Бұл бағытта 2024 жылы қолға алынған «Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» пилоттық жобасы – соның жарқын дәлелі. Жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бірлесуімен іске қосылды. Елімізде алғаш рет қолға алынған бастама қазір төрт өңірде – Шымкент қаласы, Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарында жүзеге асуда. Басты мақсат – тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды арнайы техникалық құралдар арқылы үй жағдайында оңалту, қозғалыс белсенділігін арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту.
Осы мақсатқа 1 миллиард 160 миллион теңге бөлініп, 400-ге жуық заманауи оңалту құрылғысы сатып алынды. Құрылғылар әр баланың медициналық диагнозына қарай жекелей таңдалған. Нәтижесінде, бүгінде жобаға 306 бала қатысып, олардың 231-інде оң өзгерістер тіркеліп отыр. Балалардың көбі өздігінен отыруды, тұруды, тіпті жүруді меңгере бастады.
Пилоттық жобаның сәтті жүзеге асып жатқан өңірлерінің бірі – Шымкент қаласы. Мұнда жобаға 114 бала тартылып, 84-інде оң нәтиже байқалған. Жоба үйлестірушісі – «Әлеуметтік қолдау орталығы» ҰҒЗО-ның Шымкенттегі филиалы. Филиал директоры Салтанат Қайратқызының айтуынша, 10 ай ішінде 152 балаға нақты қызмет көрсетіліп, олардың ішінде 18 бала алғаш рет өздігінен жүріп, 4 бала жоба бағдарламасынан толық шыққан. Бұл – жоба тиімділігінің айқын дәлелі. Жоба тек құрылғы жеткізіп берумен шектелмейді. Мамандар баланың жағдайын үнемі бақылауда ұстап, ата-анамен бірлесіп жұмыс жүргізеді. Әр құрылғыны тиімді қолдану үшін арнайы курстар ұйымдастырылып, ата-аналарға мобильді қосымша арқылы жаттығулар жүйелі түрде беріліп отырады.
Шымкент қаласында өткен жоба таныстырылымы екі бөлімнен тұрды. Ең әсерлі сәт – алғаш рет өздігінен тұрып, қозғала бастаған балалардың тұсаукесер рәсімі болды. Бұл балалар үшін де, ата-аналар үшін де жүрек тебірентер сәт. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбай, сондай-ақ Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева сөз сөйлеп, жоба нәтижелеріне оң бағаларын берді.
– «Бүгінгі жоба – жай ғана оңалту процесі емес, әлеуметтік, медициналық, педагогикалық қолдаудың кешенді түрі. Біз әр баланың нақты қажеттілігіне сай бағдарлама дайындадық. Бүгінге дейін 231 балада нақты нәтиже бар. Бұл – үлкен жетістік», – деді Виктория Шегай.
Министрлік алдағы уақытта осы тәжірибені заңнамалық тұрғыда бекіту, оңалту құрылғыларына қойылатын талаптар мен стандарттарды енгізу бағытында жұмыс жүргізуде.
«Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбай бұл жобаның ұзақ мерзімді, жүйелі өзгеріске бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұрын балалар тек ауруханаларда оңалтудан өтіп, үйіне шыққан соң барлық жетістіктер жоғалып кететін. Ал бұл жоба дәл осы олқылықты жойып отыр. – «Біз бұл бастаманы ата-анамен бірлесе отырып іске асырдық. Құралдарды дұрыс қолдану әдістерін үйретіп, тұрақты динамиканы бақыладық. Бұл – елімізде бұрын болмаған тәжірибе», – деді ол.
Қазір оң нәтиже көрсеткен балалар келесі кезеңге өтуге дайындалуда. Екінші кезеңде емдеу кешені кеңейіп, басқа категориядағы балаларға арналған жаңа оңалту құрылғылары енгізіледі. Қор бұл бағытта қосымша инвестиция тартып, серіктестік аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Жобаның нақты нәтижесін бала және ата-анасының көзінен көруге болады. Соның бірі – Шымкент қаласының тұрғыны, алты баланың анасы Дамира Айтбаева. Оның үшінші ұлы – Нұрмұхаммед Қазыбек 11 жасында алғаш рет бірнеше қадам басып үйренген.
– Ол бұрын отырмайтын, тік тұрғызсаң қорқып қалатын. Үш айдан бері ходунокпен жаттығып жүрміз. Бес-алты қадамды өзі басып өтеді. Бұл – біз үшін мүмкін емес арман еді, – дейді анасы толқыныспен.
Пилоттық жобаның келесі кезеңінде қамту ауқымы ұлғайып, экологиялық және демографиялық жағдайы күрделі өңірлерге басымдық берілмек. Жобаның екінші кезеңін іске қосу үшін жаңа серіктестер тартылып, қаржыландыру көздері қарастырылуда.
Жиын соңында балаларға сыйлықтар табысталды. Бұл жоба – еліміздің әлеуметтік жүйесінде жаңа парақ ашып отыр. Мемлекеттің қамқорлығы мен азаматтық қоғамның жанашырлығы бір арнаға тоғысқанда – нақты, нәтижелі бастама туындайтыны сөзсіз.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы