Бұл жайлы Шара Жиенқұлова кейін өзінің "Өмірім менің – өнерім" атты естелік кітабында тебірене баяндайды.
«Сәкеннің алдында құлап қалдық»: Күләш Байсейітова мен Шара Жиенқұлованың басынан өткен қызықты сәті
Коллаж автордан
7,692
оқылды

1936 жылы Мәскеуде Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігі өткен. Күмбірлеген күй, сырлы ән, мың бұралған би арқылы қазақ халқының бай мәдениеті Мәскеуге паш етілді. Өнерпаздар Кремльдің сахнасында өнер көрсетіп, мыңдаған көрерменнің қошеметіне бөленді. Онкүндіктің соңғы күні ерекше салтанатты кешпен аяқталды. И.Сталиннің атынан ұйымдастырылған қабылдауға Қазақстан делегациясы арнайы шақырылды. Бұл жиынға дайындықты  Шара Жиенқұлова кейін өзінің "Өмірім менің – өнерім" атты естелік кітабында тебірене баяндайды...

Кремльдегі кездесу кешкі сағат 8-де басталуы керек еді. Өнерпаздарға “қонақүй фойесінде сағат 7-де жиналып тұрыңыздар” деп айтқан. Т.Жүргенев алдын ала дайындап, ерлердің киімі қара костюм, ақ жейде, галстук болса,  Күләш Байсейітова мен Шара Жиенқұлова ұлттық киім кисін деген болатын.  Банкетте тәртіп сақтау қатаң ескертіліп, өзін мәдениетті ұстау талап етілді. Бірінші сөз сөйлейтін Күләш, екіншісін Мұхтар Әуезов болатыны алдын ала белгіленді. Оған дейін демалып, ақырындап жинала беріңдер деген екен.

Демалыс қайдан болсын. Күләш екеуміз бір-бірімізге:

Сен не киіп жатырсың?
 Сен не киіп жатырсың?  деумен өзімізге де тыным тапқызбай, көз шырымын алуға қисайған ана екеуіне де дамыл бермедік.
 Әй, екі жынды қыз, қойсандаршы, белгілі емес пе не киетіндерің?  деп әбден болмағансын ұйқысы мазасыздау Күләш екеумізді бөлмеден қуып шықты.

Дәлізде тұрып сық-сық күлеміз. Әй, жындымыз-ау! Біраз жиынға төрттегі бізден не көсемдік сұрарсың…

Кешкі сағат 6 шамасында Мәскеу қонақүйінің фойесінде мерекелік банкетке жиналғандар көріне бастады. Жарқыраған шамдар астында баспалдақпен сырғып түскен сәнді киімді қонақтарды көріп, бір сәтке бұл көрініс театр сахнасындағы көркем эпизодтай әсер қалдырса керек. Ер азаматтардың бәрі су жаңа қара костюм киіп, аппақ жағалы көйлек киген. 

Шара Жиенқұлова, Жамбыл Жабаев, Күляш Байсейітова. 1936 ж., Мәскеу.
instagram.com/womenofk парақшасынан алынды

Ал көзге бірден түскендердің қатарында Күләш пен Шара болды. Екеуі де ұлттық киімнің бар сән-салтанатын үстіне жапқандай. Көгілдір жібек көйлек, қынама бел камзол, қамар белбеу, үкілі кұңдыз, жеке  бұрымға тағылған шолпы… 

Сол сәтте бір жігіт таңданысын жасыра алмай, Күләш пен Шараның көркін аспандағы қос жұлдызға теңеп, олардың көркі сахналық па, әлде табиғи сұлулық па деп таңдай қағады. Алайда оның бұл сөзіне Темірбек Жүргенев пікір айтуға лайық жер емес екенін ескертіп, жігітті сабасына түсірсе керек. Шара апамыздың жазғанын әрі қарай оқиық.

Кремльдің Георгиев залы неткен ғажап! Ертегілерден оқитын алтын сарайлар осындай-ақ шығар! Еденінің өзі мұзайдынындай жалтырайды, небір алтындатқан әсем суреттер көздің жауын алады. Ақ сүттей жарық шашқан хрусталь шамдар­ды көрудiң өзі бір арман ба дерсіз.

Күләш екеуміз қол ұстасып алғанбыз, мәнерлі коньки теуіп жүргендей, мәрмәрлі көк еденде тайғанақ қағамыз. Төбемізден төніп тұрған сүт сәулелі шамдалдарға қараймыз деп тайып түстік бір кезде! Ұят-ай. Абырой болғанда, өзіміздің адамдардан басқа ешкім көре қоймапты. Тұра береміз деп тағы тайдық. Сол кезде әрбір әуелетті қол Күләш екеумізді қақ айырып, қос қолтықтан ұстай алды. Жалт қарасақ – Сәкең аға! Сасқаннан тағы құлай жаздадық. Сымбатына салтанаты сай бұл ардагер ағаның бетіне тіке қарап сөйлеуден де именетінбіз.

Екеуі де қаншалықты даңқы өнерпаз болғанымен, үкімет басында жүрген атақты Сәкен Сейфуллинді көрген кімнің болса да мысы басылады. Қорыққаннан емес, сыйлағаннан болу керек. Сондықтан Күләш пен Шараның осы кездегі сезімдерін жобалап сезінуге болады.  

Шараның естелігіне дәл осы кездесуде Сәкен Сейфуллин қос өнерпазға (Күләш пен Шараға) арзан әтірді байқап, оны сыпайы әзілмен ескерткені жазылады. Бұл сөзден кейін екеуі қатты ұялып қалған екен. Сол сәтте Сәкен қалтасынан әтір құтысын алып ұсыныпты.

– Мынау француз духиі, кәне үстеріңе шашып, әдеміленіп алыңдар. –  Шынашақтай құтыны алдық та, әуелі Күләш, одан мен басымыздан төмен құя салдық. Ішінде болар-болмас бірдеңесі қалған шишаны өзіне бере салдық, сөйттік те зыттық.

Артымызға бұрылып қарасақ, Сәкен ішек-сілесі қата кү­ліп, ақ жібек орамалмен көзін сүртіп тұр екен. Әй, жабайымыз-ау! Әтірдің шым-шымдан алқымға, құлақтың түбіне жұқалап қана жағатынын білмеппіз ғой. Неғұрлым бұрқыратып жағып,  иісін шығарып жүрсек, сол жақсы деп ойлаппыз.

Шара Жиенқұлова Сәкенмен кездескен сәтін осылайша еске алады.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялау кезінде авторын көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.