Олар білімді, саналы, тәрбиелі ғана емес, дені сау әрі салауатты өмір салтын ұстанған ұрпақ болып қалыптасқанда ғана мемлекет өркендеп, қоғам ілгері қарай қарышты қадам баспақ. Сол себепті еліміздің әр өңірінде бұл бағыттағы жұмыстарға айрықша мән берілуде. Соның айқын мысалы – Ақмола облысына қарасты Есіл ауданы. Мұнда соңғы үш жылда бірде-бір жасөспірім қылмысқа қатыспаған. Бұл – жай ғана құрғақ статистика емес, жүйелі, мақсатты әрі үйлесімді еңбектің, азаматтық жауапкершіліктің, сонымен қатар қоғам мен биліктің бірлесе атқарған табанды еңбегінің нәтижесі.
Есілде қалыптасқан үлгі – полиция мен спорт қауымдастығының, жергілікті билік пен қоғамдық ұйымдардың өзара серіктестігі арқылы жастарды қылмыс пен құқықбұзушылықтан қорғаудың тиімді тетігі. Мұнда спорт – жай ғана денешынықтыру құралы ғана емес, ол мінез қалыптастыратын, ерік-жігерді бекітетін, арманға жетелейтін өмір мектебі ретінде қабылданады. Жастардың спортқа ден қоюы – олардың бос уақытын пайдалы іспен өткізуіне, темекі мен алкогольден, нашақорлықтан бойын аулақ ұстауына жол ашқан. Бұл үрдіс құқық қорғау органдарының назарын да өзіне аударып, ел ішінде тыныштық пен қауіпсіздікті сақтаудың тиімді амалдарының біріне айналыпты.
Таяуда Ақмола облыстық Полиция департаментінің басшылығы Есіл ауданының спорт жаттықтырушылары және жастарымен арнайы кездесу өткізді. Бұл жиында елдегі заң үстемдігі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді мақсат еткен «Заң және тәртіп» идеологемасы жан-жақты талқыланды. Спортшылар мен жаттықтырушылар тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды ынталандыратын үлгілік жаттығулар көрсетті. Полиция өкілдері қылмысқа қарсы іс-қимылдың тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
– Полиция мен спорт қоғамдастығы арасындағы серіктестік – бұл тек алдын алу шаралары ғана емес, ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың пәрменді құралы. Еркін ойлы, спортқа құштар жастар – қоғам тыныштығының кепілі, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Гүлнәр Пинчук.
Ақмола өңірі – «Зиялы қауым» бағдарламасын тиімді жүзеге асырып келе жатқан санаулы аймақтардың бірі. Бұл жоба мұғалімдерді, спортшыларды, мәдениет қайраткерлерін, ардагерлерді – жастар тәрбиесіне жұмылдырып отыр. Есіл ауданында да ата-аналар, ұстаздар және спорт жаттықтырушылары күш біріктіріп, жасөспірімдерді теріс әдеттерден, құқықбұзушылықтан алшақ ұстауға барынша атсалысып келеді
Кездесуге жекпе-жектен әлем чемпионы, ел намысын талай дүбірлі додаларда асқақтатқан Идрис Бірімжанов арнайы келіп, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол спорттың адамға тек физикалық дайындық қана бермей, мінезді шыңдайтынын, жауапкершілік пен тәртіпке баулитынын атап өтті.
Бүгінде Есіл ауданында үштен астам заманауи спорт кешені жұмыс істейді. Бұл – жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына және қоғамға пайдалы ортаға тартылуына зор мүмкіндік.
Сонымен бірге полиция бастамасымен «Заң елшілері» атты жоба іске қосылған. Мұнда жас спортшылар өз қатарластарына үлгі болып, заң мен тәртіпке құрметті насихаттайды.
Кездесу барысында бұрын қолға алынбаған бірқатар тың бастама да көтерілді. Атап айтқанда, тәуекел тобындағы жасөспірімдерге арналған спорттық турнирлер, ювеналды полиция инспекторлары өткізетін шеберлік сабақтары, «Тәлімгер» бағдарламасы негізінде тәжірибелі спортшылардың қиын жағдайда жүрген жасөспірімдерге қамқор болуы сияқты ізгі шаралар ұйымдастырылатын болды.
Бұл шаралар тек спорттық дағдыларды дамытып қана қоймай, жастардың өмірлік бағытын дұрыс қалыптастыруға және құқықбұзушылықтың алдын алуға ықпал етпек.
Іс-шара соңында ішкі істер органдары мен спорт ұйымдары арасында «Заң және тәртіп» қағидасы аясында тұрақты ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Өңірде спортты дамытуға және құқықбұзушылықтың алдын алуға қосқан үлесі үшін бірқатар жаттықтырушы мен белсенді жас спортшылар марапатталды.
Есілдің тәжірибесі – қылмысқа қарсы күресте қоғам мен биліктің бірлесе әрекет етуінің жарқын үлгісі. Бұл тәсіл адам саудасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, экстремизм, сыбайлас жемқорлық, нашақорлық және браконьерлік сияқты аса қауіпті қылмыстардың алдын алуда да тиімділігі зор.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы