Елімізде соңғы жылдары жекеменшік мектептер саны күрт көбейді. Ата-аналардың бір бөлігі мемлекеттік мектепке қанағаттанбай, баласын ақылы білім беретін оқу орындарына беруді жөн санаған.
Жекеменшік мектеп: тарқамаған түйін көп
коллаж: Елдар ҚАБА
4,652
оқылды

Ал енді бірі «мұндай мектептерге тек қалталы адамдардың балалары барады» деп ойлайды. Жалпы, жекеменшік мектеп білім саласына қалай әсер етіп жатыр?

Қазір Қазақстанда 744 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Онда 300 мыңға жуық оқушы білім алып, 50 мыңға тарта мұғалім еңбек етіп жүр. Бұл аз көрсеткіш емес. Себебі елімізде әлі күнге дейін 150-ге жуық үш ауысымды және 250-ге жуық апатты мектеп бар. Білім сапасын жақсар­ту үшін әрбір мектептің бір ауысыммен жұмыс істеуі, сыныптағы оқушы санының шектеулі болуы аса маңызды. Осындай жағдайда жекеменшік мектептердің атқарып отырған рөлі зор. 

Оңтүстіктегі директорлар неге ашулы?

Естеріңізде болса, 2018 жылдан бастап жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсы­ры­сын орналастыру мүмкіндігі заңды түр­де бекітілді. Осылайша, кейбір ата-ана­лар миллиондап ақша төлемей-ақ, жеке­меншік мектептерде баласын тегін оқытып жүр. Ал мемлекет тарапынан балаларды жеке­меншік мектепте оқытуға арнайы субсидия бөлінеді. Бірақ биыл «Қаржы орталығының» бұл ақшаны кешіктіруіне байланысты жекеменшік мектептегі мұ­ғал­ім­дер еңбекақысын уақтылы ала алмай, біраз шу болды. Әсіресе, халық тығыз ор­на­л­асқан Шымкент қаласында жеке­мен­шік мектеп директорларының айту­ынша, өздері басқарып отырған білім ошақ­тарының қазіргі жай-күйі дабыл қағарлық жағдайда екен. Өйткені ата-аналардан қосымша қаражат алмай, тек мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істейтін мек­тептер банкрот болудың сәл-ақ алдында тұр. Ең басты кедергі – мемле­кет­тік қар­жы­ландыру өз деңгейінде жүр­гіз­ілмеуінде. Көптеген мектеп 2023-2024 оқу жылына арналған қаржыландыруды күні бүгінге дейін толығымен алмаған. Бүгінде мемле­кеттің жекеменшік мектеп­терге берешегі 80 млрд теңгеге жетіп отыр. Соның салдарынан білім ошақтары мұғал­імдердің жалақысы, коммуналдық қыз­мет­тер, салық төлемдері алдында қарыз болып қалуда. 

– «Қаржы орталығы» АҚ оператор ретінде жекеменшік мектептермен оқу­шы­лардың санына қарай жан басына шақ­қандағы қаржыландыруын жүзеге асыруға келісімшартқа тұрған. Алайда былтыр жаңа оқу жылынан бастап қар-жы­ландыру нашар. Мәселен, мектептен шыққан оқушыны есепке алып, төлем жүргізуін бірден тоқтатса, ал жаңадан қабылданған балаға қаржы бөлінбейді. Мемлекет жекеменшік мектептерді 9 ай ғана қаржыландырады. Бұл ұстаздардың жаздық сауықтыру ақысы мен кезекті еңбек демалысының шығындарын жаба алмайды. Оқушыларға тегін оқулық кітап­тар берілмейді. Ұстаздардың біліктілігін арттыру курстары қамтамасыз етілмеген. Әлеу­меттік осал топтағы отбасы балалары мемлекеттік білім ошақтарында алатын мектеп формасын жекеменшік мектептер­де ала алмайды, – деп Шымкенттік дир­ек­торлар Мәжіліс депутаттарына жан айқайын жеткізді. 

Қазір Оңтүстік өңір мен ірі қалаларда үш ауысымды оқу мәселесі оң шешімін таба бастаған. Бұл – министрліктің мем­ле­кеттік тапсырыспен жан басы­на қаржы­ландыруды енгізген мақсатты саясатының нәтижесі. Бір ғана Шымкент­тің өзінде 2023 жылы жеке кәсіпкерлердің күшімен 46 жекеменшік білім ошағы пайд­ала­нылуға берілді. Соның нәтижесін­де қала­дағы 586 мың оқушының 132 мыңы жеке­меншік мектептен білім алуда. Бірақ же­ке­­меншік мектептерге мемлекеттің қол­дауы азаятын болса, ондағы оқушылар мен мұғалімдердің жағдайы не болмақ? Бұл мәселе уақытша шешімін тапқанымен болашақта қайталабайтынына кім кепіл? 

Оқулық жекеменшікке жетпейді

Ата-аналардың жекеменшік мектепті таңдауына бірнеше фактор әсер етеді. Бірінші, әдетте мемлекеттік мектептерде бір сыныпта 30-40 бала отырса, жекемен­шікте 15-20 шамасында ғана болады. Бұл – әр балаға жеке көңіл бөлуге мүм­кін­дік береді. Екінші, көптеген жекемен­шік мектеп Cambridge, IB (International Baccalaureate) секілді халықаралық бағ­дарламаларды ұсынады. Үшінші, зама­науи сыныптар, спорт залдар, зертхана­лар – оқушылардың қызығушылығын оятады. Сондай-ақ ағылшын тіліне ерек­ше мән беріледі, кейде қосымша қы­тай немесе француз тілдері де оқытылады.

– Жекеменшік мектепте әр баланың деңгейіне қарай жеке көңіл бөлінеді. Ал мемлекеттік мектепте бала стандартты білім алады. Бір тақырыпты түсінбей қал­ды екен деп ешкім балаға қайта айналып түсіндірмейді. Жекеменшікте оқушы 4 уақыт тамақ ішеді. Түске дейін білім беру бағдарламасы бойынша сабақ оқыса, түстен кейін әртүрлі үйірмеге қатысып, түсінбеген сабағын пысықтайды. Балаға да, ата-анаға да ыңғайлы, – дейді Bolashak Kemenger жекеменшік мектебінің дирек­торы Ләйлә Көккөзова. 

Оның айтуынша, қыста жекеменшік мектептерді бірнеше ай қатарынан мем­лекет қаржыландырмады. Бірақ құрыл­тай­шылардың араласуымен бұл мәселе шешілді. Кешіктіріліп болса да, мұғалім­дер жалақысын алды. 

– Ай сайын қаржы орталығы тиісті қаржыны бөліп отырса бізге де жақсы. Өйткені біз солар берген ақшамен мұғал­ім­нің айлығын, оқушының тамағын ажы­ра­тамыз. Қазір жекеменшік мектеп көп ашылып жатыр. Мемлекеттік мектеп­ке оқулық берілгені сияқты, жекеге де кітап берсе дейміз. Өйткені жекеменшік мек­теп­те кітап қоры жоқ. Ата-ананың тарапы­нан ғана қаржыландырып, кітап аламыз, – дейді Ләйлә Көккөзова.

Ата-ана таңдау жасағанда сапалы біл­ім­ге және оқу бағасына көңіл бөлетіні сөзсіз. Еліміздегі жекеменшік мектептер ұсынатын баға диапазоны әртүрлі. Аймақ­тық жерде айлық оқу құны 50 000 теңгеден басталып, Алматы, Астана мегаполистер­інде 1 миллион теңгеден асып жығыла­ды. Оқу ақысы жөніндегі рейтингте бірін­ші орынды Астана қаласында орна­ласқан QSI халықаралық мектебі иеленіп отыр. Мұнда 1-сыныптан 12-сыныпқа дейін оқу ақысы бірдей, жылына 26 000 АҚШ дол­лары, айына орта есеппен 1,28 млн теңге­ден. Оқу тек ағылшын тілінде жүргізіледі. Халықаралық деп аты айтып тұрғандай, негізінен елімізде жұмыс істейтін шетелдік азаматтардың, дипломаттардың балалары­на арналған мектеп. Дегенмен мұнда Қазақ­стан азаматтарының да балалары білім алады. Бала саны да шағын, 300-ден асады. Екінші орында Алматы қаласында орналасқан халықаралық QSI мектебі тұр. Мұндағы оқу ақысы, елордадағыдан арзан, айына орта есеппен 1,08 млн тең­геден. Оқушы саны – 450. Рейтингте үшін­ші орынды Haileybury Almaty және Haileybury Astana мектептері иеленген. Екі мектептің бір орында орналасу себебі – екі мектепте білім беру құны бірдей. Мұнда дайындық сыныбынан бастап 13-сыныпқа дейін білім беріледі. Сондықтан оқу ақысы сыныптарға қарай бөлініп отырады. Мысалы, дайындық сыныбы жылына 5,6 млн теңге, 3-6-сынып оқушылары үшін 9,7 млн теңге, 10-13-сыныптар үшін 12,6 млн теңге. Орта есеппен оқу ақысы айына бір бала үшін шамамен – 1 млн теңге. 

Мықты мұғалімдер жекеменшікті таңдаған

Astana Garden School инновациялық мектебінің негізін қалаушы Нұрмұхамед Досыбаевтың пікірінше, жыл сайын шама­мен жекеменшік мектептерге 200 миллирад теңге көлемінде қаржыландыру бөлінеді. Қазір мықты мұғалімдер жеке­меншік халық­аралық мектептерге ауысып жатыр. Себебі ол жақта жұмыс істеу ұстаз­дарға қол­айлы. Мемлекеттік мектептердің ішін­де де сапалы кадрлар НЗМ, БИЛ, РФММ сияқты мамандан­дыр­ылған мек­тептерде. Ал орта білім беретін мектеп­тердегі маман­дардың жағдайы мәз емес. 

– Мұны мұғалімдердің біліктілік тес­тінің нәтижесінде айтып отырмын. Ешкім ренжімес. Екінші. ҰБТ, олимпиада нәти­же­лері де осы сөзімді растап отыр. Мемле­кеттік мектептегі білім сапасы жылдан-жылға төмен түсуде. Керісінше, мамандан­ды­ры­лған, соңғы жылдары ашылған же­ке­­меншік, халықаралық мектептердің білім сапасы көрінуде. Бұл жерде, бизнес үшін ашылған жекеменшік мектептерді емес, ұзақ мерзімді жоспармен ашылған мек­тептерді айтып отырмын, – дейді Нұр­мұхамед Досыбаев. 

Оның айтуынша, мемлекеттік мектеп­тер­дегі мамандарға қолайлы жағдай жасап, олардың өсуіне мүмкіндік беру керек. Қазір бұл бағыттағы көрініс мәз емес. Жал­пы, мектепте әр деңгейдегі оқушы оқитын­дықтан олармен жұмыс істеу де қиын. Сон­дықтан мықты мамандар қай жерде жұмыс істеу қолайлы болса, сонда шоғыр­лануда. 

Қазір мемлекет жекеменшік мектеп­терге жақсы қолдау білдіріп келе жатыр. Тек аяқастынан жаңа ереже бекітпеуі керек. Қазақстанда жалға алынған ғимарат­та мектеп ретінде жұмыс істеп жатқан 40 пайыз жекеменшік мектеп бар. Бұл шама­мен 350 мектеп. Солардың барлығын бірдей жабу қате деп ойлаймын. Сапасы төмен мектепті ғана тексеріп, арнайы талап қою керек. Ал жалға алған ғимараттың бәрі нашар деу негізсіз болады. Мемлекет тара­пы­нан осындай қолдау жасап, салықтан босатса жақсы болар еді. Өзбекстанда айлықтың үстінен төленетін салық 10 пайыз ғана, ал Дубайда мұндай салық жоқ. Қазақстанда 30-35 пайыз. Бұл жұмыс беру­шілерге ауыр. 2026 жылдан бастап 5 пайыз корпоративтік табыс салығын енгізіп жатыр. 2027 жылы 10 пайыз болады екен. Оны да азайту керек. Осындай қолдау жасал­са, жекеменшік секторға инвестиция да келу тоқтамас еді. Еліміздегі білім сапа­сының артуына бұл үлкен қолдау. Кейін бюд­жетте ақша көбейіп, мемлекеттік мек­теп­тердегі жағдай жақсарғанда мықты ұстаздардың жалпы мектепке қайта орала­тыны анық, – дейді Нұрмұхаммед Досыбаев. 

Жекеменшік мектептердің көбеюі білім беру саласындағы бәсекені арттыра­ды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік мектеп­тердің де дамуына түрткі болуы мүмкін. Де­генмен басты мәселе – сапалы білім тек ақшасы барларға ғана бұйырмауы керек. Себебі білім – баршаға ортақ құндылық.

Көктем ҚАРҚЫН