Бүгінде әлем елдері баламалы электр көздерін дамытуға мықтап көңіл бөліп келеді. Қазақстанда да «Жасыл экономика» бағдарламасы бағдарын тауып, өңір-өңірлерде жаңартылған энергия көздері іске қосылуда.
Жел де пайдаға жарап тұр
3,933
оқылды

Бұл бағытта Жамбыл облысы республика көлемінде алғашқы орында тұр. Енді міне, Мойынқұм ауданында да жел электр стансасы жобасы қолға алынып, энергия өндірісінің өрісі кеңеюде. 

Облыс әкімдігі Энергетика жә­не тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас­шы­сы Ғалым Исақовтың айтуынша, «Жа­сыл экономиканы» дамыту ая­сын­­да республика көлемінде 100-ге жуық жаңа жоба енгізіліпті. Дәл қазір ел көлемінде жалпы қуаты 3032,12 ме­­­­гаватты құрайтын 153 жаңар­ты­ла­тын энергия көздерінің нысаны жұ­мыс істеуде. Ал өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын жаңар­ты­ла­тын энергия көздерінің 22 нысаны іс­ке қосылған. Атап айтқанда, жиын­тық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 275,65 ме­гаваттық 10 жел және 271,25 мега­ват­тық 6 күн электр стансалары бар.

Жамбыл облысы жел электр стан­сасы нысандарын салуға қолайлы болуына байланысты алдағы жылдары жал­пы қуаты 2 гигаватты құрайтын 2 ірі жобаны іске асыру көзделуде. Нақ­тырақ тоқталсақ, Мойынқұм ауда­нын­да Total Eren жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі тарапынан қуаты 1 ги­гаватты құрайтын жел электр стан­сасы салынса, Сарысу және Талас ау­да­нында Masdar (БАӘ) компаниясы та­рапынан қуаты 1 гигаватты құрай­тын жел электр стансасы жобаларын іске асыру жоспарланып отыр.

Франциялық Total Eren, Біріккен Араб Әмірлігінің Masdar және Kidf ком­паниялары ауқымды жел электр стан­саларын салуға ниет білдіріп жүр­гені бұған дейін айтылған. Ал Мем­ле­кет басшысының Қытай еліне ресми са­пары кезінде қытайлық State Power Investment Corporation компания­сы­мен осындай тағы бір жобаға келісім жа­салды. Нәтижесінде, бұл салаға тар­тылатын инвестиция көлемі шама­мен 3 миллион АҚШ долларынан ас­ады. 

Жалпы, әлемдік сарапшы­лар­дың зерттеулері сайын да­ла­мыздың басым бөлігінде желдің жыл­дамдығы секундына 6 метрден аса­ты­нын дәлелдеді. Ал күн энергиясын өн­діру мүмкіндігі сағатына 2,5 мил­лиард киловатт деп белгіленген. Әсі­ресе, елдің оңтүстігі күннің қызуынан қуат өндіруге таптырмас өңір болып ба­ғалануда.

Рас, бүгінде елімізде баламалы та­би­ғат көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса толық шешімін таппаған. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұр­ғы­дан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Міне, сондықтан да Қазақстан «Жа­сыл экономикаға» бет бұрып отыр. Еліміздің географиялық орналасу жағ­дайын, жел және күн энергиясын пай­далану мүмкіндігін, сондай-ақ мұ­най және газ ресурстарының энер­ге­тикалық әлеуетін ескерсек, бұл қажет­ті­ліктің орнын толтыру үшін де тама­ша мүмкіндік. 

Негізі, елімізде сағатына 1 трил­лион киловатт энергия өндіруге мүм­кін­дік бар екен. Мұны көріп, біліп отыр­ған сарапшы мамандар еліміздің мүм­кіндіктері мен артықшылықтарын то­лық мойындауда.

Қазір Қордай мен Сарысу аудан­да­рында жел электр стансалары жұ­мыс істеп тұрса, Қаратау қаласының маңын­да әрқайсысы 4,5 мегаватты құ­райтын 5 жел электр стансасы пай­далануға берілген. Енді Мойынқұм ау­данында салынатын 1 гигаватты құ­райтын жел электр стансасы энер­гия өндірісін тағы өрістеткелі тұр. 

Осы жерде бір атап өтерлік жайт, Мойынқұм ауданында са­лынатын жел электр стансасының құ­рал-жабдықтары өзімізде шығары­лады. Атап айтқанда, Шу ауданындағы «Жі­бек жолы» арнайы экономикалық ин­дустриалдық аймағында SANY Renewable Energy компаниясының зият­керлік өндіріс базасы жобасы қол­ға алынды. «Самұрық-Қазына» ак­ционерлік қоғамы мен қытайлық SANY Renewable Energy компания­сы­ның бірлескен жобасы аясында бұл ай­мақта жел электр стансасының құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт са­лынғалы жатыр. Жобаның құны 53,6 мил­лиард теңгені құрайды. Аталған ны­санның бірінші кезеңінің құрылыс жұ­мыстарын 2026 жылдың бірінші жар­тысында аяқтау жоспарлануда. Жыл­дық қуаты – бір-екі гегаватты құрай­тын жел электр стансасының құрал-жабдығын шығару. Жоба ая­сында 88 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда. Ал стансаның екінші кезеңі жүзеге асырылған соң мұндағы жұ­мысшы саны 300-ге жуықтамақ. қос кезеңнің жобалық құны 114 мил­лион АҚШ долларын құрайды. Жал­пы, бөлінген жер аумағы – 24 гектар.

– Қазіргі таңда Мойынқұм ауда­нын­да салынатын 1 гигаваттық жел электр стансасының құрылысы бойын­ша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Бетпақдала аймағынан, дәлірек айтсақ, Ермей елді мекені маңайынан жел электр стансасын орналастыруға 3 мың гектар алқап қаралған. Облыс орталығынан шалғай жатқан осындай жоба іске асса, аудан экономикасының ар­туына оң серпінін тигізері хақ. Ең бастысы оған Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында жасалған құрылыс заттары пайдаланылатыны қуантады. Шындығын айтқанда, об­лысымызда осындай Орта Азияда баламасы жоқ SANY компаниясының жел генераторларын құрастыратын зауыт салуы бізге үлкен күш бергелі тұр. Өйткені бұл жоба – облыстың жо­ғары инвестициялық әлеуетін рас­тап, тұрақты дамуы мен экологиялық таза технологияларды пайдалану не­гізгі бағытымыз екенін көрсетіп отыр.

Президент тапсырмасымен елге ин­вестиция салған инвесторларға бар­лық жағдайлар жасалуда. Ең алдымен, олар корпоративтік табыс, жер, мүлік са­лығынан және шетелден құрал-жаб­дықтарды тасымалдау барысында баж салығынан толығымен босатылады. Бұл инвесторлар үшін үлкен жеңілдік деп санаймын, – дейді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов. 

Міне осылайша, Жамбыл об­лысы жаңартылған энергия көздерін өндірудің жаңа дәуіріне қа­дам жасап отыр. Бұл өз кезегінде ел мен өңір экономикасын өрістетіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындары ашы­лып, әлеуметтің әлеуеті де артатыны анық. Ал ең бастысы табиғат-Ананың ту­дырған желін кәдеге жарату қос қол­дап қолдауға тұрарлық. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы