«Қазір теңізге шығар жолымыз болмағанымен, келешекте амалын табамыз...». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі. Ол бұл пікірін Түрікменстанның Аваза қаласында өткен Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ үшінші конференциясында айтты.
Өңірдің даму әлеуеті жоғары
7,154
оқылды

Қазақстан Президенті БҰҰ-ның Теңізге шы­ғатын жолы жоқ дамушы елдерге арналған кон­ференциядағы сөзін Түрікменстан Пре­зиденті Сердар Бердімұхамедовке риза­шы­лы­ғын білдіруден бастады. Қазақстанның Мем­лекет басшысы әріптесіне конфе­рен­ция­ға шақырғаны үшін ризашылық білдірсе, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке теңіз­ге шығар жолы жоқ дамушы елдердің проб­лемаларын шешуге және мүмкіндіктерін пай­далануға бейіл танытқаны үшін алғыс айт­ты.

Біз ынтымақтастыққа ашықпыз

Президент БҰҰ-ның Теңізге шығатын жо­лы жоқ дамушы елдерге арналған кон­фе­рен­циясы алғаш рет 20 жылдан астам уақыт бұ­рын Қазақстанда өткенін атап өтті. Осынау ел­дердің өкілдері алғаш рет 2003 жылдың 28-29 тамызында Алматыда жиналса, одан кейін­гі конференция 2014 жылдың 3-5 қара­ша­сында Аустрия астанасы Венада өткен еді. Ава­зада үшінші мәрте бас қосты. 

– Жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қа­зақстан теңізге шығар жолы жоқ дамушы ел­дерге арналған БҰҰ-ның алғашқы кон­фе­ре­нциясын өткізіп, жетекші рөл атқарды. Яғ­ни, еліміз бұл үздіксіз үдеріске бастапқы жыл­дардан бері қатысып келеді. Осы тарихи оқи­ға барысында Алматы іс-қимыл бағ­дар­ламасы қабылданды. Бұл құжат теңізге шығар жо­лы жоқ дамушы елдер тобының мәсе­ле­лерін жаһандық дамудың күн тәртібіне тұң­ғыш рет шығарды. Бүгін біз алдымызда тұр­ған міндеттерді одан әрі ілгерілету мақсатында Ава­зада бас қосып отырмыз, – деді Мемлекет бас­шысы. Сөйтіп, Қазақстанның ортақ игі­лік үшін барша жұртпен тізе қоса әрекет ету­ге әр­қашан даяр екенін әрі өміршең бас­та­маларды ұдайы қолдайтынын меңзеді. 

Президенттің айтуынша, осы топ құ­ра­мын­дағы 32 дамушы елде жарты мил­лиардтан ас­там адам тұрады. Олардың көпшілігі қар­жы­­ландыруға және технологияға қол жет­кізу­де, сондай-ақ жаһандық нарыққа жол табу­да кездесетін кедергілермен бетпе-бет келеді. 

– Аймақтағы шектеулі байланыс – теңізге шы­ғар жолы жоқ дамушы елдердің басты про­б­­ле­масы. Бұл транзит және сауда шы­ғы­ны, сон­дай-ақ геосаяси факторларға осалдық се­кіл­ді біршама экономикалық қиындық ту­дыра­ды. Аталған кедергілер азаматтардың әл-ауқатына әсер етіп, бәсекеге қабілеттілікті тө­­мендетеді. Түрлі қақтығыстар, эконом­и­ка­лық санкциялар, жеткізу тізбегінің бұзылуы жә­не жаһанда сенімсіздіктің белең алуы жағ­дай­ды одан әрі ушықтыра түседі. Дегенмен Қа­­зақстан теңізге шығар жолы жоқ дамушы ме­м­лекеттерді жаһандық мәселелердің ше­ші­мін табуға атсалысатын тең құқылы әрі перс­пек­тивті серіктес ретінде қарау керек деп са­най­ды. Мұндай елдердің үні анық естілуге тиіс, ал біздің өзара ынтымақтастығымыз те­рең, ұжым­дық ұмтылысымыз батыл болуы қа­жет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Аваза іс-қимыл бағдарламасын тұрақты, инклюзивті және орнықты келешекке жеткізер Жол картасы ретінде толық қолдайтынын мәлімдеді.

– Бұл маңызды бастама транзиттік елдердің, халықаралық даму ұйымдары мен қаржы институттарының саяси қолдауына ие болуға тиіс. Көлік, энергетика және цифрлы инфрақұрылым сияқты басты секторларға инвестицияны ынталандыруға арналған жаңа қаржы тетіктері керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруін тағы бір түйткіл ретінде атады.

– Теңізге шығар жолы жоқ көптеген дамушы ел су тапшылығы, мұздықтардың еруі, шөлейттену секілді экстремалды табиғи құбылыстарға душар болып отыр. Бұл проблемаларды шешу үшін өңір елдерінің ортақ күш-жігері мен белсенді халықаралық қолдау қажет. Дегенмен, менің ойымша, климаттың өзгеруіне қарсы күрес шаралары теңгерімді әрі инклюзивті сипатын сақтап, елдердің даму жолындағы сұраныстарына сай болуға тиіс. Климаттық өзгерістермен күреске жұмылу мақсатында Сіздерді келесі жылы сәуір айында Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірге Астанада ұйымдасты­рылатын Өңірлік экологиялық саммитке шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанның серіктестер­мен бірге аймақтағы өзара байланысты нығайту, цифрлық трансформацияны ілгерілету және ұзақ мерзімді әрі орнықты өсімге ықпал етуді көздейтін елеулі шара­лар қабылдап жатқанын жеткізді.

– Біз Орта дәліз және «Солтүстік – Оңтүстік» бағдары бойындағы көлік жолдары мен транзит инфрақұрылымын дамытуға баса мән береміз. Түпкі мақсатымыз – теміржолдың, автокөлік жолдарының, сондай-ақ авиация мен логистика орталық­тарының біртұтас желісін құру. Бұл Қазақ­станның Еуразиялық транзит хабы ретіндегі позициясын нығайтады. Қазір Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы еліміз арқылы өтеді. Біз сондай-ақ цифр­ландыруға инвестиция құйып жатырмыз. Астана қаласында Alem.AI жасанды интеллект орталығы құрылды. Жуырда суперкомпьютер іске қосылды. Ғылыми ынтымақтастыққа әрдайым ашықпыз. Серіктестерімізді қатарымызға қосылуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өңірлік күн тәрті­бі жөнінде пікір білдіріп, елдердің мүм­кіндігі географиямен шектелмейті­нін Орталық Азия тәжірибесі көрсетіп отыр­ғанын айтты.

– Қазір теңізге шығар жолымыз болма­ғанымен, келешекте амалын табамыз. Яғни, құрлық арқылы байланыс орнатудың маңызы арта түседі. Біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы орнықты. Саяси ерік-жігер, стратегиялық инвестиция мен халықаралық серіктестік болса, теңізге шығатын жолдың жоқтығы кедергі емес, керісінше, өсімге ынталандырады. Орталық Азия өзара тиімді ықпалдастық қанат жайған аймаққа айналғанына куә болып отырмыз. Өңірдің сауда, инвестиция, көлік, байланыс және ресурстарды орнықты басқару салаларында даму әлеуеті жоғары. Екі күн бұрын Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасында Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімге қол қойылды. Оның штаб-пәтері Алматыда орналасқан. Бұл тұтас аймақ үшін маңызды жетістік әрі Аваза бағдарламасының игі мақсаттарына толық сай келеді. Қазақстанның осы бастамасын қолдағаны үшін БҰҰ Бас хатшысына және Орталық Азиядағы серіктестерімізге тағы да ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытын­дылай келе, Қазақстанның теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мақсаттары мен қағидаттарына бейіл екенін растады.

– Теңіз қатынасы жоқ дамушы елдердің жаһандық күн тәртібінен тыс қалмауын халықаралық серіктестікті нығайту арқылы ғана қамтамасыз ете аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Құрлықта да көп мүмкіндік бар

Жалпы, Авазадағы конференция теңізге шығатын жолы жоқ дамушы ел­дерге арналғанымен, әлемде 44 мемлекет мұхитқа тікелей жете алмайды. Дегенмен, олардың ішінде дамыған елдер тобына кіретін мемлекеттер де бар. Ал теңізге шығатын жолы жоқ елдердің көбі Африкада. Бұл құрлықта дәл осындай 16 мемлекет орналасқан. Оңтүстік Американың 2, Еуропаның 14, Азияның 12 елінде теңізге шығатын жолы жоқ. Мұндай мемлекет­тердің ішінде жер көлемі жағынан бірінше орында Қазақстан тұр. Одан соң Моңғолия, Чад, Нигер, Мали, Эфиопия кіреді. Халқының саны жағынан көшті Эфиопия бастайды. Ал Лихтенштейн мен Өз­бек­станның көршілерінің барлығы теңізге апаратын жолы жоқ елдер. КСРО құ­рамында болған 15 елдің 9-ның мұхитқа шығар жолы жоқ.

Әрине, теңізге тіке шығатын жолдың болуы мемлекет дамуында маңызды факторлардың бірі саналатыны рас. Өйткені заманауи сауда-саттықта теңіз жолдарының рөлін алмастыратын ешбір бағыт жоқ. Тіпті, адамзат дамуында серпіліс жасаған кезеңдер де жаңа теңіз жолдарының ашылуымен байланысты болған. Бірақ теңізге апарар жолдың болмауы ел дамуында шешуші рөл атқармайды. Өзге де толып жатқан факторлар бар. Ол жүйелі саяси-экономикалық, әлеуметтік саясаттан бастап, инфрақұры­лымдық жобалар, география, адам капи­талының дамуы тәрізді сансыз ерекшелікті қамтиды. Бәлкім содан да болар көп зерттеуші ел экономикасының өсімін өзге санаттарды ескере отырып болжайды. Айталық, бірер жыл бұрын Goldman Sachs жалпы ішкі өнім көрсеткіші бойынша 2075 жылға қарай әлем экономикасында шешуші рөл атқаруы мүмкін мемлекеттердің тізімін жариялаған.

Бұл тізім бойынша 2075 жылы әлем экономикасында 57 триллион көрсеткішпен Қытай көш бастаса, 52,5 триллион доллармен Үндістан екінші орынды, 51,5 триллион доллармен АҚШ үшінші орынды иеленбек екен. Осы тізімдегі 34 мемлекеттің ішінде қазір теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер қатарына кіретін Эфиопия мен Қазақстан бар. Ал қазір осындай статустағы, бірақ дамыған елдер қатарына кіретін Швейцария, Аустрия, Чехия, Словакия, Луксембург Goldman Sachs болжамында жоқ. Елу жылдан соң Эфиопияның жалпы ішкі өнімі 6,2 триллион долларға, Қазақ­станның көрсеткіші 2,1 триллион долларға жететін көрінеді. Яғни, Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазір теңізге шығар жолымыз болмағанымен, келешекте амалын таба­мыз», – деуінің нақты есеп-қисапқа негіз­делген астары бар деген сөз. 

Қазақстан өзінің транзиттік, экспорттық әлеуетін арттыру үшін кез келген қолайлы жолды таңдап, оны дамыта береді. Әрі жаһандағы трендтер мен экономикалық құбылыстарға да дер кезінде үн қатуды басты ұстаным қатарына қосып отыр. Транзиттің барлық компоненттерін пай­далауға бары­мызды салып жатырмыз. Сирек металдарды барлау, өндіру ісінде де көштен қала қоймаймыз. ІТ технология, атом энергети­касы, «жасыл экономика» тәрізді бағыттарды да пысықтап, нақты қадамдар жасадық. Ал теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдердің мүддесін ескеру, тек Қазақстан үшін емес, бері айтқанда тұтас аймақтың өркендеуіне үлес қосу болып саналады. Өйткені қазір оңаша даму мүмкін емес. Сонымен қатар БҰҰ конферен­циясы­ның мәртебесін көтеру ұйым қызметін нақты қолдаудың белгісі. Ал БҰҰ әлемдегі дау-шарды шешуге, бейбітшілікті сақтауға, адамзаттың дамуына шама-шарқынша қызмет ететін жалғыз ұйым болып қалып отыр. 

 

Түйін:

Авазада өткен жиынның мәні зор. Өйткені тағдырлас 32 мемлекет басшылары мен өкілдері өздерін толғандырған мәселелерді талқыға салды. Алдағы қадамдарды үйлестіруді көздейді. БҰҰ қызметінен үміт күтеді. Ал Орталық Азия елдері жұдырықтай жұмыла түсетін әдетінен жаңылған жоқ. Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ үшінші конференциясының ашылу салтанатына дейін Орталық Азия мемлекеттері бас­шыларының өзара кездесіп, ынты­мақ­тастығының басым бағыттарын талқылап алуы – соның айғағы. 

 

Қазыбек МАЙГЕЛДИНОВ,

саясаттанушы: 

Теңізге жолдың жоқтығы кедергі емес

Авазада өткен конференцияның маңызды екенін көптеген сарапшы айтуда. Біз саясаттанушы Қазыбек Майгелдиновке хабарласып, теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ конференциясы жайлы пікірлестік. 

– Авазада А.Гутерриш теңізге шыға алмайтын мемлекеттерге арналған Севилья қаржы міндеттемесін іске асыру қажет екенін атады. Бұл міндеттеме Қазақстанға не береді?

– Севилья қаржы міндеттемесі БҰҰ-ның қаржыландыру конференциясында қабылданған стратегиялық құжат. Дамушы және теңізге шығатын жолы жоқ елдердегі инфрақұрылым жобаларына қолдау көрсететін, сонымен бірге қарызды же­ңілдету механизмдері арқылы көмек беруді көздейтін құжат. Біз үшін бұл құжат «Орта дәлізді» дамытуға, жаңа және бұрыннан бар теңіз терминалдарына қатысты ірі жобаларға қажетті халықаралық қаржыны тартуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, климаттық өзгерістер мен cу тапшылығын ескере отырып, «жасыл экономика» инфрақұ­рылымына инвестиция тартуға жол ашады. Әрі жеңілдетілген несие шарттары арқылы транзиттік инфрақұ­рылымда дамытуға да мүмкіндік туғызады.

– Әлемде теңізге шыға алмайтын 44 мемлекет бар, бірақ БҰҰ конференциясы жиын «дамушы елдер» деп бөлек қарас­тырылады. Бұлай бөле қарастырмай, дамыған елдерді де тарту дұрыс болмас па еді? С5+ форматы тәріздес етіп...

– Теңізге шығатын жолы жоқ елдердің құрылымдық, атап айтқанда географиялық орналасуы, инфрақұрылымы, сауда-саттық тәрізді ерекшеліктеріне байланысты БҰҰ осындай арнайы шаралар мен қаржы механизмдерін әзірлеп отыр. 

Әрине, С5+ форматы сияқты көпжақты серіктестік құру тиімді болуы мүмкін. Бірақ Швейцария сияқты дамыған елдердің инфрақұрылымында дамушы елдермен салыстырғанда түбегейлі айырмашылық бар. Ол жағы да ескеріледі деген пікірдемін. 

– Goldman Sachs бірер жыл бұрын 2075 жылы әлемдегі экономикалық қуаты жөнінен үздік болу ықтималдығы бар елдердің тізімін жариялаған. Соның ішінде теңізге шығатын жолы жоқ елдерден тек Эфиопия мен Қазақстан ғана бар. Тізімде Еуропаның Швейцария, Чехия, Словакия тәрізді елдері де жоқ. Мұны қалай бағалайсыз? Теңізге шығатын жолдың болу, болмауы даму үшін шешуші фактор емес пе сонда?

– Goldman Sachs-қа келер болсақ, перспективалық тұрғыда 104 елді қамтыған, 2075 жылға дейінгі экономикалық болжамға сәйкес, теңізге шығатын жолы жоқ елдерден алдыңғы қатардағы отыздықта тек Эфиопия мен Қазақстанның ғана болуы демогра­фиялық өсім, экономикалық реформалар, табиғи ресурстар мен инфрақұрылым жағдайына байланысты дүние. Айталық, Эфиопиядағы демогра­фиялық өсім өте жоғары, әрі бұл ел ин­дустриялы даму жолын серпінді бастап келе жатыр. Қазақстанға келсек, оның жер аумағы үлкен, транзиттік мүмкіндіктері мол, тұрақты даму саясаты айқын мемлекет. Зерттеушілер бұл фактор­ларды ескере отырып болжам жасады деген ойдамын. Ал қазір дамыған елдер қата­рын­дағы Швейцария, Чехия, Словакия сияқты елдердің ЖІӨ көрсеткіші бойынша алғашқы отыздыққа енбеуі олардың өсімінің шектеулілігіне байланысты болса керек. Сондықтан Goldman Sachs табыстың өсу әлеуеті жоғары елдердің қатарына оларды енгізбеді. Бұл бағалау мемлекет­тердің теңізге шығу мүмкіндігінің болу, болмауына қатысты емес, өсу динамикасына негізделген болжам. 

Жалпы, теңізге шығу мүмкіндігін ел дамуындағы шешуші фактор деп қарастыру ағаттық болар еді. Әлбетте мұндай мүмкіндік ірі экспортқа қол жетімділікті жақсартады, бірақ экономикалық әлеуеттің ұстыны бола алмайды. Айталық, Қазақстан теңізге тіке шықпағанымен, «Орта дәліз» жобасы, Парсы шығанағына, Үнді мұхитына бет түзеген түйіспелі бағыттарды пайдаланып жатыр. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» бағыты, Транскапий жобасы, «Солтүстік-Оңтүстік» дәліздері біздің аймақпен өтеді және бұл бағдарларға араласып, оларды пайдалануды күшейтіп жатырмыз. Сонымен қатар цифрлық логистика, инфрақұры­лымдық интеграция, «жасыл экономикаға» көшу сияқты факторлар тікелей теңізге шығуға қарағанда ұзақмерізімді даму үшін өте маңызды факторлар. 

– Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы да, дамыған да елдерге қандай проблема ортақ деп ойлайсыз? Қ.Тоқаев су тапшылығы мен климаттың өзгеруі ортақ проблема екенін атады. Сіз не дейсіз?

– Теңізге шығар жолы жоқ дамыған және дамушы елдердің де ортақ мәселелері бар. Бірінші кезекте, ол – инфрақұрылым тапшылығы. Өйткені теңізге шыға алма­ғандықтан, транзиттік мүмкіндіктер, порт­тар, логистикалық орталықтар жеткіліксіз болуы мүмкін. Одан кейін климаттың өзгеруі, су ресурстары мәселесі де өте өзекті. Президент Қ.Тоқаев атап өткендей, су тапшылығы мен климаттың өзгеруі теңізге жолы жоқ елдер үшін ортақ сын. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы, энергетика, туризм сияқты салаларға тікелей әсер етеді. Тағы бір мәселе – қа­рызға тәуелділік. Яғни, инфрақұрылым­дық жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық несие қажет болады. Өз кезегінде бұл жағдай кейбір мемлекеттерді борыштық дағдарысқа әкелуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан бұл мәселе­лерді жете түсініп, инфрақұрылымдық бағытта «Орта дәліз» сияқты жобаларды қолдау, «Жасыл экономиканы» дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы осынау ортақ сын-қатерлерді еңсеретін стратегиялық қадамдар жасап келе жатыр. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Амангелді ҚҰРМЕТ