Соңғы жылдары Сырдың спорт саласында серпін бар. Бұл тұрғыда алдымен аймақтың спорт саласын қолдау мақсатында жергілікті әкімдік пен тиісті басқарма тарапынан атқарылып жатқан қыруар шаруаларды жоққа шығаруға болмас. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында өңірдегі спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары көпшіліктің қолдауына ие.
«Жыл басынан бері облыс орталықтары мен аудандарда 10-ға жуық заманауи үлгідегі спорт кешені халық игілігіне табысталды. Сонымен қатар 2024 жылы заманауи үлгідегі Үстел теннисі орталығы салынып, спортсүйер қауымның игілігіне берілді. Жалпы, бүгінде облыста 17 мыңға жуық адам теннисті жанына серік етіп, тұрақты түрде айналысады. Осыған байланысты Қызылорда қаласының сол жағалауында Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды қолдау қорымен бірлескен түрде жаңа «Үстел теннисі» орталығы ашылды. Жаңа спорт нысанында 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер бар. Орталықта қазір 5 оқытушы-жаттықтырушы 250-ге жуық спортшыны кәсіби бағытта үйретуде», – дейді Қызылорда облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов.
Сыр спортын өркендетуде өңірдің спорттық инфрақұрылымын дамыту бағытындағы тағы бір байыпты бастама – Қызылорда қаласының сол жағалауынан 11 мың орындық жаңа стадионның құрылысы қарқын алды.
Стадион демекші, аталмыш нысанның құрылысы бірнеше жыл бойы жырға айналған болатын. Бірақ көптің сеніміне селкеу түсірген стадион құрылысына былтыр нүкте қойылды. Нақтысын айтқанда, былтыр облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен қүны 20,9 млрд теңгені құрайтын халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа стадионның іргесі қаланды. Осы орайда айта кеткен абзал, жаңа стадионда жасыл алаңнан бөлек, бірнеше спорт түріне арналған залдар қарастырылған. Соның ішінде бокс, күрес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика, таэквондо және фитнес залдары бар. Биыл ел игілігіне пайдалануға беру жоспарланып отырған стадион УЭФА классификациясы бойынша ІІІ санатты.
«Сол сияқты «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Қызылорда облысы әкімдігінің арасындағы екіжақты меморандумға сәйкес Қызылорда қаласының сол жағалауынан жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқын алды. Бұл ғимараттың ерекшелігі сол, мүгедектігі бар жандардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай туғызады деп күтілуде. Бұдан бөлек, облыс орталығында құны 21 млрд теңгені құрайтын Kyzylorda Arena кешенінің құрылысы жүргізілуде», – деп ойын жалғады басқарма басшысының орынбасары.
Жалпы басқарманың мәліметіне сәйкес, бүгінде Қызылорда облысында 1 490 спорт нысаны бар. Осының негізінде өңірдегі 1000 адамға шаққанда-ғы спорттық нысандарымен қамтылуы 46,2 пайызды құрайды екен. Мамандар салаға жасалған қолдаудың арқасында өңірде бұқаралық спортпен айналысушылар қатары артып келе жатқанын алға тартады. Нақты айтқанда, биылдың өзінде облыста 342 223 адам спортпен жүйелі түрде шұғылданып, сәйкесінше, бұл көрсеткіш аймақ халқының 40,4 пайызын қамтып отыр.
Қазір өңірдің 22 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі спорттың 46 түрі бойынша жұмыс істейді екен. Онда 670 жаттықтырушы-оқытушы 22 655 спортшыны тұрақты оқу-жаттығу процесімен қамтамасыз етуде. Соңғы уақытта Сыр спортын дамыту аясындағы нәтижелі жұмыстардың арқасында өңір спортшылары Әлем кубогынан 2 алтын, Азия чемпионатынан 1 күміс, медаль жеңіп алса, ҚР чемпионаттары мен кубоктарынан 67 алтын, 27 күміс, 34 қолаға қол жеткізген.
Қалай дегенде де, Сыр спортында жетістік көп. Әсіресе, болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшыларымыздың аяқ алысы қуантады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы