Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, елімізде биыл кезекшілік-диспетчерлік қызметі пультіне халықтан 1 780 331 қоңырау келіп түскен.
Оқыс оқиғадан сақ болу керек
фото: kazgazeta.kz
4,895
оқылды

Жалпы, статистика бойынша 5 276 адам құтқарылып, 6 717 адам эвакуацияланып, 1 237 зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліпті. Оқыс оқиғалар кейде табиғаттың тосын мінезінен болса, кейде адам немқұрайдығы мен жауапсыз әрекеттерінің салдарынан болады. Кейбір жағдайларда қоғамдық орындарда тәртіпті сақтамаған жандардың кесірінен жазықсыз адамдар зардап шегіп жатады. Бұл дабыл тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем халықтарына да маңызды. 

Бүгінде елімізде бір қатар елді мекендерде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тыңғылықты жұмыстар атқарылуда. Су тасқынының ықтимал салдарын болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы органдар Төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп қорғаныс бөгеттері мен біліктерін тұрғызу және нығайту, су бұру арналары мен арықтар қазу, сондай-ақ жаңа нөсер жүйелері мен су өткізу құрылыстарын салу жөніндегі жұмыстарды жүргізуде. Осы шаралардың барлығы су тасқынынан қорғау үшін сенімді инфрақұрылым құруға бағытталған.

–­­­­ Атырау облысында ТЖД жергілікті билікпен бірлесіп, көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізуде. «Биылғы көктемгі су тасқынының тәжірибесін ескере отырып, біз су басуға бейім аудандарды анықтадық. Қорғаныс бөгеттері мен біліктерінің құрылысы, қорғаныс құрылыстарын жөндеу, сондай-ақ жағалауды нығайту және өзендерді тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Автожолдарда жаңа өткізу құбырларының құрылысы және автомобиль көпірін реконструкциялау жүргізілуде. Жергілікті жерлерде жанар-жағармай және инертті материалдардың, қапшықтардың қорлары дайындалды. Біз зардап шеккендер үшін уақытша орналастыру пункттерін де анықтадық», – деді Атырау облысы ТЖД бастығы Нұрлан Жаңабаев.

Жаман айтпай, жақсы жоқ

Қазіргі заманда адамзат түрлі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлармен бетпе-бет келіп отыр. Жер сілкінісі, су тасқыны, өрт, дауыл секілді табиғи апаттар ғана емес, сонымен қатар өндіріс орындарындағы жарылыс, жол-көлік апаттары, химиялық немесе радиациялық қауіп те адам өміріне қауіп төндіруде. Алдымен төтенше жағдай неден пайда болуы мүмкін? Олардың себебі мен салдарына тоқталып өтейік.

Алғашқысына табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды жатқызсақ болады. Бұл – адамның бақылауынан тыс жүретін табиғи құбылыстар. 

Жер сілкінісі жер астындағы тектоникалық қозғалыстардың нәтижесінде пайда болады. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтары сейсмикалық белсенді аймақтарға жатады. Алматы қаласы мен Жетісу өңірінде бұған байланысты қауіп жоғары.

Қардың күрт еруі, нөсер жауын немесе өзен-көлдердің арнасынан асуы нәтижесінде орын алатын су тасқынында ескерген жөн. Елімізде көктемде, әсіресе Солтүстік, Шығыс Қазақстанда су тасу қаупі жоғары.

Орман және дала өрттері көбіне жаз мезгілінде күннің ыстығынан немесе найза­ғайдың салдарынан табиғи жолмен пайда болады. Бірақ көп жағдайда адамның кінәсінен шығады (темекі қалдығы, от жағу т.б.).

Келесі – техногендік апаттар. Өндіріс орындарындағы ескі техника, жарылғыш заттармен жұмыс істейтін мекемелерде қауіпсіздік талаптары сақталмаса, жарылыс, өрт, улану сияқты жағдайлар болуы мүмкін.

Апат айтып келмейді

«Сақтықта қорлық жоқ» деп бекер айтылмаса керек. Оқыс оқиғадан сақ болу үшін алдымен, қауіпсіздік ережесімен таныс болып, оны сақтау шарт. Арнайы мекеме, қызметтік орындар, тіпті үйіңізге де қауіпіздік ережесін әзірлеп, еңгізіп қойған дұрыс. 

Өмірдің әртүрлі саласындағы ықтимал қа­уіп­тер мен осалдықтарды бағалау, соның ішінде инфрақұрылым, мемлекеттік мекемелер, эко­логиялық жүйелер және тағы басқа. Яғни, өткен­нен сабақ алып, болашақта қайталамау керек.

Халықты ақпараттандыру және оқыту аса маңызды. Ағартушылық науқандар мен қауіпсіздік жаттығуларын өткізу, азаматтарды төтенше жағдайларда аман қалу және әрекет ету негіздеріне үйрету арқылы төтенше жағдайлардың алдын алуға болады.

Төтенше жағдай – тек мемлекетке ғана емес, әр адамға тікелей қатысты мәселе. Та­биғаттың тосын мінезіне дайын болу, адам әрекетінен туындайтын қауіптің алдын 

алу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Әр азамат қауіпсіздік ережелерін біліп, сақтағанда ғана апаттың қаупі азаяды. Ең бастысы  жауап­кершілік пен сақтықты тең ұстауымыз керек.

Әсет ҚАЛИ