Дерекке сәйкес, Тасбөгеттің іргетасы 1947 жылы қаланған екен. Бертін келе, 1958 жылы облысқа қарасты Сырдария ауданының орталығы болса, 1997 жылдан бастап аталмыш аумақ Қызылорда қаласының құрамына кіреді. Кейбір мәліметтерге сәйкес, ертеректе Сырдария өзеніне су тоспасын салу үшін шақырылған арнайы мамандар осы аумаққа қоныстанып, жаңа қоныстың негізі осылай қаланса керек. Бұл су тоспасы 1956 жылы ел игілігіне пайдалануға беріліп, артынша Тасбөгет поселкасы ресми атауға ие болады. Содан бері кенттің ауқымы кеңейіп, қаламен қатар қарқынды дамып келеді.
Қазір кентте 30 мыңның үстінде халық тұрады екен. Онда әлеуметтік нысандар мен халықтың жайлы тұрмысына қажетті қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Қоғамдық көлікке қатысты да анау айтқандай мәселе жоқ. Былай қарағанда, елді мекенде бәрі жақсы сияқты көрінеді. Алайда тұрғылықты халықпен пікірлесу барысында, кентте көзден тасада қалған толғақты мәселелер тізбектеліп шыға келеді. Соның ішінде, жергілікті жұртшылықты емхана мәселесі көп жылдан бері толғандыратыны байқалды.
Негізі, Тасбөгетте емдеу орны жоқ емес. Арнайы №4 емхана халыққа қызмет көрсетеді. Дейтұрғанмен, бұл ғимарат типтік емес. Нақтысы, аталмыш нысан бұрынғы кеңес кезеңінде пошта бөлімшесі ретінде салынған. Бертін келе тоқырау кезеңінде бос қалған ғимарат емхана ретінде қайта жасақталады. Ол уақытта кенттің халық саны да, жер аумағы да үлкен болмайтын. Алайда соңғы жылдары кентке қоныстанушылар қатарының артуына байланысты емхана ғимаратының тарлық етіп тұрғаны жиі айтыла бастады.
«Кентіміздің осыдан 10 жыл бұрынғы жағдайы мен қазіргі деңгейін мүлде салыстыруға келмейді. Бұрындары мұнда 20 мыңнан сәл ғана асатын халық тұратын. Қазіргі уақытта тұрғылықты халық саны 30 мыңнан асып жығылады. Соған сәйкес, кенттегі емханаға тіркелгендер қарасының қалыңдайтыны белгілі. Бүгінде маған халық емханаға емделуге емес, кезекке тұруға баратын секілді көрінеді. Ал ұзынсонар кезек онсыз да дертіне шипа іздеп келген адамды одан бетер зорықтырып жібереді. Ол аз десеңіз, ғимараттың ішкі жағдайы да мәз емес. Ескірген едендері мен қабырғалары медициналық талапқа сай деп айта алмаймыз. Осы мәселе жайында Қызылорда қаласы әкімдігіне де, облыстық Денсаулық сақтау басқармасына да жыл сайын шағымданып келеміз. Бірақ сеңнің қозғалар түрі көрінбейді», – деп базынасын жеткізді кент тұрғыны Ербол Жұманов.
Мәліметке сәйкес, аталмыш нысан 1984 жылы пошта бөлімшесі ретінде бой түзеген. Құзырлы орындардың дерегіне сүйенсек, ғимаратқа 2006 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, оның құрылыс нормалары мен талаптарына сай келмейтінін растап отыр. Оның үстіне, ғимарат емхана ретінде жұмысын бастаған жылдары ауысымына 350 адамға қызмет көрсетуге негізделген. Ал бүгінде халық санының көбеюіне байланысты күнделікті 400-ден астам науқас қабылдауға мәжбүр.
Бұдан өзге, тұрғындар тарапынан кентте апаттық үйлердің жағдайы, шет аймақтың қордаланған мәселелері шешімін таппай тұрғанына қынжылыс білдірді.
«Тасбөгетте көпті толғандырған мәселе мұнымен шектелмейді. Өңірде апатты үйлерге қатысты күрмеу рет-ретімен шешіліп жатыр дегенімізбен, әлі де өзектілігін жойған емес. Шет аймақта жол мен жарыққа қатысты түйткілдер де тізбектеліп тұр. Өзім де кенттің шеткі аумағының тұрғыны болғандықтан, көптеген мәселенің шешімін таппай тұрғанын жақсы білемін. Соның ішінде, өзім тұратын аймаққа балалар ойын алаңын салу мәселесін жыл сайын көтеріп келемін. Қала әкімдігі мен кент әкімдігіне талай айтылды. Бірақ әлі күнге дейін шешіміп табар емес. Сол сияқты емханаға қатысты кейбір дәрігер мамандардың жетіспеушілігі мен тегін дәрі-дәрмекке қатысты мәселені де байқап қаламыз. Бұл да құзырлы орындардың қаперінде болса деген тілегіміз бар», – деп мұңын шақты кент тұрғыны.
Өз кезегінде тасбөгеттіктерді талай жылдан бері түңілдіріп тұрған емхана мәселесін Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақовтан сұрап көрдік.
«Бұл Тасбөгет кентіндегі №4 емхана көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі саналады. Қазір оның шешілу тетігін үш жолмен қарастырып тұрмыз. Оның алғашқысы – мемлекеттік жекешелендіру әріптестік аясында жеке инвесторлардың көмегімен типтік жобадағы жаңа емхана ғимаратын салу. Екіншісі, өзіміз тарапынан жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеп, типтік емхана салуға иек артамыз. Үшіншісі, бүгінде облыс орталығынан аймақ басшысының қолдауымен жаңадан «Ана мен бала» орталығының құрылысы басталғаны көпке мәлім. Осы орайда, аталған құрылыс нысаны қаламыздағы Президент саябағы аумағынан бой түзеп жатқанын айта кеткен абзал. Соған орай аталмыш орталық жаңа ғимаратқа көшірілсе, бұрынғы типтік ғимаратқа Тасбөгеттің емханасын орналастыру көзделіп отыр. Яғни, осы жоспарлы жұмыстардың қайсысы бірінші шешілсе, соған қарай Тасбөгеттегі емханаға қатысты түйткілдің түйіні тарқатылатын болады. Бұл мәселе жіті назарда тұр», – деп мәлімдеді бұл жөнінде облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов.
Басқарма басшысының айтуынша, бұл мәселенің алдағы уақытта нақты шешімін табатынына нық сенім білдіріп отыр. Бірақ тасбөгеттік жамағаттың типтік емхананың игілігін көретін уақыты әзірге беймәлім күйде қалып тұрғаны байқалды.
Негізінен, Президент денсаулық саласы қызметінің сапасын арттыруға қатысты бірқатар міндеттер жүктеп, соған сәйкес облыс аумағындағы кейбір елді мекендерде жаңадан медициналық нысандардың пайдалануға беріліп жатқаны белгілі. Бұдан бөлек, сәт сайын жолдар мен саябақтарда құрылыс жұмыстарының қарқынды жүріп жатқаны көпке мәлім. Алайда Тасбөгет халқы жырға айналған емхана мәселесіне қатысты талаптары жыл сайын ескерілмей, тасада қала беретініне түңіліп отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы