушылыққа бейім адамдарды дереу анықтап, олардың іс-әрекетіне жол бермеуге мүмкіндік бе­реді. Сонымен қатар «Отбасы цифрлық кар­тасы» әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отба­сы­ларды дер кезінде анықтап, қажетті кө­мекті уақытылы көрсетуге ықпал ету­де. Шалғай ауылдарға мобильді топтар ба­рып, профилактикалық жұмыстар жүр­гізіп келеді.

Жаңа заң – жаңа тәртіп

Былтырғы маусымнан бастап елі­мізде зорлық-зомбылыққа қа­тыс­ты заңнама түбегейлі өзгерді. Бұрын­ғы айыппұл мен ескерту шаралары алы­нып тасталды. Енді ұрып-соғу мен жеңіл жарақат салу – қылмыстық іс бо­лып есептеледі. Ең маңыздысы, полиция арыз болмаса да, әлеуметтік желідегі ақ­парат не БАҚ арқылы қылмысты тір­кеуге міндетті. Бұл – зорлыққа қарсы «нөл­дік төзімділік» қағидасының нақты кө­рінісі. Сонымен қатар зорлық-зом­былық жасағандарға міндетті психо­ло­гия­лық көмек көрсету тәртібі енгізілді. Бұл шара – қылмыскердің сана-сезімін ө­з­гертуге, қайталап қылмыс жасауға жол бер­меуге бағытталған.

Ақпараттық майдан

Биыл Ішкі істер министрлігі баста­ма­сымен «Құқықбұзушылық профилак­ти­касы жылы» деп жарияланып, ел бойынша кеңауқымды акциялар өткізіліп жатқаны рас. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, өңірде алдын алу шаралары аса қарқынды түрде жүзеге асырылып ке­леді. 

Ақмола облысында «Тұрмыс» жедел-про­филактикалық іс-шарасы, «Отба­сын­дағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты республикалық акция жүзеге асы­рылды. Флешмобтар, челлендждер, бри­фингтер ұйымдастырылып, оған 600-ден астам азамат қатысты, – дейді Ақмола об­лысы Полиция департаментінің ресми өкі­лі Гүлнәр Пинчук. 

Полиция дерегінше, өткен жыл­дың соңында Бейбітшілік және келісім сарайында өткен республикалық жиын­ға мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, қо­ғам қайраткерлері қатысып, аса зор тә­жірибе алмасқан. Бұл – зорлық-зом­бы­лық­қа қарсы күрес тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті еке­­­­нін тағы бір мәрте дәлелдей түскен.

P.S. 

Қазақтың тағы бір тәмсілі бар: «Әйел – үйдің шырағы, бала – шаңырақтың шуағы». Өйткені шырағы сөнген, шуағы өшкен үйден береке қашады. Ал берекесіз отбасы – берік мемлекет құра алмайды. Рас, Ақмола өңірінде құқық қорғау органдары жүйелі жұмыс атқарып келеді. Бірақ бұл – тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Яғни, әділетті мемлекет құрудың басты шарты – заңға құрмет, отбасына қамқорлық, қоғамға жауапкершілік болып қала бермек... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы