Неслихан Өзтүрік қазіргі таңда Германияның Мюнхен қаласында тұрады. Ол бұған дейін қазақ тілін үйреніп жатқанын айтқан еді.
«Бұл жарыс – менің әкеммен рухани байланыс орнататын мүмкіндік»: Мұстафа Өзтүріктің қызы Астанаға келді
turkystan.kz
1,115
оқылды

Таэквондодан 6 дүркін әлем чемпионы, әйгілі қазақ спортшысы Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік Астанаға келді. Ол елордадағы  Kazakhstan Open Astana  халықаралық турнирінің құрметті қонағы ретінде қатыспақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты  1bol.kz-ке сілтеме жасап.

«Құрметті отандастар! Сіздермен ерекше жаңалықпен бөліскім келеді. Қазіргі уақытта мен Қазақстанның бас қаласы – Астанадамын. Мені Қазақстан таэквондо федерациясы  Kazakhstan Open Astana  турниріне құрметті қонақ ретінде шақырды. Осы шақырту үшін федерацияға шын жүректен алғысымды білдіремін. Менің әкем – Мұстафа Өзтүрік дәл осы федерацияның негізін қалаған. Ол ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, Қазақстанда мықты таэквондошылардың шығуына зор үлесін қосты. Әкем өз елін шексіз сүйетін. Сондықтан бұл сапар мен үшін өте маңызды. Бұл жарыс – менің әкеммен рухани байланыс орнату мүмкіндігі. Барлық спортшыларға сәттілік тілеймін!» – деді Неслихан Өзтүрік.

Айта кетейік, Неслихан Өзтүрік қазіргі таңда Германияның Мюнхен қаласында тұрады. Ол бұған дейін қазақ тілін үйреніп жатқанын айтқан еді. Әйгілі Мұстафа Өзтүрік алғаш рет Қазақстанда таэквондо мектебін ашқан. Бірақ 40 жасында мезгілсіз өмірден өтті. Оның артында үш баласы қалған.