Қызылорданың сол жағалауынан сап түзеген түрлі құрылыс нысандарының көркіне көз тояды.
Жарықшам бар, жарық жоқ
4,430
оқылды

Соның ішінде аталмыш аумақта сәт сайын көптеген тұрғын үй салынып, жаңа қалаға көшіп келушілер қарасы да жыл санап артып келеді. Дейтұрғанмен, жаңа ықшамауданда тұрып жатқан халықтың талап-тілегі бір түйеге жүк боларлық. Әсіресе, сапасыз салынған тұрғын үйлерге қатысты түйткілдер, жарықтандыру мен аяқ суға қатысты мәселелер толастар емес.

Көп жылдан бергі басты ар­ма­ны орындалып, жаңа үйге қон­ыстанғандардың бірі – Фараби Елжас. Бұған дейін апатты үйдің азабын көрген ол бізге хабарлас­ып, тұрғын үй аумағының қазіргі күйі сын көтермейтін халде тұр­ғанын жеткізді. 

Айтуынша, оның жайлы бас­па­наға қол жеткіздім деген қуаны­шы көпке созылмапты. Жаңа пә­тер­індегі ішкі әрлеу, сырлау жұ­мыстарының өте сапасыз жүр­гізілгені көп уақыт өтпей байқала бастапты. Ал тұрғын үйдің айна­ла­сындағы көрініс тіпті сорақы күйде болғанын айтады. 

Жалпы, сол жағалау халқының тұрғын үйге қатысты айтар назы шаш-етектен. Оның ішінде, пә­терлеріндегі есік-терезелерінің сапасы өте төмен. Электр қуатын өшіріп, қосатын құрылғылары да істен шығып, көп ұзамай жарам­сыз күйге түсіп жатқанын жеткізіп отыр. Ал ауланың ахуалы тіпті алаң­датарлық күйде тұрғанын алға тартады. 

«Апатты үйден жаңа баспа­наға қол жеткізгенімізде қуаны­шы­­мыз­да шек болмады. Бірақ су жаңа пәтеріміздің сырты бүтін болғанымен іші түтін күйде бол­ып шықты. Бұл бірінші кезекте, тиісті жұмыстарды жүрдім-бар­дым істе­ген мердігерлердің қате­лі­гінен деп білеміз. Жаңа деген аты болмаса, күніге әр жерінен ақау шығып, қай­та жөндеу жүр­гізуге мәжбүр болып отырмыз. Біресе есігі, бір­есе терезесінің сапа­сы сыр береді. Қабырғалары мен едендеріне төс­ел­ген төсеніш­терінің күйін айт­пай-ақ қояйын. Өз үйіміз болға­сын, ешкімге ала­қан жаймай шама-шарқымыз жеткенде қал­пына келтіріп қоя­мыз. Дегенмен тұрғын үйді қа­былдаған уақытта мердігерлердің салғырттығы неге қатаң тек­серіл­мейтінін түсінбей­міз», – дейді ол. 

Аталмыш ықшамауданда үш жылдан астам уақыт тұрып жатқан Ұлмекен Жарымбетова есімді тұр­ғынның да айтар уәжі аз емес. Әсі­­­р­есе, тұрғын үйдің айналасын­дағы ахуалға алаңдайды. Яғни, жаңа үйлердің сыртқы жағдайы сұрықсыз күйде тұрғанын жет­кізді.

«Үйіміздің айналасының ой-шұңқыры көп. Яғни, құрылыс жұмыстарынан кейін тегістел­ме­ген. Құм төселмеген. Жел тұрса, шаң­ды топырақ қарша борайды. Сонымен қатар осыдан үш жыл­дан астам уақыт бұрын үйіміздің ауласына ойын алаңын салу мақ­сатында жасанды төсеніш (газон) төселген болатын. Бірақ оның сырты әлі күнге дейін қоршаусыз тұр. Бір сөзбен айтқанда, үш жыл бұрын басталған балалар ойын алаңының құрылысы аяқсыз қал­ып қойды. Соның салдарынан кеш­кілік уақытта балаларымыз қайда ойнарын білмей сенделіп жүреді. Ал сырты қоршалмай, шала-шарпы салынған ойын алаң­ының қауіпсіздігіне ешкім кепіл бола алмайды», – деп ашы­на­ды Ұлмекен Жарымбетова.

Халықтың тағы бір талабы жол мен жарыққа қатысты өрбіді. Аталмыш аумақтың дарияға жа­қын орналасқан тұсында тұрып жатқан тұрғындары қараңғылық құшағында қалып отырғанын айтып, мұңын шақты. Аяқсуға қатысты мәселе де аяқтан шалып тұр. Бұл жайында жергілікті әкімдікке сан мәрте айтылғаны­мен еш нәтиже болмай тұрғанын алға тартады. 

«Сол жағалаудағы көпірдің тұсынан басталатын Ғафур Мұха­меджанов көшесінен бастап, бір шеті дарияға, екінші шеті стади­он­ға тірелетін аты жоқ шағын кө­ше түнгі мезгілде қараңғылық құ­ша­ғында қалады. Аталмыш көше­­лерге жарықшам бағаналары орнатылған. Бірақ бізге белгісіз себептермен үш жылдан астам уа­қыттан бері жанбайды. Бұл әсі­ре­се, сабағынан кеш шыққан ба­ла­ларға қиындық туғызып келеді. Тас қараңғы көшеде үйлеріне қор­қып әзер жетеді. Ата-аналар да балаларының қауіпсіздігіне алаң­дап, әр күндерін қорқынышпен өткізуге мәжбүр. Бұл жайында құзырлы орындарға сан мәрте құла­ғдар еттік. Бірақ әлі күнге дейін жарықшамдарды іске қосуға асығар емес. Сабақ уақыты жа­қын­даған сайын балаларымыздың қауіпсіздігі ойлантады. Сонымен қатар жаңа ықшамауданда аяқсу мәселесі өзектілігін жоймай тұр. Тұрғын үйлердің маңына аяқсу науалары (лоток) салынғанымен, оған осы уақытқа дейін бір тамшы су тамған емес. Бұл үйіміздің ай­на­ласына тал егіп, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүр­гізу­ге кері әсерін тигізіп тұр. Дария іргеден өтіп жатыр, бірақ біз неше жылдан бері аяқсусыз отырмыз», – деп мұңын шақты Гүлсара Ешмағанбетқызы. 

Сонымен қатар тұрғындар әудем жерден өтіп жатқан дария маңында кешкілік мезгілде демалуға ешқандай мұмкіндік қарастырылмағанын да айтып қалды. Соған орай дария жағасы жарықтандырылып, арнайы орындықтар орнатылса деген талап-тілектерін де ортаға салды.

Жалпы, сала мамандары соң­ғы жылдары Сырдың бас шаһар­ында тұрғын үймен қамту бойын­ша ауқымды жұмыстары атқар­ыл­ып жатқанын алға тар­тады. Бұл тұрғыда облыста соңғы үш жылда қаржыландырудың барлық көзі­нен 2 млн 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдала­нуға бері­ліпті. Осы орайда Қызыл­орда қа­ла­сы­ның өзінде соңғы үш жылда тұр­ғын үй құрылысы мен пәтер сатып алуға 64 млрд 97 млн теңге қарал­ып, 5 600 пәтер жер­лес­­тері­мізге табысталғаны мәлім болды. 

Бұл тұрғыда Қызылорда қала­лық тұрғын үй инспекциясы бөлі­мінің ұсынған мәліметіне сәйкес, сол жағалау ықшамауданынан кезең-кезеңімен жаңа үйлер сал­ын­ып, кезекте тұрған 255 отбасы баспаналы болған. Соның ішінде биылдың өзіне 1 240 пәтер халық­тың әлеуметтік жағынан әлсіз топ­тарына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тобына және 135 пәтер авариялық кезекте тұрған отбасыларға берілу жоспарланған. 

Өз кезегінде Қызылорда қала­сы әкімдігі тарапынан халықтың талап-тілегінен туындаған жарық­тандыру және аяқсу мәселесіне орай келеңсіздіктердің орын алу себебі мен қалпына келтіру мер­зімі нақты айтылмады. 

Ал тұрғылықты халық санға емес, сапаға сай жұмыс жүргізілсе деген пікірін білдірді. Соған орай елдің тілегі ескерусіз қалмай, жо­ғарыда аталған мәселелер жедел шешілсе деген талабын жеткізіп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы