Кәсіпкерлер сырттан тауар тасымай, оны өз елімізде шығаруға күш салып жатыр. Әрине, көлік, робототехника, заманауи тұрмыстық бұйымдарды шығаруға әзірге әлеуетіміз жетпеуде. Десе де, өңір кәсіпкерлері күнделікті өмірге қажетті сұйық ұнтақ сынды тауар шығарып, тың тірлікті түлетуде.
Жамбыл облысы Меркі ауданындағы Әлмахамбет Мамытов есімді азамат есік алдынан кір жууға арналған сұйық ұнтақ өндіру цехын ашып, тың кәсіпке тәуекел етіп отыр. Ол үшін Әлмахамбет «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алған. Тәтті ауылдық округіндегі Тәтті ауылынан кірпіші қаланған кәсіпорынның жұмысын жолға қою үшін 5 млн 600 мың теңгені бағыттаған. Несие 5 жылға рәсімделіп, «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы қайтарылады. Қуанарлығы, несиенің жылдық пайызы небәрі 2,5 пайызды құрайды.
Талабы таудай кәсіпкер несиеге алған қаражатына сұйық ұнтақ өндіруге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған.
– Негізі, сұйық ұнтақ шығаруға қажетті құрал-жабдықты өзіміз құрастырдық. Ондай технологияны шетелден алдыруға қаражатымыз жетпеді. Содан ойлана келе бұл бағытта жұмыс істеп жатқан өзге өңірлердегі кәсіпорындармен байланыс орнатып, құрылғыға қажетті бөлшектерді сатып алып құрап шығардық. Алайдан ұнтаққа қажетті шикізатты өзімізден дайындай алмадық. Содан Қытай мемлекетіне шығып, ұнтаққа қажетті химиялық сұйықтық пен иіс шығарғыштарды сол елден алдырудамыз.
Цехты іске қосқанымызға көп болмаса да алғашқы айларында 1 тоннаға дейін өнім алдық. Бағасын қолжетімді етіп қойдық. Соның арқасында сұраныс артты. Алайда несиені «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша алғаннан кейін «AMANAT» партиясы тарапынан тексерістер жүргізіліп, құрылғыны өздігімізден құрап шығарғанымыз өзімізге таяқ болып тиіп отыр. Олай дейтінім, бағдарлама бойынша несиеге алынған құрылғылар жаңа болуы қажет екен. Ал біздікі отандық бөлшектердан жасалғандықтан, оған қоса күнделікті химиялық қоспалармен жұмыс істегеннен кейін сәл ескіріңкіреп тұр. Сол жағы қос бүйірден қысуда, – дейді Әлмахамбет әкесінің қасында қолғанат болып жүрген ұлы Бекмұрат.

Мамытовтар әулетінің отбасылық кәсіп ретінде шығарып отырған ұнтақтарының сыртына таңбаланған «Тәтті» атауы да тартымды. Өздерінің туған ауылдарының атын асқақтатып, басқа өңірлерге танытуда.
– Жалпы, ауылға келіп жатқан тұрмысқа қажетті дүниенің бәрі сырттан әкелінеді. Олардың арасында жарамсыздары да аз емес. Содан әкем екеуіміз ойлана келе кір жууға қажетті ұнтақты өз ауылымыздан шығаруға бел будық. Әрине, бастапқыда қиын болатынын түсіндік. Сондай қиындықтар алдымыздан қазірден шығып жатыр. Құрылғыларымызға жүргізілген тексерістен бөлек, күн суығанда ұнтақ шығаратын арнайы орын болмай тұр. Қазіргі цех күн жылыда ғана жұмыс істеуге арналған. Міне, осы мәселені біржақты етіп шешіп алсақ, қысы-жазы өнім шығаруға мүмкіндік туар еді. Ол үшін, әрине қаржы керек. Инвесторлар демеушілік жасаса, өнім қуаттылығын еселеп арттыруды көздеудеміз. Ондай жағдайда жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік туады, – дейді Бекмұрат.
Бекмұрат әкесі екеуі ұнтақ шығарып қана қоймай, кір сабын өндірісін де жолға қойып жатыр. Оған қажетті сода өнімі ғана Қытай мемлекетінен алынса, қалған шикізаттың барлығы жергілікті жерден жиналуда. Әсіресе, тоңмаймен Тәтті ауылының шаруа қожалықтары-ақ қамтамасыз етуде. Бұдан Бекмұрат иіс сабын шығаруды да жоспарлауда. Сұйық ұнтақ түрін де арттырмақ. Бұл бағытта ол қазір түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Егер бұл жобалары да жүзеге асса, онда Тәтті ауылындағы кәсіпорынның өнімі өзге өңірлерге ғана емес, шетелге де шығуға мүмкіндігі бар.
«Кәсіптің көзін тапқан нәсіптің өзін табады» дейді дана қазақ. Мамытовтар әулетінің отбасылық кәсібі көз сүйсінтеді. Сыртқа көз тікпей, өз жерімізде осындай өнімдер шығарылып жатқанда талапты кәсіпкерлерді тек қолдау қажет. Мемлекет басшысы бағдар беріп жүрген ауылдардағы шағын және орта бизнестің дамығаны осы емес пе?!
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы