«Қазақстан тұрғындары 2024» атауымен тіркелген жаңа ауқымды дерекқор интернет кеңістігіне тарап кеткені белгілі. Осыған байланысты азаматтар ЖСН-дерін қайта жасатып, мәліметтерін жаңартуы қажет пе? Бұл сауалға Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков жауап берді.
ЖСН-ді қайта жасату керек емес
258
оқылды

– ЖСН-ді қайта жасатудың еш мәні жоқ. Өйт­кені бұл сәйкестендіру нөмірі. Кредит пен алаяқ­тарға келер болсақ, бұл бағытта әріптестерімізбен бірге жұмыс істедік. Egov-та «стоп-кредит» қызметі бар. Онда сіз өзіңізді аталған тізілімге тіркей аласыз және ешкім атыңыздан несие рәсімдей алмайды. Өзіңіз рұқсат бергенде ғана рәсімделеді. Сондықтан бәрі де қорғалған, – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Бекболат Молдабековтің айтуынша, алаяқтық тәуекелдерін төмендету үшін қауіпсіздіктің белгілі бір ережелерін сақтау аса маңызды.

– Ешкімге сенбеу, қосымша келетін смс-кодты ешкімге айтпау аса маңызды. Смс-кодты мемлекеттік қызметтер алған кезде ғана көрсете аласыз. Өзіңізді қорғау маңызды. 1414 нөмірінен келген смс-кодты ешкімге жібермеу керек. Ең дұрысы қорғану және «стоп-кредит» қызметін падалану, – деді вице-министр.

Бұған дейін 16 302 107 қазақстандықтың жеке деректерінің ашық интернет көзіне тарап кеткені жөнінде айтылған еді.

Баян МАХСЕТҚЫЗЫ, ЕҰУ студенті