Ұлттық музыкалық тіл – ұлттың терең тарихи тәжірибесі мен мәдени бейнелеріне негізделіп қалыптасқан есту және ойлау үлгісі.
Шетелдің әуені мен қазақы үн: бүгінгі тыңдап жүргеніміз қандай музыка?
istockphoto.com
2,199
оқылды

Бүгінде айналамыз музыкаға толы. Теледидардан, радиодан, дүкендер мен көліктерден, тіпті көшеден де үздіксіз әуен естіліп жатады. Қайда қарасақ та сол ырғақ, бір әуен. Бірақ сол әуеннің төркіні қайда екенін білесіз бе? Жалпы қандай музыка тыңдап жүрміз? Қай дәстүрдің ырғақтары “құлақтан кіріп, бойымызды алып” жатыр? Әрине, бүгінгі эстрадада жанрлар көп, әр орындаушының өз жолы бар. Көрермен де, тыңдаушы да сан түрлі. Бірақ кейде бір сәт тоқтап, ойланып қарайықшы. Қазіргі тыңдап жүргеніңізде не көп, ырғақ па, әлде мән ме?

Өмір бойы музыка саласында жүргендіктен, көп нәрсені оңай түсіндіре аламыз. Мысалға қазір ән хит болудың формуласы бар. Ол жылдам соққы (бит), жеңіл ұйқас, көзге түсетін бейнебаян. Бұл дегенміз музыканы өнер емес, өнім ретінде қабылдаудың белгісі. Бұл үрдістің заманауи логикасы бар да шығар. Бірақ біз осы шапшаңдықтың ішінде бір маңызды нәрсені ұмытып бара жатқандаймыз.

Музыка ол тек көңіл көтерудің құралы емес. Музыка – мәдениет тілі. Әр ұлттың өзіне ғана тән дыбысы, есту әлемі, ішкі музыкалық болмысы бар. Қазақ халқының да өз ырғағы, әуен-сазында логикалық дамулар, күйіндегі белгілі заңдылықтар бар.

Ұлттық музыканың тілі дегеніміз осы. Ол тілде халықтың мінезі, табиғаты, дүниетанымы мен сезімі тұнып тұр. Домбыра сияқты қарапайым ғана аспаптың үнін естісе, қазақ баласы ерекше күйге түсетіні содан. 

«Музыкалық тіл» дегеніміз не?

Біз көбіне музыка туралы нота деп қараймыз. Бірақ көп айтыла бермейтін, өте маңызды бір түсінік бар. Оны “музыкалық тіл” дейді. Бұл  жай ғана дыбыстарды рет-ретімен жазу немесе орындау тәсілі емес. Бұл халықтың қалай еститіні, қандай дыбысты “өзінікі” деп сезінетіні, музыканы қалай қабылдайтыны жайлы ұғым.

2000 жылдары Әсия Мұхамбетова мен Гүлнәр Бегалинова осы тақырыпта арнайы мақала жазған. Шынын айту керек, сіз оқып отырған дүниені жазуымыз да сол мақаладан кейінгі туған ой. Ол жерде музыкалық тілдің  ұлт болмысының бір бөлшегі екенін атап көрсетеді. Әр халық өзіне тән үнді естиді, соған үйренеді және бұл жай ғана музыкалық талғам емес, ғасырлар бойы қалыптасқан есту мәдениетінің көрінісі дейді. Авторлар қазақтың музыкалық ойлау жүйесі – табиғи дыбыстық ортада, дала кеңістігінде, қазақы сарындармен үндесе отырып қалыптасқанын жазады. Авторлар «музыкалық тіл – бұл ұлттың ішкі ойлау құрылымының бейнесі» деген терең тұжырым жасайды.

Әсия Мұхамбетова. Видеодан скриншот

Олардың ойынша, музыкалық тіл тек эстетикалық категория емес, ұлттың тарихи, әлеуметтік тәжірибесін жинақтайтын дыбыстық құрылым. Бұл  әннің сазы, ырғақ түзуі, интонациялық өрнегі арқылы берілетін ұжымдық есту формуласы.

«Ұлттық музыкалық тіл – ұлттың терең тарихи тәжірибесі мен мәдени бейнелеріне негізделіп қалыптасқан есту және ойлау үлгісі» дейді авторлар.

