Жалпы, Алпысбай Боранбайұлын білетіндер сын-сықақтарына, шаншымалары мен шымшымаларына жата қалып күлетіндер ол кісіні «Күлкістан» деп атайды. Расында, сіз оны көрсеңіз болды, өзіңізден-өзіңіз ыржалақтап, еріксіз күле бересіз. Жо-жоқ, тіпті де олай емес, Алпысбай ағаның жаратылысы бөлек, түр-түсі біртүрлі деп ойлап қалмаңыз. Оның сатиралық шығармалары «біртүрлі». Сосын саңлақ сықақшының өз шығармаларын орындағандағы актерлік шеберлігі «біртүрлі». Өйткені ол Ванновка гидромелиоративті техникумында ұстаздық ете жүріп, Ақбиік халық театрының тізгінін ұстағаны бар. Сонда ғой, Оспанхан Әубәкіров, Асқар Тоқмағанбетов, Сейіт Кенжеахметов, Оспанәлі Иманәліұлы, Шона Смаханұлы сияқты сатириктердің сықақтарын сахнаға шығарып, көрермендерді қыран-топаң күлкіге көміп жүретіні. Содан ба, кез келген жерде (қатар-
ластарының алдында, оқырмандарының сұраулары бойынша, шығармашылық кештерде деп түсініңіз) актерлік шеберлігімен үйлестіріп, сықақ оқи жөнелгенде айналасындағылар іштерін басып, құлап жатады.
Қалай болып еді өзі? Онда жасы небәрі 19 жаста. Алматы ауыл шаруашылығы институтының 3-курсын оқып жүрген кезі. Бірде сабақтан шығып келе жатып, төрт-бес сатиралық кітап сатып алды. Бұлар жоғарыда аты аталған сықақшылардың жаңа жинақтары болатын. Мектеп қабырғасында жүргеннен сахнаға шығып, сықақ оқитын ол өзіне ұнаған өлеңдерді альбомына көшіріп жазып алатын.
Сонымен, қолында бір дорба кітап. Абай мен Абылайхан даңғылдарының қиылысындағы аялдамадан троллейбусқа мінді. Бір кезде қасындағы қарапайым киінген орта бойлы кісі мұның қолындағы кітаптарды жұлып алмасы бар ма. Бұл сасқалақтап қалды.
– Өй, мына кітаптарды қай дүкеннен алдың? Барлығы сатиралық кітаптар ғой, – деп жатыр бейтаныс кісі қарап тұрмай.
Алпысбай кішілік танытып, ағаның сұрақтарына нақпа-нақ жауап берді.
– Өзің сықақ жазасың-ау шамасы, – деп сұрады сосын.
– Жоқ, жазбаймын. Бірақ жаттап алып, сахнада орындаймын, – деп бұл шынын айтты.
– Өй, қу-ай! Алдап тұсың ғой, ә. Шыныңды айт. Жазасың ғой,ә! – деп іші-бауырына кіріп бара жатқан кісі студентке ұнай бастады.
Жолай кезіккен жақсы ағаға бойы үйренген соң ол қолындағы альбомын көрсетті. Альбомды парақтап отырған ол:
– Мыну менікі! Мынау менікі! – деп өлеңдерді шұқып көрсете бастағанда студент ауызын ашты да қалды.
Әлден соң есін жиып:
– Сіз Шона Смаханұлысыз ба? – деді.
– Иә, Шонамын, – деді ағасы.
Содан кейін альбомын қайтарып берді де:
– Егер бұған дейін сықақ өлең жазбасаң, енді жазып көр. Жазғандарыңды маған әкеліп көрсетіп тұр. Мекенжайым: Калинин көшесі, 24 үй, – деді.
Алпысбай бұған дейін Шона ағасының «Ажаркүл жеңгей», «Апатқа ұшыраған шофердің хикаясы» деген сықақтарын оқып жүрген. Өзі бір көруді армандап жүрген ағасының қарсы алдынан шыға келгені мұндай ғажап болар ма? Екеуі біраз сөйлесті. Алпысбай барып тұратын болып уәде берді. Бірақ Ресейдегі трактор зауытына өндірістік іс-тәжірибеге баратын болды да, ағасымен қоштасып үлгермей жолға шығып кетті. Алтай өлкесінде жүріп, бір ай дегенде бір өлең ғана жазды. Алматыға оралған соң екінші өлеңінің нобайы дүниеге келгендей болды. Екі «балапанын» құшақтап, ағасының үйіне барды. «Қайда жоғалып кеттің?» деп сұрады ағасы. Бұл өндірістік іс-тәжірибеден өту үшін кеткенін айтты. Шоқ тілді Шона ағасы сатира жанрының ерекшеліктері, оны қалай жазу керектігі туралы кеңес берді. Осылайша, ойда жоқта әртіс Алпысбай сықақшы ақынға айналып шыға келді. Міне, содан былай ол «Менің ұстазым-Шона» деп сөйлеуді әдетіне айналдырды.
Ал сатираның соқасына жегілген Алпысбайдың алған асулары тіптен көп. Оны республикамыздың барлық облысындағы мәдениет басқармалары кездесулерге шақырды. Алпыс жасында ғой, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының қолдауымен алпыс кездесуі өткен. Әуелі Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде өткен кездесуін белгілі сатириктер Көпен Әмірбек пен Толымбек Әлімбекұлы жүргізді. Сонда ғой Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері Алпысбай Боранбайұлының шығармаларынан әдеби композиция қойғаны. Осыдан соң іле-шала Атырау облысында шығармашылық кеші өтті. Кездесуден соң облыстық теледидардың «Әлеумет» атты тікелей эфиріне шақырылсын. Алпысбай «2030 жыл екен», «Колбаса жегім келеді» атты өлеңдерін оқыды. Көрермендер сұрақ қойып жатыр. Бір кезде бір әйел телефон шалып: «Кітаптарыңызды қайдан алуға болады?» деп сұрады. Алпекең тікелей эфирде отырғанын ұмытып кетті. Ынты-шынтысымен: «Ертең сағат бесте Атырау-Маңғыстау пойызының 3-ші вагоны алдына келіңіз» деп жіберді. Жүргізуші жігіт әдеппен : «ағасы, тікелей эфирде отырсыз, пойызда емес», деп қалғанда барып қайда отырғаны сап етіп есіне түскені. Содан ертесіне пойыз алдына келсе бес-алты адам тосып жүр. Бір келіншек кітабын алып тұрып: «Мынаның ішінде колбаса бар ма?» деп сұрады. Алпысбай «бар, бар» деп күле жауап берді. Тікелей эфирге хабарласқан келіншек осы екен. Содан пойызға мінбей жатып, бес-алты кітабын сатып үлгерген ол «уф!» деп жата бергені сол вагондағылар түгел «көшіп» келді. Олардан зорға құтылып, ұйықтап кеткен екен, біреу жайлап оятты. «Тұрыңыз, кітабыңызды алайын деп едім» дейді. Мұнан соң қайдан ұйқы болсын? Межелі жерге жеткенше оқырмандарының құшағында болды.
Пойыз демекші, Алпысбайдың аты аталған жерде отарбаның аты аталмай қалуы мүмкін емес. Былайша айтқанда, Алпысбай мен пойыз-егіз. Осыдан жетпіс бес жыл бұрын Түлкібас ауданының Ақбиік ауылында алып бір бала дүниеге келеді. Ысылдап-пысылдап ұйықтайтыны пойыздан аумайды екен. Содан ауыл шалдары жиналып, баланың атын Отарба қойғалы жатқанда Боранбай қарт тұрып: «алпысымда көрген шырағым еді, атың Алпысбай қояйық» депті. Жиналғандар бұл уәжден асып кете алмаған. Бірақ есейгенде неге екенін кім білсін, Алпысбай пойызға өш болғаны сондай, бір мініп алса оңайлықпен түспейтін болды. «Пойызға мінсеңіз, кітап сатып жүр бір семіз» деп өзі ағынан жарылғандай «Бәрі де ақша сұрайды», «Қарыз беріңіздерші», «Тұрыңыздар, сот келеді!», «Қырық күлкі», «Не сатып жүрсің?», «Әдіресім-базар», «Жездеме хат» тағы басқа да кітаптарын пойызда пышақ үстінен талап әкетті. Ол осы пойызда жүріп жақсыны да, жаманды да көрді, солардың бейнесін сомдап, сықақтарын жазды. Кейде тіпті министрмен де, облыс әкімімен де сапарлас болыпты. Ал Бибігүл Төлегенова, Тұңғышбай Жаманқұлов, Роза Рымбаева сынды өнер тарландарымен дәмдес-тұздас болғанын бір бақыт санайды. Пойызда жинақтарын сатып жүріп, кейіпкерлерін тапқан сатирик 6-7 жылда 140 мың дана кітабын сатыпты. Ақын-коммерсант халыққа да қызмет етті, бала-шағасына да нәпақа тапты. Пойызда оны көргендер: «О, Алпысбай аға!» десіп қуанып қалатын.
Мақаламыздың басында Алпысбайды былайғы жұрт «Күлкістан» атайтынын айтыңқырағанбыз. Осы сөзімізге дәлел келтіріп көрейік. 1999 жыл ма екен, әлде 2000 жыл болар, Шымкентте (ол кезде облыс орталығы) сықақшылардың облыстық байқауы өтті. Сахнаға Алпысбай Боранбаев шықты. «2030 жыл екен» деген сықағын оқи бастап еді, «Базар» ААҚ басқарма төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шалқар Әбішев ағамыздың иықтары селкілдеп күле бастады. Әлден соң тіпті, орындығынан құлап бара жатқандай болды. «Ішегі түйіліп қалды ма екен?» деп қатты қорықтық. Негізінен білеміз ғой, Шалқар аға оңайлықпен күле қоятын адам емес-ті. Суықтау кісі болатын. Ал бұл жолы көзінен жас аққанша рахаттанып еркін бір күлгені-ай... Расында, «Күлмесханның» өзің күлдірген Алпысбай ағаның шымыр шаншымаларын еліміздің талай оқырманы іздеп жүріп оқиды. Мұны кітапханаларға бара қалсақ, оқырмандардың Алпысбай ағаның кітаптарын сұрап жатқандарынан да аңғарамыз. Сондай ғой, 140 мың кітап туралы қалың-қалың ойға кететініміз.
Egemen Qazaqstan газеті Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлдесінің иегері, Түркістан облысы бойынша «2000 жылдың ең үздік ақыны», Түлкібас ауданының құрметті азаматы Алпысбай Боранбайұлы уытты әзіл-қалжыңдарымен, усойқы тілімен қоғамдық өмірдегі кері кеткен келеңсіздік атаулыны қоғадай жапыратын әлі талай туындыны өмірге әкелеріне кәміл сенеміз. Ол әлі де тұғырынан түскен жоқ. Түлкібасының тәкаппар тауларына қарап қойып, әрі-бері заулаған пойыздарға көз тігіп отырып-ақ талай туындыларын жазып тастайды.
«Күлкістанның» атылмаған әлі мың пыстаны бар деп ойлаймыз.
Сабырбек Олжабай