Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Жақсықылыш кентіндегі іргелі «Аралтұз» кәсіпорнының басы даудан арылмай қойды.
Тұз зауыты төңірегіндегі түйткіл
5,626
оқылды

Сәт сайын кен орнындағы келеңсіздіктер тұрғылықты халықтың ашу-ызасын туғызып тұр. Оның ішінде жалақы төңірегіндегі жырдан бастап, кен орнын игеруге қатысты бірқатар былықтың бетін ашқан кәсіпорын жұмысшылары басты талаптарының әлі күнге дейін ескерусіз қалып тұрғанына ашынады.

Жалпы, «Аралдың ақ алтыны» аталған тұз өндірісінің тарихы тереңнен баста­лады. Ең алғаш тұз өндіру ісі теңізді өңірде 1925 жылы қолға алына бастайды. Нақты айтқанда, бұл кәсіпорын ең алғаш сол жылы тұз қазатын «Соль» артелі ретінде құры­лады. 1927 жылы Сольтрес кәсіпорны болып жасақталады. Кейіннен 1958 жылы Сульфатпен қосылып, «Арал­сульфат» деген атауға ие болады. Сол кезеңнен бастап комбинатта тұз қазу, өңдеу, қаптау, қалталау, тұз жылы, механика және жылу, электр, құрылыс, автотрактор, қосалқы шаруашылық цехтары жұмыс істейді. Жылына 600-650 мың тонна аралығында тұз қазу, тасу, түсіру жұмыстары жүргізі­леді. Комбинатта 1928 жылы ұзындығы 53 шақырым болатын «Арал-сульфат тұз» құрылысы басталып, 1932 жылы аяқтала­ды. Комбинатта 1991 жылы жылына 620 мың тонна тұз ұсақтайтын «тұз майдалау» цехы іске қосылыпты. Ал 1993 жылы «Аралтұз» АҚ болып қайта құрылып, соның негізінде 2013 жылы осы заманға сай жабдықталған цех ашылады. Онда жылына 130 мың тонна йодталған ас тұзы өндіріледі. Бүгінде кәсіпорынның тұз өнімдері халықаралық стандартқа сай, жоғарғы сапа сертификатына ие. Өндір­ілген өнімдер Түркия және ТМД елдеріне экспортталады деп көрсетілген. 

Дейтұрғанмен кәсіпорын жұмысшы­лары тарапынан ішкі ахуалдың ушығып тұрғанын бірнеше жылдан бері үздіксіз көтеріп келеді. Оның ішінде жалақы мен зейнетақы жарналарын аударуға қатысты келіспеушілік, ішкі қауіпсіздік шаралары, кен өндіру кезіндегі кемшіліктер шешімін таппай, есесіне сағызша созылып бара жатқанға ұқсайды. Бұл жайында бізге «Аза­маттық бастамалар орталығы» қоғам­дық қозғалысының төрағасы, Арал мәселесін көтеріп жүрген белсенділердің бірі Жомарт Қартбаев хабарласып, жан-жақты баяндап берді. 

Қазір Жақсықылыш кенті тұрғын­дары­ның негізгі күнкөріс көзі осы кәсіп­орынмен тығыз байланысты. Өйткені алақандай ғана ауылда тұз өндірісінен өзге тіршілік көзі жоқ. Егінге ауыл табиғаты мүмкіндік бермейді. Ал мал шаруашылы­ғымен айналысатындар қарасы қалың емес. Көп жағдайда ойсылқара тұқымын өсіріп отырған жандар байқалады. Оның өзі де көл-көсір пайдаға кенеліп отыр деп айту қиын. Сол себепті де ауыл халқының басым көпшілігі комбинатта еңбек етіп, күнкөріс қамын күйттеуге мәжбүр. 

Алайда Арал жанашыры өндіріс орны орналасқан ауылдың тіршілігі күн санап тұралап бара жатқанын қынжылыспен жеткізді. Соның ішінде ауыл тұрмысын түзеп, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпалы жоғары саналатын кәсіпорында соңғы жылдары жұмысшыларға басшы­лық тарапынан қысым жиі көрініс тауып тұрғанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, жала­қының уақытылы төленбеуі, кәсіп­орын жұмысшыларының еңбек демал­ысы­на шығуына кедергілер келтіру деректері жиілеп кеткен. Сонымен қатар өз пікірін ашық жеткізген жұмысшыларға қысым көрсету, одан қалды заңсыз жұмыс­тан босату фактілері тіркелген. 

«Бұл кәсіпорында адам айтса нан­ғы­сыз түрлі келеңсіздік болып жатқаны жиі айтылып жүр. Оның ішінде жұмысшылар­дың еңбек құқықтарының бұзылуы жиіл­еп кеткен. Сол сияқты тұз өндіру процесі­нің өзінде заңбұзушылықтар анықталып отыр. Нақты айтқанда, тұз өндіруде эко­логиялық және өндірістік қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзы­лып отырғаны белгілі болды. Осы ретте, тұз өндіру про­цесіндегі кемшіліктерді айтпағанның өзінде, еңбек техникасы мен қауіпсіздік талап­тарының сақталмауы жұмысшылар­дың өмірі мен денсаулығына зор қауіп төндіріп тұрғанын ерекше атап өткен абзал. Бұл мәселе тиісті орындар тарапы­нан бұған дейін де көтерілді. Бірақ әзірге көз қуантарлық нәтиже болар емес. Кәсіп­орынның ішкі ахуалы «баяғы жартас сол жартас» күйінде қалып тұр», – дейді Арал белсендісі. 

Қоғамдық қозғалыс төрағасының уәжіне құлақ түрсек, Энергетика және минералды ресурстар министрлігі берген 27.01.2006 жылғы №004985 мемлекеттік лицензия негізінде жұмыс істеп жатқан «Аралтұз» акционерлік қоғамында тұз өндіру технологиясын өрескел бұзылуы, тиісті ережелердің сақталмауы белең алып тұр. Атап айтқанда, тұз өндіру технология­сының өрескел бұзылуы, оның ішінде тұз өндіру жұмыстарының экскаваторлық әдіспен жүргізілуі көпті толғандырады. Бұл тәсіл бірінші кезекте тұз қабаттарының табиғи жолмен қалыптасуына кері әсерін тигізеді және жер қойнауын пайдаланудың экологиялық нормаларын бұзады деп есептейді. Яғни, осы әдіс келешекте тұз­дың пісіп, қайта қалпына келуіне зиянын тигізіп қана қоймай, жерасты тұз қорының жоғалуына әкеп соқтырады деген қорқы­ныш басым. Екіншіден, кәсіпорын жұ­мыс­шылары құқықтарының бұзылуы тыйылмай тұрғанын алға тартты. Бұл тұрғыда зейнетақы жарналары мен мін­дет­ті медициналық сақтандыру төлемдері жұмыс беруші тарапынан уақытылы аударылмайтынын жеткізді. Сол сияқты цехтарда аспирация (шаң сору) құрылғы­ларына қатысты мәселе жұмысшылардың денсаулығына қауіп төндірсе, цехта еңбек ететін бір қызметкерге бірнеше міндеттің жүктелуі кадр тапшылығы мәселесінің орын алып тұрғанын аңғартады. Ал тамақ­тану және демалу орындарының санитар­лық талапқа сай келмеуі адам құқықтары мен еңбек нормаларына қайшы екенін мәлімдеді. Үшіншіден, өнім сапасының төмендеуі өзектілігін жоймай тұрғанына қынжылыс білдірді. Бұл ретте, қазір өн­діріліп отырған тұздың 80 пайызы техни­калық мақсатта ғана қолданылып отыр­ғанын, бұл бірінші кезекте өнім сапасы­ның нашарлауын көрсететінін алға тарт­ады. Жағдай бұлай жалғаса берсе зауыт келешегіне зор қауіп төндіруі мүм­кін екеніне алаңдаушылық білдірді.

«Бұған дейін жоғарыда аталған мәсе­л­елер бойынша Арал аудандық санитар­лық-эпидемиологиялық қадағалау бас­қармасымен тексеріс жұмыстары жүргіз­ілді. Кәсіпорындағы мәселелердің нақты­лығы анықталды. Соның негізінде тиісті шешімдер шығып тұр. Нақты уақытта кәсіпорын осы басқармамен соттасып жатыр. Алайда өкінішке қарай, құзырлы мекеменің заңбұзушылық аясында көр­сет­кен төрт талабының үшеуі алынып тасталып, тек біреуі ғана күшінде тұр. Ал ең­бек қорғау және қаржы министрлігінің шешімдеріне сәйкес жұмысшыларға төленуі тиіс әлеуметтік пакеттер әлі күнге төленбеген. Кәсіпорын төңірегінде болып отырған осындай әрекеттер түрлі күмәнді ойларға жетелейді. Бұл мәселе жайында «AMANAT» партиясына хат жолданды. Алдағы уақытта Қызылорда облысы әкім­і­не аталған мәселе бойынша кіру жос­парда бар. Бір сөзбен айтқанда, Жақсы­қыл­ыш кенті халқының жағдайы ауыр. Бұған көз жұмып, қол қусырып қарап отыру мүм­кін емес», – дейді Жомарт Қартбайұлы. 

