Қазақ үшін отбасы – әрқашан қастерлі ұғым. Шаңырақ шаттығы шайқал­маса – елдің іргесі де сөгіл­мейді.
Отбасылық тыныштық – тұтастықтың кепілі
3,181
оқылды

Төрдегі төрелік пен босағадағы береке аман болса – мемлекет те еңсесін тік ұстайды. Алайда өкінішке қарай, соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кең етек жаюы қоғамның берекесіне сызат түсіргені ащы да бол­са шындық. Ыдыс-аяқ сылдырының жиі естілуі бір шаңырақтың ғана емес, тұтас елдің тыныштығына көлеңке түсірері хақ. Әсіре­се, «жабулы қазан» күйінде қалып, сырт көзге білінбегенімен, іштен іріте­тін мұндай қасірет талай отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, сүттей ұйыған берекесін айрандай төккені жасырын емес...

Дегенмен мемлекет те бұл түйт­кілге көз жұма қараған жоқ. Заңды қатайту, құқық қорғау жүйесін күшейту, әлеуметтік бастамаларды енгізу – барлығы да отбасы институтын қорғауға, қо­ғамдағы тыныштықты сақтауға бағытталып отыр. Бұл ретте Ақ­мола облысында жүзеге асып жатқан тың тәжірибелер – бүкіл елге үлгі боларлықтай қадамдар десек артық айтпаспыз.

Мәселен, биыл Ақмола облы­сында отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтар саны 62,9 пайызға өсіп, былтырғы 54 деректен 88 жағдайға дейін жетіп жығылған. Әуелде бұл үрей­лі көрінгенімен, астарына үңіл­сек – заң талаптарының күшей­генінің, құқық қорғау орган­да­рының ұсақ-түйекті елемей, бар­лығын нақты қылмыс­тық іс ре­тінде қарастыра бастағанының айғағы болып отыр.

Өйткені былтырдан бастап «ұрып-соғу» мен «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» баптары әкім­шілік жауапкершіліктен алынып, Қылмыстық кодекске енгізілген-ді. Бұл – мемлекет тұрмыстық зор­лықты «отбасының өзара ша­руасы» деп емес, қоғамның ты­ныштығына төнген қатер деп ба­ғалай бастағанын көрсетеді. Заң­ның қаталдығы – жәбірлену­шінің құқығын қорғаудың басты құралына айналған.

Мәселенің өзектілігін ескере отырып, Ақмола облысының про­куратурасы биылғы 30 наурызда Үйлестіру кеңесін ұйымдастырған. Кеңесте қоғамды алаңдатқан мәселеге бей-жай қарамай, нақты шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту арқылы тұрмыстық жанжалдың алдын алу, маскүнем­дік пен нашақорлықтан зардап шегетіндерді уақтылы мәжбүрлі емдеуге жіберу, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құқықбұзушыны сотқа дейінгі тер­геу барысында уақытша оқ­шау­лау сияқты қоғамның аса өзек­ті мәселелерін шешу жолдары мен тетіктері дөп басылыпты.

Бұл қадамдар – жай қағаз жү­зіндегі шешім емес, нақты нәти­же­сін беріп отырған пәрменді ша­ралар десек қателеспейміз. Қыл­мыстық кодекстің 108-1 және 109-1-баптарына сәйкес, енді от­ба­сындағы күш көрсетуші уа­қыт­ша оқшауланып, жәбір­ле­ну­шіге қауіп төндірмейді. Бұл – от­ба­сы­лық берекенің қалқанына ай­нал­­ған жаңа тәжірибе екені сөзсіз.

Қоғамда болып жатқан тұр­мыстық зорлық-зомбылықтың ең үлкен себебі – ішімдік екені бел­гілі. Ішімдікке салынған жанның қолы – отбасының берекесін бұзып, сөзі – шаңырақтың шаңын шығарады. Осыған орай Жарқа­йың және Сандықтау ауданда­рындағы орталық ауруханаларда арнайы айықтыру палаталары ашылыпты.

Мұнда масаң күйде тыныш­тықты бұзған азаматтар оқшау­ланып, есін жиғанша арнайы ем қабылдайды. Бұл тәжірибе біртін­деп өзге аудандарға да енгізіліп жатқаны мәлім болды. Яғни, мем­лекет тек жазалаумен шектелмей, түпкі себебін жоюға, алдын алуға күш салып жатқаны байқалады.

Сонымен қатар Ақмола облы­сында жүзеге асқан ерекше бі­ре­гей жоба – «Зиялы Қауым» десек артық айтпаспыз. Бұл – заң мен ұлттық дәстүрдің тоғысқан тұсы. Ата-бабамыздан қалған «ақсақал­дың сөзі – тоқтам, үлкеннің ақы­лы – орынды» деген ұстанымды қайта жаңғыртып, құқық қорғау ісіне кіріктірілген еліміздегі тұң­ғыш бастама.

Жоба аясында облыстың 20 ауданындағы 589 ауылда шамамен 300 мың тұрғын жұмылдырылған. Әр ауылда абыз ақсақалдардан құралған комиссиялар құрылып, құқық қорғау органдарымен бірге қоғамдық тәртіпті нығайтуға ба­рынша атсалысуда.

Нәтижесі де аса таңғаларлық. Соңғы бір жылда 589 ауылдың 98-інде бірде-бір қылмыс тіркел­меген болып шықты. Ал 35 ауылда тұрғындар өз еркімен ішімдік ішу­ден мүлдем бас тартқан. Бұл – ұлттық салт-дәстүрдің қоғамды түзетудегі ғажайып қуатының дәлелі екені анық.

Мемлекет басшысы да Ақмола облысынан бастау алған оң тәжі­рибесін аса жоғары бағалады. Осы жылдың 23 маусымында өткен құқық қорғау органдарының ке­ңей­тілген алқасында өңірдің ­от­ба­сылық зорлық-зомбылық­­тың алдын алудағы үлгісі бүкіл ел­ге таратылды. Атбасар ауданы Шуйс­кое ауылының абыз ақса­қалы ел тыныштығына қосқан үлесі үшін мемлекеттік марапатқа ие болды. Бұл марапат – тек бір ақсақалдың емес, тұтас ауылдың, елдің рухани тірегіне берілген әділ баға екені айқын.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы