Жалпылама алсақ, қазақ музыкасын үйретудің екі жолы бар. Бірі – ұстаздан шәкіртке ауызша берілетін көне жолы. Домбырашы мен қобызшының жанында отырып, көзіңмен көріп, құлақпен естіп, тікелей үйрену. Екіншісі – нота әліпбиі мен сольфержиодан басталатын академиялық бағыт. Бірі – даланың күйі болса, екіншісі – қаланың күйі. Бұл тек әдістемелік айырмашылық емес. Бұл – екі түрлі өмір салты, ойлау жүйесі, өнерді қабылдау мен түсінудің екі түрлі мәдени моделі.
Кеңес дәуіріне дейін қазақтың музыкалық білімі тек ауызекі дәстүрге сүйенсе, ХХ ғасырда кәсіби музыка мектебі қалыптасып, екеуі біраз уақыт қатар өмір сүрді. Алайда бүгінгі таңда жағдай басқаша. Академиялық жүйе басты орынға шықты, ал «дала консерваториясы» атанған дәстүрлі мектептер жойылып барады.
Бұл мақалада біз осы екі бағыттың айырмашылығын, олардың тарихи және мәдени негіздерін, және қазіргі орындаушылықтағы рөлін қарастырамыз. Өнертану ғылымдарының докторы Ә. Мұхамбетованың ғылыми тұжырымдарына сүйене отырып, қазақ музыкасының дамуындағы ең маңызды мәселенің біріне – білім беру жүйесінің өзгеруі мен оның салдарына назар аударамыз. Себебі бұл тек оқу үлгісі емес, өнердің болашағына қатысты сұрақ.
Қазақтың дәстүрлі музыкалық мәдениетінде білім беру – арнайы оқу орны арқылы емес, өмірдің өзінде, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс арқылы жүзеге асты. Бұл – тек музыка үйрену емес, өмір сүру салтын, ойлау жүйесін, дүниетанымды бойға сіңіру үрдісі. Сол себепті бұл жүйені шартты түрде «дала консерваториясы» деп атауға болады.
Басты ерекшелік домбырашы өз ұстазының жанында отырып, күй тарту мәнерін, қағысты, дыбысын құлақпен тыңдап, көзбен көріп үйренеді. Мұнда қағаз, нота, әдістеме жоқ. Тек тірі қатынас, сезіну мен көкейге тоқу бар. Бұл үрдісте музыкалық білім мен адамдық қасиет қатар қалыптасады. Сондықтан дала мектебінде өнер мен өмірдің арасы бөлінбейді дейді. Күй тек шығарма ретінде емес, өмірдің бір бөлшегі ретінде қалыптасады. Бұл өнер үйде, далада, сапарда бірге жүретін рухани серікке айналады. Ұстаз шәкіртке күй үйреткенде, оны жай техникалық форма ретінде емес, оқиғасы мен тағдыры бар өмірнамалық сабақ ретінде жеткізетін.
Бұл «консерваторияда» ең керегі – зерде. Қарапайымдап айтсақ, есту және түсініп, қағып алу қабілеті. Әр шәкірт ұстазының тартқанын бірнеше мәрте тыңдай жүріп, оның ырғағын, екпінін, дыбыс бояуын ішкі түйсігімен сіңіреді. Бұл процесс әр орындаушыда әртүрлі жүреді. Сондықтан бір күйдің әртүрлі нұсқасы осыдан болса керек.
Кеңес дәуірінен бастап қазақ музыкасына академиялық жүйе енгізілді. Бұл – музыкалық білім берудің еуропалық үлгісі. Яғни, нота, теория, оқу жоспары, емтихан және кәсіби диплом. Осы жүйе арқылы қазақтың ұлттық музыкасы алғаш рет ғылым деңгейінде зерттеліп, оқу бағдарламаларына енді. Бұрын тек ауызша үйретілетін күй енді нотамен жазылып, оқу құралына айналды. Музыка мамандығы бар, дипломы бар кәсіби саланың бір тармағына айналды.
Қала консерваториясы – осы жүйенің негізгі институты. Мұнда музыка үйрену нақты тәртіпке бағынады. Әр сабақта мақсат қойылады, әр нотаға талдау жасалады, әр орындалған шығарма бағаланады. Жас орындаушы жеке ұстаздан техника мен стиль үйренеді, ансамбльде ойнайды, сахнаға шығып өнер көрсетеді. Бұл жүйенің артықшылығы – музыкалық сауат пен теориялық білімнің беріктігі. Қала мектебі арқылы көптеген қазақ музыканттары әлемдік сахнаға шығып, шет елдерде өнер көрсетті. Қазақтың дәстүрлі музыкасы халықаралық форумдар мен фестивальдерге жол тартты. Сонымен қатар музыка зерттеушілері, этномузыкатанушылар, педагогтер қалыптасты.
Алайда бұл жүйеде дәстүрлі өнердің ішкі рухы, күй контекстік мағынасы жиі ескерусіз қалады. Шәкірт тек нотамен жұмыс істеп, күйді «музыкалық мәтін» ретінде ғана үйренуі мүмкін. Дәстүрлі орындауға тән ішкі ырғақ, динамика, интонациялық еркіндік – кейде жоғалып кетеді немесе сахналық үлгіге икемделіп өзгереді. Әрине, бәрі де ұстазға байланысты. Ішінен баяғыша үйретуге тырысып жүргендер де жоқ емес. Бірақ ондай ұстаздар өте аз екенін айта кету керек.
Тағы бір мәселе – шығармашылық еркіндік пен орындаушының өз қолтаңбасының жоғалуы. Академиялық жүйеде шәкірт көп жағдайда ұстаздың нұсқауына қарай жұмыс істейді. Ал дала мектебінде шәкірт – өзі ізденетін, өз жолын табатын, өз стилін қалыптастыратын тұлға. Қала жүйесінде өнердің сахналық формасы басым. Тыңдарман үшін ойнау, бағдарламаға сай болу, стандартқа бейімделу – орындаушының басты мақсатына айналады. Осылайша, қала консерваториясы кәсіби музыканың басты мектебі болғанымен, ол дәстүрлі өнердің табиғи формасын түгел қамти алмайды. Оның орнына белгілі бір үлгіні тұрақтандырады.
Қазақ музыкасының дәстүрлі жолы – «дала консерваториясы» деп аталатын ұстаздан шәкіртке ауызша үйрету мектебі. Бұл мектепте күй мен жыр тек музыкалық туынды емес, өмірлік тәжірибе, рухани тәрбие, ой мен сезімнің бірлігі ретінде қабылданатын. Орындаушының білімі нотаға емес, есту қабілетіне, жаттауына, ұстазының сеніміне негізделетін. Бұл тек техника емес, өнердің мағынасын бірге түсініп, бірге өмір сүру тәсілі болатын.
Бірақ бұл мектеп бүгінгі күні дербес білім беру жүйесі ретінде жойылып бара жатыр. Тіпті жоғалды десе де болдаы. Бірлі-жарым шеберлер ғана осы дәстүрді сақтап келеді. Олар өздерінше өз ортасында күйді насихаттап, жалғастырып жүргенімен, бұл тәжірибе тұтас ұрпаққа тарайтын жүйе ретінде үзілген.
Ал қала консерваториясы, яғни академиялық жүйе – мықты институт ретінде өмір сүруде. Музыка мектептері, колледждер, университеттер бар. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі, ресми мамандықтар бар, грант бөлінеді. Орындаушылар осы жүйе арқылы қалыптасады, диплом алады, кәсіби сахнаға шығады. Бірақ олар көбіне дәстүрлі өнердің негізгі арнасынан тыс қалып жатады. Себебі академиялық жүйе жалпы үлгі мен стандартқа құрылған. Онда жеке орындаушылық көбіне ескерілмейді.
Қазір қазақ күйін үйрену жолы өзгеріп кетті. Дәстүрлі орындаушылық тек орындаушының ынтасына, ұстаздың жанашырлығына байланысты болып қалды. Мұндай жағдайда дала мектебі жүйе ретінде өмір сүре алмайды. Бұл бір шебер кеткеннен кейін оның мектебі де жоғалады деген сөз. Сондықтан дала консерваториясы жоғалып бара жатқанын айту тек «жалған ұран», метафора емес, шындықтың өзі деп қабылдау керек.
Екі түрлі жүйенің айырмашылығы неде? Осы сұраққа жауап іздеп көрейік. Дала мен қала консерваториясының арасындағы айырмашылық – жай ғана оқыту формасының емес, тұтас дүниетаным мен өнерге деген көзқарастың айырмашылығы.
Дала мектебінде күй үйрену – дайын репертуарды жаттау емес, ұстазыңның жанында жүріп, өнердің «тірі үлгісін» көру. Мұнда нота да, оқулық та жоқ. Әр орындаушы ұстазынан үйренгенін өз болмысымен сіңіріп, соны ары қарай дамытады. Бұл мектепте басты құрал – есту, ішкі түйсік, уақытпен бірге пісу. Шебердің өзі – оқулық, орындау – диалог, ал шәкірт – келесі буынның үміті. Бір күйдің жүздеген нұсқасы болуы – осы мектептің табиғи нәтижесі.
Академиялық жүйеде болса, өнер – оқу пәні. Барлығы нақты бөлінген: репертуар, техника, емтихан, диплом. Оқушының шеберлігі көбіне қаншалықты дәл орындағанымен бағаланады. Ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс – кәсіби, кейде тіпті формалды. Шығармашылық еркіндік – екінші орында. Мұнда орындаушының мақсаты – бағдарламаны меңгеру, сахнада сәтті өнер көрсету.
Дала мен қала консерваториясы – бір-біріне қарсы тұратын емес, бір-бірін толықтыра алатын жүйелер. Теориялық жағынан, әрине. Бірақ шынайы өмірде бұл мүмкіндік әлі де толық жүзеге аспай отыр.
Академиялық жүйе дәстүрлі өнерді зерттеп, сақтау ісінде үлкен рөл атқара алады. Мысалы, нотаға түсіру, архив жасау, ғылыми сипаттау, дәл осы саланың күші деп білеміз. Сонымен қатар сахналық мәдениет пен техникалық шеберлікті қалыптастыруда да қала консерваториясының орны ерекше. Бірақ бұл жүйе орындаушыларға еркіндік беруге, импровизацияны мойындауға келгенде әлі де кібіртіктейді.
Дала мектебі болса, шығармашылық еркіндікке, орындаушының даралығына жол ашады. Бірақ бұл мектеп заманға сай бір жолға қойылмаған, яғни жүйеге айналмаған. Жас орындаушы шеберге жолықпаса, бұл білім түрін мүлдем алмай қалуы мүмкін. Сондықтан бұл жол қазіргі заманда тұрақты оқыту жүйесіне балама бола алмай отыр.
Өзіміз көрмесек те, естіп жүргенімізді айта кетсек дейміз. Әзербайжан мен Өзбекстанда дала консерваториясына ұқсас құрылымдар іске асып жатыр екен. Әрине, атауы басқаша болуы мүмкін. Маңыздысы атауы емес, жүйесі. Олардың негізгі мақсаты – далалық білімді жоғалтпау. Сонымен бірге бұл елдерде кәсіби музыкалық білім беретін академиялық бағыттағы консерваториялар да бар. Яғни, екі жүйе қатар жұмыс істеп тұр. Біз де осындай тәжірибені неге енгізбеске?
Сөз соңында мынаны айтқымыз келеді. Әрине, дәстүрлі шеберлер жайлы көп айтылып жүр. Бірақ, өкінішке қарай, ол көбіне құр сөз күйінде қалып отыр. Ал олардың қатары жыл санап сиреп барады. Бүгінгі таңда дала консерваториясында білім алған күйшілердің саны екі қолдың он саусағымен санасақ та жетпейді. Әрине, олардың мұрасын сақтап қалу жолында жұмыстар жасалып жатыр. Дұрыс. Күйшілердің орындауын видео мен аудио арқылы жазып, мұрағатқа сақталып жатыр. Бірақ бұл жазбалар сол күйшінің жанында отырып, қолынан үйренген шәкірттің орнын баса ала ма? Сұрақ осында.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялау кезінде авторын көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.