Сондықтан бұл жүйеге сырттан енген ырғақтар мен формалар жай ғана стильдік элемент емес, тұтас есту кеңістігін қайта құрушы фактор ретінде қабылданады. Бұл дәстүр мен қазіргілік арасындағы нәзік шекара.

Мақалада алаңдаушылық та бар. Әсіресе эстраданың, жаһандық стильдердің күшейіп келе жатқан тұсында ұлттық үннің бұзылуы (ауысуы) қаупі айтылған. Тіпті шетелдік ырғақтар мен стильдердің қазақ сахнасына еркін ене бастағанын айтып, дабыл қаққан еді. Олар бұл үдерісті жай ғана музыкалық жаңару деп емес, есту мәдениетінің бағытын өзгертуі мүмкін құбылыс ретінде бағалады. Музыканың бағыты өзгерсе, тыңдаушының талғамы да өзгереді деп жазған.

Арада 20 жыл өтті. Сол кездегі ескерту бүгінде шындыққа айналып отыр. Қазір музыка тек сахнада емес, қолмыздағы смартфон экранында. Тыңдау мүмкіндігі артса да, тыңдау мәдениеті әлсіреді. Музыкалық жанрлар көбейді, техника дамыды, өнім де, орындаушы да артты. Бірақ осы өзгерістердің арасында ұлттық бояу орнына, жасанды қазақы стильдер көбейіп бара жатыр. Бүгінде көптеген эстрадалық әндерде байырғы қазақы сарындар жоқтың қасы, қазақы музыкаға лайықты өзіндік музыкалық заңдылықтар естілмейді, кейде тіпті қазақы ырғақтың өзі мүлде сезілмейді.

Бұл жағдайға тек орындаушылар ғана емес, тыңдаушылар да жауапты. Себебі музыка әрқашан сұранысқа сай жасалатыны бәрімізге белгілі. Ал сол сұранысты қалыптастыратын мына сахнадағы эстрада, теледидар, YouTube, TikTok секілді платформалар. Олар не насихаттаса, тыңдаушы соны тұтынады.

Біз не істей аламыз?

Музыка бұл әр адамның жеке таңдауы екені даусыз. Алайда осы іріктеулер жиналып, тұтас музыкалық кеңістікті қалыптастырады. Қандай әуенге құлақ түреміз, кімді қолдаймыз соған қарап шығармашылық бағыт пен ұсыныс өзгереді. Тыңдаушының талғамы бұл тек жеке қызығушылық емес, музыкалық ортаға ықпал ететін қоғамдық фактор екенін айтып өту керек.

Қазақтың музыкалық дәстүрі тек өнер адамдарының емес, бүкіл қоғамның қолдауына мұқтаж. Бұл қолдау мәжбүрлеумен емес, балама ұсынумен жүзеге асады. Мысалға құр домбыраны тыңдай алмаса, домбырамен жазылған заманауи шығармалар, ұлттық нақыштағы жаңа форматтар, жастар тілінде сөйлейтін музыкалық жобалардың барлығы осының бәрі дәстүр мен заманды ұштастыра алады.

Мәселе стильде емес, мазмұн мен бағдарда. Қазақы үнді жаңғыртудың жолы оны өзгертпей ұстауда емес, оның мәнін жоймай жаңа жағдайға бейімдеуде деп білеміз. Музыка дамуы мүмкін, бірақ ұлттық ерекшелік сақталуы тиіс қой әрине.

Ойымызды қорытындыласақ, музыкалық талғам – әр адамның жеке құқығы. Біз ешкімге «мынау дұрыс, мынау қате» деп баға бере алмаймыз. Музыканы кім не үшін тыңдайды – бұл таңдау еркіндігі.

Алайда ұлттың музыканың тілі жай ғана талғам мәселесі емес екенін түсінуіміз керек. Бұл – ұлттың өзіндік дыбыстық болмысы, ойлау жүйесі мен мәдени тұрақтылығы. Керек десеңіз, бір ұлттық болашағы. Ол жоғалса, ұлттың өзіндік ерекшелігі де сақталмайды. 

Бүгін біз қандай музыка тыңдасақ, ертеңгі ұрпақ соны қалыпты қабылдайды. Сондықтан ұлттық музыканы сақтау мәжбүрлеу емес, сана деңгейінде қолдау екенін түсінуіміз керек. 

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялау кезінде авторын көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.