Мұнда Отанына әр кезеңде қалтқысыз қызмет еткен қырғыз халқының даңқты перзенттері, сталиндік репрессия құрбандары жерленген. Кешенге «Ата бейіт» атауын жазушы Шыңғыс Айтматов ұсынған. Мемлекет басшысы мемориалдық кешен аумағындағы 1916 жылғы үркіншілік құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойды. Бұдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз халқының кемеңгер жазушысы Шыңғыс Айтматовтың бейітіне зиярат етіп, қаламгердің рухына Құран бағыштады.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында Президент Садыр Жапаровпен кездесті. Келіссөзге дейін «Ынтымақ Ордо» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Президенттер бір- бірімен амандасқаннан кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров сап түзеген сарбаздардың алдынан жүріп өтті. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары ресми делегация мүшелерін таныстырып, келіссөз залына барды.
Қазақстан Президенті бауырлас Қырғыз Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтты.
– Бұл сапар екі ел арасындағы достық қатынастың дамуына тың серпін береді деп сенемін. Шын мәнінде, қазақ пен қырғыз – тілектес, бауырлас елдер. Біздің тарихымыз – тамырлас, салт-дәстүріміз бен таным-түсінігіміз, ұлттық болмысымыз ұқсас. Қос халықтың татулығы мен өзара құрметі ешқашан үзілген емес. Қазір де ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамуда. Біз барлық деңгейде өзара құрметке негізделген саяси диалог орнаттық. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық кеңестеріміз табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ өңіраралық байланыстарды дамытып жатырмыз. Жалпы, екі елдің арасында жан-жақты әрі тығыз ынтымақтастық орнаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Садыр Жапаров шақыруын қабыл алып, Қырғызстанға ресми сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын жеткізді.
– Сізді Қырғызстанда көрнекті мемлекет қайраткері және халықаралық деңгейдегі тәжі-рибелі дипломат ретінде біледі. Соңғы жылдары Сіздің қолдауыңызбен екі елдің қарым-қатынасы жаңа деңгейге өтіп, достығымыз бен бауырластығымыздың бекемделе түсуі бізді қуантады. Қазақ елі – біз үшін ерекше ел. Біздің мәмілелеріміз Тоқтоғұл мен Абайдай, Шыңғыс пен Мұхтардай аталарымыз салған ізбенен жалғасқан. Тарихи мұрамызды ұмытпай, келешек буынға жеткізуді негізгі мақсатымыз деп есептеймін. Өз тарапымнан өзара қарым-қатынасымызды одан әрі ілгерілетуге дайынмын. Біздің негізгі күші-міз – екі елдің ынтымағы мен бірлігі, – деді Қырғызстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың төрағалығымен Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы өтті. Отырыс барысында сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттері басшыларының Бірлескен мәлімдемесі қабылданды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесі жетінші отырысының шешімдеріне қол қойды.
Ресми делегация мүшелері екіжақты тауар айналымын 2030 жылға қарай 3 миллиард долларға дейін ұлғайту бойынша Жол картасы және басқа да үкіметаралық, ведомствоаралық құжаттармен алмасты.
«Алтын Қыран» – бауырластық айғағы
Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровты «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттау рәсімінде Садыр Жапаровты қырғыз халқын алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы, білікті саясаткер деп білетінін айтты.

– Қырғызстанды көркейту жолындағы қажырлы еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Салиқалы саясатыңыздың арқасында еліңіз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Қырғыз экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Өзіңіздің бастамаңызбен түрлі салада тың, ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Әлеуметтік салада, ғылым-білім жүйесінде ауқымды өзгерістер жасалуда. Мұның барлығы қырғыз елінің экономикасын нығайтып, халықаралық сахнадағы абырой-беделін арттыра түсетіні сөзсіз. Сіздің көреген қадамдарыңыз аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізді. Парасатты басшылығыңызбен бауырлас қырғыз жұрты бұдан да биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанда бір туған бауырлас ел ретінде Қырғызстанның барлық жетістіктеріне шын жүректен қуанатынын жеткізді.
– Қазақ пен қырғыз – ежелден еншісі бір, ағайынды халықтар, салт-дәстүрі мен тарихы ортақ елдер. Біздің тіліміз бен діліміз, атымыз бен затымыз – ұқсас. Бүгінде елдеріміз арасында өзара сенім мен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнаған. Одақтастық рухындағы байланысымыз нығайып келеді. Қос мемлекеттің стратегиялық әріптестігі қарқынды дамып жатыр. Сіз бұл іске өлшеусіз үлес қосып жатсыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-қырғыз ықпалдастығы жаңа қарқын алды. Стратегиялық әріптестікті тереңдетуге бағытталған тың бастамалар көтерілді. Мемлекеттеріміздің мүддесіне сай жаңа ортақ жобалар қолға алынды. Маңызды бастамалар қос халыққа тән шынайы бауырластықты көрсетіп, достығымызды одан әрі бекемдей түседі деп санаймын. Қазіргі алмағайып кезеңде осы ынтымағымызды күшейтудің айрықша мәні бар. Себебі біздің мызғымас бірлігіміз – баға жетпес байлығымыз. Қырғыздың залқар ақыны Тоқтағұл Сатылғановтың «Жақсы адамның белгісі – ел қамы үшін күйінер» деген сөзі бар. Сіз қырғыз елін өркендету жолында табанды еңбек етіп, халқыңызға адал қызмет етіп келесіз. Сондай-ақ халықтарымыз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсуге орасан зор еңбек сіңіріп жатсыз. Мұны барша қазақ жұрты жақсы біледі. Осыған орай, мен Сізді Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл награда – Қазақ елінің Сізге және бүкіл қырғыз халқына деген ерекше құрметі мен шынайы алғысының риясыз белгісі, – деді Президент.
