Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым Жолдауларында ауыл шаруашылығын қолдаудың, техникалық және қаржылық қамтамасыз етудің, сондай-ақ салада тұрақты әрі тиімді даму тетіктерін қалыптастырудың маңызын ерекше атап келеді. Елдің ең басты астықты аймағы – Ақмола облысында биыл да бұл бағытта нақты тапсырмалар беріліп, жүйелі шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн...
Қарқын мен сапа қатар
Соңғы жедел деректерге сүйенсек, еліміздің 12 өңірінде егін жинау науқаны басталып, қарқынды түрде жүріліп жатыр. Бүгінде 1,1 млн гектардан астық жиналып, 1,6 млн тоннадан астам өнім бастырылған. Сондай-ақ 17,4 мың тонна майлы дақылдар, 363,5 мың тонна картоп, 1,3 млн тонна көкөніс және 1,6 млн тонна бақша дақылдары қамбаға құйылды деген ақпарат тарады. Негізгі жиын-терім науқаны тамыздың үшінші онкүндігінен бастап бүкіл ел бойынша кең көлемде жүргізіледі деп жоспарланған.
Бұл жұмыстардың табысты болуы, ең алдымен, шаруаларды дер кезінде қажетті техникамен, жанармаймен және қаржылық қолдаумен қамтамасыз етуге тікелей байланысты екені сөзсіз. Биыл егін жинауға 139 мың трактор, 31 мың астық комбайны, 17 мың шапқыш және 130 мың басқа да техника жұмылдырылмақ. Қазір олардың жалпы дайындық деңгейі – 93 пайыз.
Диқандарға жеңілдетілген бағамен литрі 254 теңгеден 402 мың тонна дизель отыны да бөлінгені мәлім болды. Бұл – нарықтағы бағадан 18-20 пайызға арзан.
Фермерлерге қаржылық демеу
Құзырлы министрлік мәліметінше, биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылған. Бұл қаражат фермерлерге жылдық небәрі 5 пайыздық мөлшерлемемен беріліп отыр. Қаржыландыру алты бағыт бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Аграрлық кредиттік корпорация» акционерлік қоғамы, екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары, өңірлік инвестициялық орталықтар, кредиттік серіктестіктер және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар шаруаларға несиелік бағдарламаларын ұсынған.
Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет егін егу мен жинау жұмыстарына ерте қаржыландыру тетігі енгізілген еді. Биыл өтінімдер былтырғы 29 қарашадан бастап қабылданған. Нәтижесінде, 500 млрд теңгеге жуық қаржы сұратылған 7 543 өтінім түссе, оның ішінде 490,1 млрд теңге сомасына 7 485 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылғаны анықталды. Бұл – 7,8 млн гектар егістік алқапты қамтып отыр.
Сонымен қатар «Даму» қоры кепілдік беру бағдарламасын іске асырып, кепіл мүлкі жеткіліксіз шаруаларға несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік берген. Осы арқылы 1 304 кепілдік рәсімделіп, жалпы көлемі 226,1 млрд теңге қаржы қолжетімді болғанын атап өткен жөн.
Отандық агросаланың алдыңғы шебіндегі аймақ
Еліміздің астық қорындағы ең басым үлес Ақмола облысына тиесілі. Биыл мұнда ауыл шаруашылығы жұмыстарын үйлестірудің жаңа форматы енгізілді. Агрономиялық кеңес құрылып, тұқым сапасы мен агротехнологияларды сақтау қатаң бақылауда алынған.
Өңірде егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша да айтарлықтай ілгерілеу бар. Жаздық егістің жалпы көлемі бүгінде 5,3 млн гектарға жетіп жығылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 128 мың гектарға артық. Бидай алқабы кезең-кезеңімен қысқартылып (4 млн гектардан 3,8 млн гектарға дейін), майлы дақылдар 226,8 мың гектарға дейін кеңейтіліп отыр.

Көпжылдық шөптер мен жемшөп дақылдарының көлемі 18,3 мың гектарға өсіп, 336,6 мың гектарға жетті. Бұл – мал шаруашылығын сапалы азықпен қамтамасыз етудің маңызды алғышарты десек қателеспейміз.
Құзырлы сала органдарының дерегінше, облысқа 336 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған, бұл өткен маусымнан 78 мың тоннаға артық. Қосымша мемлекеттік резервтен 12 млрд теңге бөлініп, жоспардың толық орындалуына жағдай жасалған.
Жаңа егінді сақтау мәселесіне де айрықша көңіл бөлінгенін атап кеткен жөн. Ақмолада жалпы сыйымдылығы 4,3 млн тонна болатын 66 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны және 2,9 млн тонна сыйымдылықтағы 1,5 мыңнан астам қойма жұмыс істеп келеді. Сағатына 9,7 мың тонна кептіретін 264 астық кептіргіші іске қосылып, тәулігіне 235 мың тонна астық кептіруге мүмкіндік береді.
Қазір егін жинауға 7 мыңнан астам комбайн дайын тұр, оның ішінде 4,8 мыңы – жоғары өнімді заманауи модельдер болса, сонымен қатар 2,7 мың орақ және 4,8 мың жүк көлігі іске қосылмақ.
Қазір облыс бойынша 1,275 млн тонна шөп (жоспардың 96,5 пайызы) және 99,3 мың тонна пішен (жоспардың 38,2 пайызы) жиналған. Жалпы жемшөп қоры 3,171 млн тонна көлемінде дайындалады. Бұл – қыста малдың толық әрі сапалы азықпен қамтамасыз етілуіне кепілдік бермек.
Биыл Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешеніне 233,5 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетіледі. Оның 63,3 млрд теңгесі – қайтарымсыз субсидиялар. Жеңілдетілген несиелер мен форвардтық сатып алуларға 170 млрд теңге бөлініп, «Кең Дала», «Кең Дала-2» және «Ауыл аманаты» бағдарламалары арқылы жүздеген фермер қаржыландырылған.
Президенттің техника паркінің жыл сайын 8-10 пайызға жаңаруын қамтамасыз ету тапсырмасы да табанды орындалуда. Жыл басынан бері өңір шаруалары 39,8 млрд теңгеден астам қаржыға 1 115 бірлік техника сатып алды. Бұл былтырғыдан 1,4 есе көп.
Ақмола облысында да, жалпы ел көлемінде де Мемлекет басшысының Жолдауларында шегелеп тапсырған міндеттері нақты іс жүзінде орындалып жатыр. Қаржылық демеу, техникамен және жанармаймен қамту, егіс алқаптарын әртараптандыру, заманауи сақтау инфрақұрылымы – мұның бәрі биылғы жиын-терімнің сапалы әрі уақытында өтуіне мүмкіндік береді. Егін – елдің ырысы, ал оны жинау – мемлекеттің тұрақтылығы мен халқымыздың берекесінің кепілі болмақ...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы