Мемлекетіміз есірткі қолданушылар мен берушілерді қатаң заңмен жазаласа да, нашақорлыққа тәуелділіктен арылмай тұр. Мәселен, бір ғана Алматыда былтыр есірткінің заңсыз айналымына қатысты 716 заңсыздық ашылған.
Қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәліметінше, 1 тонна 083 келі есірткі тәркіленіп, қылмыстық жауапкершілікке 322 адам тартылған, олардың ішінде 15-і шетел азаматтары.
«Бүгінде жаһандық мәселелердің бірі – синтетикалық препараттар. Ең өзектісі есірткіні өндіруге арналған зертханалар болып тұр. Арнайы мамандардың тексерулердің нәтижесінде 23 есірткі зертханасы жойылды. Сонымен қатар синтетикалық препараттарды контактісіз әдістермен, электронды төлемдерді қолдану арқылы интернет арқылы тарату үрдісі өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Былтырғы жылмен салыстырғанда есірткімен ұсталғандардың саны артып, биыл 105 есірткі сатушы ұсталды», – деді ПД ресми өкілі.
Есірткімен күресте Ішкі істер министрлігі де белсенді жұмыс жүргізіп ке-леді. Тек соңғы үш айда республика бойынша 69 есірткі зертханасын жойып,18 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кескен. Бірақ әлемдік қара нарықта белең алып, сұранысқа ие болғандықтан, елімізде синтетикалық заттарды жасырын өндіру жағдайлары жиі кездеседі.
«Жыл басынан бері 1 425 адам ұсталды. Оның ішінде 76 әйел, 23 жасөспірім және 9 шетел азаматы. Есірткі қылмысын анықтау және жолын кесу бойынша жұмыс жалғаса береді», – дейді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Данияр Мейірхан.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтқан мәліметтерге сәйкес, бүгінде диспансерлік есепте есірткіге тәуелділігі бар 17 мыңнан астам адам тұр. Соңғы бес жылда опиоидқа тәуелділер саны 1,5 есе азайған, керісінше синтетикалық стимуляторларға және есірткіні аралас қолдануға тәуелді боп қалған пациенттер саны артқан. 2024 жылдың соңынан бастап тәуелділік синдромы жоқ, бірақ есірткіні өзіне зиянды түрде тұтынатын адамдарға консультациялық бақылау енгізілді. Онымен бүгінде 3 мыңға жуық адам қамтылды. Наркологиялық көмек 20 өңірлік психикалық денсаулық орталықтарында, 79 қалалық және 205 аудандық кабинеттерде көрсетіледі, сондай-ақ Республикалық ғылыми-практикалық психикалық денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінде 94 жастардың денсаулық орталығы бар, оған 2024 жылы 700 мыңнан астам адам жүгінді. 2025 жылы емдеудің тиімділігін арттыру бойынша жаңа әдістемелік ұсынымдар бекітілді. Ауруханаға жатқызуға қарсы көрсетілімдер тізбесін қайта қарау жалғасуда.
Премьер-Министр Олжас Бектенов құқық қорғау органдарының қанша күш салып жатқанына қарамастан, нашақорлық мәселесі, әсіресе жастар арасында сақталып отырғанын атап өтті.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын мемлекет пен қоғам қызметінің негізгі постулаттарының бірі ретінде айқындап берді. Сондықтан да мемлекеттік органдар, соның ішінде құқық қорғау органдары Мемлекет басшысының осы нұсқауы сөзсіз орындалуын бірінші кезекте қамтамасыз етуі міндетті. Бүкіл қоғамды алаңдатып отырған қауіпті тенденция – жастар арасында нашақорлықтың таралуы. Өкінішке қарай, ол күннен-күнге белең алып барады. Жағдай оны таратудың жаңа әдістерімен шиеленісе түсуде, олар – интернет арқылы, пошта арқылы, «жасырып кету», иесі белгісіз электронды төлемдер. Мұның барлығы «наркодиллер-өткізуші-тұтынушы» үштігінде физикалық байланыстың болмауына әкеліп отыр. Сол себепті де қазір таратушыларды ұстау әлдеқайда қиын», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазір балалар мен жасөспірімдерді есірткі саудасына тарту деректері алаңдатарлық деңгейге жетті. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, жоғары сынып оқушыларының әрбір бесіншісі синтетикалық есірткіні өмірінде кем дегенде бір мәрте қолданып көрген. Тағы бір үрейлі дерек, нашақорлыққа душар болғандардың арасында қыз балалардың саны артып келеді.
Әсет ҚАЛИ