Бірліктің жаңа қадамы
Келіссөздер қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы барысында екіжақты қатынастарға қатысты бірқатар өзекті мәселе егжей-тегжей талқыланып, екі елдің де мүддесіне сай келетін маңызды келісімдерге қол жеткізілгенін мәлімдеді.
– Бауырлас мемлекеттер ретінде кез келген мәселені өзара сенім мен одақтастық рухында шешеміз деген пайымға келдік. Біздің өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге ниетіміз бар. Оған саяси күш-жігеріміз де жетеді деп кәміл сенемін. Бүгінгі келіссөздердің нәтижесі туралы жаңа ғана құрметті Президент айтып өтті. Біз, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазақстан – Қырғызстанның сауда және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,7 миллиард долларға жетті. Биылғы жарты жылдың көрсеткіштері де жаман емес. Алдағы 5 жылда сауда-саттық көлемін 3 миллиард долларға дейін арттыруға мүдделіміз. Сондықтан бүгін арнайы Жол картасына қол қойылды. Жалпы, екіжақты сауда айналымын ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Келесі жылы қазақ-қырғыз шекарасында салынып жатқан Индустриялық сауда-логистика кешені іске қосылмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, екі елдің агроөнеркәсіптегі әлеуеті зор.
– Бұл саладағы тауар айналымы жалпы сауда-саттықтың 25 пайызына тең. Сондықтан өнім көлемін арттыру, бірлескен кәсіпорындар ашу өте маңызды. Осы орайда қос елдің үкіметтеріне алдағы екі жылға арналған Жол картасын қабылдау туралы тапсырма берілді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды секторларын дамытуға үлес қосып келе жатқанына назар аударды. Қазақстан соңғы 20 жылда Қырғызстан экономикасына 1,4 миллиард доллар инвестиция салған. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар бар.
– Біз бірлескен кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасай береміз деп келістік. Сондай-ақ қазақ-қырғыз шекарасының өткізу мүмкіндігін арттыруға баса мән бердік. Жүк тасымалы мәселесіне де ерекше назар аудардық. Соңғы кезде осы бағытта бірқатар ауқымды іс-шара атқарылды. Қазір шекарадағы сегіз өткізу бекетін жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс алдағы екі жылда толық аяқталады. Оны екі ел үкіметі ерекше бақылауда ұстайды. Мұның бәрі өзара сауда көлемін арттыруға септігін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.
Тағы бір өзекті мәселе – аймақтардың ықпалдастығын жандандыру. Бұл ретте мемлекеттер басшылары Аймақаралық форумның келесі отырысын көп созбай өткізуге келіскен. Сонымен қатар келіссөздер барысында цифрландыру және электрондық үкімет саласындағы ынтымақтастық әлеуеті талқыланған. Тараптар экономика саласын цифрландыру үшін тәжірибе алмасуға және ақпараттық байланысты күшейтуге уағдаласты.

Мемлекет басшысы су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіру мәселесіне айрықша тоқталды.
– Трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану аймақтағы тұрақтылық пен орнықты дамудың маңызды факторына айналып отыр. Осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастырған жөн деп санаймыз. Біз барлық келісімді мүлтіксіз орындауға және стратегиялық маңызы бар бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін күш-жігерімізді жұмылдыруға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттер сондай-ақ жаһандық және аймақтық мәселелер туралы пікір алмасқан. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстанның көптеген халықаралық түйткілге қатысты ұстанымы – ортақ. Әсіресе, Орталық Азиядағы ықпалдастықты күшейту екі елдің мүддесіне сай келеді.
– Биыл аймақтағы мемлекеттер басшылары кезекті Консультативтік кездесуде бас қосып, осы мәселелерді талқылаймыз. Қазақстан мен Қырғызстан Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да құрылымдар аясында табысты серіктестік орнатқан. Бұл ретте Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттары бойынша өңірлік орталығын құруға қолдау көрсеткені үшін қырғыз тарапына алғыс айттық. Біз Қырғызстанның 2027-2028 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуын толық қолдаймыз. Қырғыз елінің Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы төрағасы ретінде атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалаймыз.Қырғыз бауырлар да Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі аясындағы бастамаларын үнемі қолдап жүреді. Біз бұған ризашылығымызды білдіреміз. Жалпы, бұл сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсері анық. Бүгінгі келісімдер – соның айқын дәлелі. Енді соларды тиімді жүзеге асыру маңызды. Қазақ тарапы бұл үшін қажетті әрекеттерді жасауға дайын, – деп қорытындылады сөзін Мемлекет басшысы.
Бауырлас елге құрмет
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерін марапаттады. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық және одақтастық қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Қырғыз Республикасының VII шақырылған Жогорку Кенешінің депутаты Дастанбек Жұмабеков, Қырғызстан Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, қоғам қайраткері Аскар Салымбеков ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Президент Қырғыз Республикасының көрнекті мемлекет қайраткерлері қажырлы еңбек етіп, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосып жүргенін атап өтті.
– Соның арқасында саяси, экономикалық, мәдени байланыстарымыз нығайып келеді. Парламентаралық ықпалдастығымыз да күшейе түсті. Осы орайлы сәтте мен Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Кыдыршаевич Ташиевке шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіз қауіпсіздік саласындағы екіжақты әріптестікті тереңдетуге зор үлес қосып жатырсыз, аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында атқарған табанды еңбегіңіз жоғары бағаға лайық. Бүгінгі шара – жай ғана марапаттау рәсімі емес. Бұл – Қазақстанның Қырғыз халқына деген зор ризашылығы мен құрметінің белгісі. Сондықтан бұл күн мәңгі бауырластық пен тату көршіліктің жарқын үлгісі ретінде қазақ-қырғыз қатынасының жылнамасына алтын әріппен жазылады деп ойлаймын. Сіздер Қырғызстанның көркеюіне, сондай-ақ екі ел арасындағы жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға мол үлес қоса бересіздер деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тату көршіліктің арқауы
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров «Достықтың алтын көпірі» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты.
Мемлекеттер басшылары Бішкек қаласындағы Қазақстан мен Қырғызстан достығы аллеясында орналасқан «Достықтың алтын көпірі» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Монумент қос халықтың ұлы қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған. Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығы бастамашы болған бұл жоба екі ел басшылары тарапынан қолдау тапқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің ұлы перзенттері татулығымыз туралы көптеген тағылымды сөз қалдырғанына тоқталды.
– Жыр алыбы – Жамбылдың қос халық жайлы «Жүрегі – бір, жолы – бір, сыйласқан тату тең болды» деген сөзі бар. Ал әйгілі Тоқтоғұл «Қанатым – қазақ туысқан» деп толғаған. Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов та өзара тілектес халықтарымыздың жүрек сөзін шығармалары арқылы жеткізген. Мұхтар Әуезов қырғыздың эпикалық мұраларын жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан. «Манас» жырын терең зерттеген. Атақты дастанды кеңестік жүйенің қайшысынан аман алып қалған. Сондай-ақ Мұқаң – Айтматовтың ғаламат шығармашылық әлеуетін алғаш таныған қаламгердің бірі. Ал Шыңғыс Төреқұлұлы: «Өзге елдерге барғанда өзіммен бірге ала жүретін екі ұлттық құндылығым бар. Ол – Манас пен Мұхтар Әуезов» деген. Бұл – рухани құндылықтарымыздың екі елге де ортақ екенін паш ететін айқын көрсеткіш. Заңғар жазушының «Жәмилә», «Ақ кеме», «Ана-Жер-Ана», «Боранды бекет» шығармалары қазақ әдебиетінің де қазынасына қосылған асыл мұралар деп күмәнсіз айтуға болады. Ұлы тұлғаларымыздың достығы мен өзара сыйластығы кейінгі буынға үлгі-өнеге екені сөз-сіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұндай сабақтастық сан түрлі салада жалғасып келе жатқанын жеткізді.
– Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы», «Көксерек» туындыларын қырғыз режиссерлері Болотбек Шамшиев пен Толомуш Өкеев кино тілінде сөйлетті. Ал қазақ режиссері Ардақ Әмірқұлов «Қош бол, Гүлсарының» желісімен көркем фильм түсірген. Елдеріміздің арасындағы тығыз рухани байланысты мәңгі достық пен тату көршіліктің арқауы деуге болады. Оны бағалай білу және нығайта түсу – баршамызға ортақ парыз. Бұл – ұлы жазушыларға, сондай-ақ нағыз елдікке арналған бірегей ескерткіш, қазақ-қырғыз бауырластығының айқын белгісі. Бүкіл Қазақ елінің айыр қалпақты ағайынға ықыласы ерекше. Біз қырғыз ағайынның да дәл сондай риясыз пейілін үнемі сезініп жүреміз, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Бішкек қаласындағы Кемел Тоқаев атындағы №33 мектеп-гимназияны бірге аралап көрді. Бұл ғимаратта Ұлы Отан соғысы жылдары Фрунзе жаяу әскер училищесі орналасқан. Қазақстан Президентінің әкесі – соғыс ардагері, жазушы Кемел Тоқаев дәл осы жерден майданға аттанған. Білім ошағына К.Тоқаев есімін беру туралы бастаманы Президент Садыр Жапаров биыл мамыр айында көтерген болатын. Мемлекет басшысы білім ордасының ұстаздарымен және оқушыларымен әңгімелесті.
Халықаралық Манас әуежайынан Мемлекет басшысын Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров құрметпен шығарып салды.
Мейір ЖАСЫН