Арал белсендісі көп келеңсіздік анық­талғанымен, әзірге кәсіпорын тарапынан болып жатқан заңбұзушылықтар мен жұмысшылар талаптары орындалмай тұрғанын жеткізді. Соның ішінде мемле­кеттік құзырлы мекемелер мен министр­лік­тердің талап шешімдері тасада қалып, жұмысшыларға әлеуметтік төлемдердің әлі күнге төленбеу себебін түсінбей дал. 

Аталмыш мәселе төңірегінде жергілік­ті әкімдікке хабарласып, кәсіпорынның қазіргі ахуалы жайында сұрадық. Сауалы­мызға орай Арал ауданы әкімдігі «Аралтұз» АҚ-ға қатысты мәселе бар екенін жасыр­мады. Соның ішінде кен орнын экскава­торлық әдіспен қазу мәселесі шешімін тапқанын сүйіншіледі. 

«Бұған дейін кәсіпорында көп мәселе бой көрсетті. Соның ішінде тұзды экска­ва­тормен қопарып, қазып алу әдісі халық­тың ашу-ызасын туғызғаны рас. Соған орай кәсіпорынға жалпы құны 1 млн АҚШ доллары болатын арнайы комбайн­дар жеткізілгені жайында ақжолтай хабар алдық. Жаңа техникаларды арнайы тап­сырыспен Германиядан алғызып отыр. Сол арқылы бұдан кейін кен орнында арнайы заманауи техникалардың көмегі­мен тұзды бетінен қалқып алу әдісі қолға алына бастады. Ал комбинаттағы өзге де мәселелер алдағы уақытта оңтайлы шеші­мін табады деген сенім зор», – деді бұл жайында Арал ауданы әкімдігінің баспа­сөз қызметінен. 

Өз кезегінде Арал аудандық кәсіпкер­лік және өнеркәсіп бөлімі кәсіпорын тарапынан қомақты инвестиция тартыл­ып, аудан аумағында ауқымды жұмыстар жүргізілгенін жеткізді. 

«2025 жылдың қаңтар-шілде айлары бойынша «Аралтұз» АҚ-ның тұз өндіру зауытында 183 705 тонна ас тұзы өндіріліп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 103,1 пайызды құрап отыр. Жыл басынан бері өндіріс орнына «Аралтұз» АҚ тарапы­нан 98 млн теңге инвестиция тартылған. Бұған қоса жыл соңына дейін зауыттағы құрал-жабдықтарды жаңғыртуға, жөндеу жұмыстары және әлеуметтік жобаларға қосымша 985,5 млн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қазір кәсіпорын тара­пынан жоба құны 9 млн теңгеге Жақ­сықылыш кентіндегі ауылдық емхана ғимаратының бір бөлігін кент әкімдігіне өткізу мақсатында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ биыл өндіріс аума­ғын­да 100 орынға арналған жатақхана пайда­лануға беріледі деп жоспарлануда. Сол сияқты Арал қаласынан жоба құны 180 млн теңгені құрайтын спорттықсау­ық­тыру кешені және бассейн құрылы­сын жандандырып, жыл соңына дейін қосу жоспарда тұр. Сонымен қатар жоба құны 18 млн теңгеге Жақсықылыш кенті­нің орта­лығынан тренажер, ойын алаңы бар шағын стадион салу межеленіп отыр», – делінген бөлімнің берген жазбаша жауа­бында. 

Жалпы, құзырлы орындар тарапынан кәсіпорындағы қордаланған мәселелердің қашан толықтай шешімін табатынына тұщымды жауап болмады. Соған қараған­да өндіріс орнында тізбектелген түйткіл­дердің түйіні қай кезде түбегейлі шешімін табары әзірге беймәлім күйде қалып тұрған сияқты. 

Қалай дегенде де, жергілікті жұртшы­лық­ты толғандырған мәселелер кезек күт­тір­мейтіні белгілі. Соған орай Арал жанашыры жоғарыда аталған жайттарды қаперге ала отырып, кәсіпорынға 27.01.2006 жылы Энергетика және минер­алды ресурстар министрлігі берген №004­985 мемлекеттік лицензиясы кері қай­тарылса деген тілегін жеткізді. Соны­мен қатар заңбұзушылықтарды жою бойын­ша қатаң тексеріс жүргізіліп, тиісті шаралар қолданылуы қажет деп есептейді. 

Жалпы, Арал өңірінің экологиялық және әлеуметтік ахуалын арттыруда жо­ғары­да аталған мәселелер ескерусіз қал­май, нақты шешімдер қабылданатынына дүйім жұрттың үміті басым. Ең дұрысы, жергілікті жұртшылық іргелі кәсіпорын мемлекет меншігіне қайтарылса, ахуал оңалар еді деген пікірде.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы