Бұл тұрғыда сан түрлі мемлекеттік бағдарлама мен арнайы жобаның қабылдануы өз кезегінде жастардың жұмысшы мамандықтарға қарай ойысуына себепкер болған. Ақмола облысында да еңбек адамдарының еңсесін көтеруге бағытталған ондаған шара ұйымдастырылып, мемлекеттік саясаттың іс жүзінде жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн. Әсіресе, жастардың аталған салаға қызығушылықтарының артуы, кәсіби өсуге ұмтылуы бүгінде қасқалдақтың қанынан қат болып қалған бірқатар жұмысшы мамандығының кеуіп қалған тамырына қан жүгірте ме деген үміт ұшқынын тұтатты...
Елдің ертеңгі болашағының мығым болуы үшін Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында басты басымдықтардың бірі – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге ерекше назар аударыла бастағаны сезіле бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған бұл сала жыл басынан бері аталған бағытқа тыңнан түрен салғандай серпін берген. Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, қоғамда еңбек адамына деген құрмет пен көзқарасты түбегейлі өзгертуді міндеттеп, құзырлы ведомстволар мен министрліктерге бағдарлама негізінде жоба-жоспарлардың іс жүзінде жүзеге асырылуын шегелеп тапсырған еді. Бұл еліміздің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық шешім десек те артық айтпаспыз.
Осы тапсырмаларды орындау мақсатында биыл Ақмола облысы Щучинск қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында республикалық слет ұйымдастырылды. Еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам белсенді жастар жиналған іргелі шарада болашақ жұмысшы маманның жаңа бейнесін қалыптастыруға бағытталған пікірталас, тәжірибе, шеберлік сағаттары жастардың жігерлі ойы мен бұлқынған энергиясы үйлесіп, шабыт алаңына айналды.
Еңбек пен білімге мән беру қажет
Еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға бағытталған слеттің ашылу рәсіміне Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Мәжіліс депутаттары мен өзге де мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Бұл Президент Жолдауындағы басымдықтардың нақты түрде іске асыруға назар аударылып жатқанын айқын көрсетеді. Премьер-Министрдің орынбасары да өз сөзінде жұмысшы мамандықтарына сұраныстың артып келе жатқанын, сондықтан еңбек адамдарына құрметті жоғарылату қажет екенін атап өтті.
– Ұзақ уақыт бойы жұмысшы кәсіптеріне қатысты қоғамда үстірт, стереотипті көзқарас қалыптасқан болатын. Бүгінде бұл түсінік өзгере бастады. Қазіргі жұмысшы – бұл жаңа технологияны меңгерген, индустриялық дамуға үлес қосатын, еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие маман. Сондықтан біз еңбекті қадірлеу дәстүрін жаңғыртып, жұмысшы мамандығына деген құрметті қайтаруымыз керек, – деді Ермек Көшербаев.
Расында, Жолдауда тайға таңба басқандай көрсетілген жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға бағытталған бұл жобаның Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасындағы қоғамдық әділеттілік пен әлеуметтік лифт тетіктерін дамыту міндеттерімен де үндесіп жатқанын айта кеткен жөн.
Техникалық білім – нақты нәтиже мен кәсіби болашақ кепілі
Іс-шара барысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та елімізде жұмысшы мамандықтарын көбейту мақсатында техникалық және кәсіптік білім берудің жаңа кезеңге қадам басқанын тілге тиек етті. Министрдің мәліметінше, тек биылғы жылы 8 мыңнан астам кәсіби бағдар беруші маман даярланып, 352 бейіндік сыныптар ашылған. Сондай-ақ 1 300-ден астам мектеп оқушысы жұмысшы мамандықтарының алғашқы негіздерін меңгеруге мүмкіндік алған.
Мұнымен қоса, шефтік қамқорлықпен қамтылған кәсіпорындар саны 7 есеге, ал дуалды оқыту келісімшарттарының саны 2 есеге артқаны анықталды. Бұл Президент Жолдауы аясында қолға алынған кәсіптік бағдар берудің жаңа сапалық деңгейге шыққанын айғақтай түседі.
Министрліктің деректеріне сенсек, 185 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, студенттердің 96 пайызы жатақханамен қамтамасыз етілген. Аталған мақсатқа былтырғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге өсіп, бір студентке 437 мыңнан 912 мың теңгеге дейін жеткен.
– Тек диплом емес, нақты дағды мен кәсіби тәжірибе аса маңызды. Сол себепті біз халықаралық серіктестіктерге бет бұрып, Қытай, Франция, Жапония, Ұлыбритания, Грузия сияқты елдермен 10 бірдей жоба бастадық. Алғаш рет колледждерде халықаралық сертификаттау жүйесі енгізілді, – деп атап өтті министр Ғани Бейсембаев.
Министрлік іс жүзінде қолға алынған бұл жобалар алдағы уақытта елдегі техникалық білімді экспортқа бейімдеу мен еңбек күші мобильдігін арттыруға жасалған тегеурінді қадам болмақ.
Жастар – өзгерістердің өзегі
Слетке қатысқан Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 3-курс студенті Аяла Байболат ел сенімін ақтауға дайын екенін айтып, жауапкершілік жүгін толықтай сезінгенін жеткізді.
– Президентіміздің биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы біздің еңбегімізге деген сенім мен жауапкершілік жүгін арттыра түсті. Бүгінде колледждер заманауи шеберханалармен, халықаралық тағылымдамалармен жабдықталып, нақты мүмкіндіктер беріп отыр. Бұл – болашаққа сеніммен қарауға мол мүмкіндік береді, – дейді Аяла Байболат.
Еңбекке құрмет – елдік міндет
Слет барысында жастар мотивациялық кездесулерге, шеберлік сабақтарына, командалық тапсырмалар мен мәдени-спорттық бағдарламаларға қатысып, жан-жақты дамуға мүмкіндік алды. Мұндай алаңдар жастар саясатының, еңбек адамына бағытталған мемлекеттік идеологияның нақты іске асып жатқанын айғақтайды. Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде елімізде 772 колледж бар, онда 550 мыңнан астам студент жұмысшы мамандықтары бойынша білім алуда. Бұл техникалық және кәсіптік білімнің ел дамуының негізіне айналып келе жатқанын білдірсе керек.
P.S.
Қалай десек те, қоғамда жылдар бойы елеусіз қалып келген нағыз еңбек адамдарына құрметтің артып келе жатқаны анық аңғарылады. Бұл орайда Президент Жолдауының маңызды басымдығы – еңбекке бас иіп, білім мен біліктілікке бет бұру екені анық. Сондықтан бұл бастаманың басты тірегі әрі локомотиві жастар болып қала бермек. Елдің еңсесін көтеретін әрі экономикалық тұрғыдан жылдам алға жылжуға мүмкіндік беретін стратегиялық маңызы аса зор бұл жобаларға ерекше назар аударылғаны артықтық етпейді...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы