Елімізде соңғы жылдары құлақ ауруына шалдыққан науқастар саны артқан. Әсіресе туабітті кереңдік дертінің дендеп кетуі – алаңдатарлық мәселе. Дегенмен отандық медицина жаңа технологияның көмегімен есту қабілетін қалпына келтіре алады. Теңдессіз технология деп танылған жаңашылдық туралы және ел медицинасының бүгіні мен келешегі жайлы «Болашақ» түлегі, отоларинголог дәрігер Медет Маханбетпен әңгімелескен едік.
Ел медицинасына маркетинг керек
260
оқылды

– Медет мырза, медицинаны қалай таңдадыңыз? Дәрігер-хирург болу бала арманыңыз ба?

– Бала кезімізде анамыз кітап оқуға баулыды. Өзі де көп оқиды. Қазақтың көрнекі ақын жазушы­лары­ның шығармаларын қызыға оқыдық. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» алғаш 3-сыныпта оқы­дым. Мұқағали Мақатаевтың, Мұх­тар Шахановтың, Махамбет Өтемісұлының өлеңдерін сүйіп жаттайтынбыз. Әртүрлі көркем әдебиетті көп оқығаннан кейін сөз қорымыз байып, ойлау қа­біле­­тіміз ұшқыр болып қалыптасты деп ойлаймын. Зерек болдық. Асан қайғы бабамыздың «Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жата­ды» дегеніндей, «адамның кейбір сәттерінде» ойымыз өлеңмен өріліп жататын кездер болады.

Медицина саласын таңдауым­ның өзі қызық. Үйде екі бала бол­­ғандықтан өте ерке, еркін бол­ып өстік. Кішкентай кезімде ермексаздан, ағаштан өзіме керек ойыншықты жасап ала­тынмын. Әкемнің бәкісін (кез­дік) таласып жүріп аламын да, кез келген затты жонып, кертіп, кесіп, түрлі заттар жасайтынмын. Содан да болар анам, «осы сенің қолыңның ебі бар, хирург бол­шы» дейтін еді. 11 сыныпта ҰБТ тапсырарда төртін­ші пәнге био­логияны таңдадым, ұстаздарым «неге биологияны таң­дайсың, тілге жақынсың, халық­аралық қатынастарға бар, журналист бол, филологияны оқы» деді. Өзімді басқа қырымнан танығым келді. Сөйтіп, дәрігер болдым. 

– Алғаш операция жасаған кезіңіз есіңізде ме? Ал Қазақстанда алғаш рет ортаңғы құлаққа эндос­копиялық трансканалды операция жасаған дәрігер ретінде, классика­лық әдіс пен жаңа тәсілдің айыр­ма­шы­лығы қандай?

– 2012 жылдары алғашқы ота – мұрынға септопластика жа­са­дым. Алғаш жасағаннан кейін ол кезде ұзаққа созылған шығар, қазір мұндай операция 15 минут уақыт алады. Университет бітіріп, резидентураға түскен кезде скальпельді бір жылдан кейін ғана қол­ға береді. Бұл үлкен мек­теп, хи­рур­гияда мықты маман шығару қиын. Үнемі із­деніс, оқу, үйрену ұзақ жолды талап етеді. Өзім мем­лекеттік медицинада жүріп үлкен мек­тептен өттім, аға буынның озық тәжірибелерін үйрендім. «Бола­шақ» бағдарла­масымен оқу деген кезінде бәрі­мізге арман еді. Өзім жоғары оқу орнында оқып жүр­ген­де, «шет елге қызыл шақа балапан кезде барасың, ол жақта сені ешкім маман деп қабылда­май­ды, көзге ілмейді» деген ойда болдым. Сол себепті өз саламда біраз тәжірибе, білім жинақта­дым. Содан кейін ғана тағылым­дам­аға бардым. Ол жақтағы про­фессор қолыңнан бірдеңе келетін болса ғана өзіне ассистент қылып алады, отаны түсіндіреді, үйрет­еді. Сондықтан «Болашақпен» оқуға баратын жастар елде өз са­ла­сында біраз тәжірибе жинақ­тап алса, сол тиімдірек болар еді. 

Осындай ізденістің нәтиже­сінде медицинаға жаңа тәсіл әкел­дім. Қазақстанда тұңғыш рет ортаңғы құлаққа жасалған эндос­копиялық трансканалды опера­ция – дабыл жарғағында мүкістік болған кезде жасалатын ота. Бұл құлақтағы асқыну салдарынан тесіліп қалған есту жарғағын жа­мау үшін жасалады. Осы уақытқа дейін классикалық жолмен құ­лақ­тың артынан үлкен шандыр алып, кесіп, үлкен тілік жасап келді. Қазір   шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, құлақ дабыл жар­ғағындағы мүкістікті емдеу тә­сілін толыққанды жаңашала­дым. Яғни, шеміршектің үстіңгі тін­дер­ін қосып, үлкен тілік жасамай, құлақтың сыртқы тесігі арқылы ғана кіріп, кішкентай құралдар­мен науқасқа да, хирург­ке де ың­ғайлы, экономи­калық тұрғыда да тиімді тәсіл енгіздім. Бұл опера­ция­ға үлкен, қымбат микроскоп алудың қажеті жоқ. Бейнека­мераға ұқ­сай­тын эндос­коп арқы­лы жасауға болады. Жаңа әдіс әлемдік тәжірибенің өзінде он жылдан бері ғана бар. ТМД ел­дер­інде біз алғаш рет осы опера­цияны жасадық, кейін Ресей қосылды, Өзбекстанда енді қолға алынып жатыр.

– Елімізде есту қабілеті бұзыл­ған 30 мыңнан астам адам бар. Оның 6 мыңнан астамы бала. Дәрі­герлер соңғы жылдары инфек­ция­лық құлақ дерті мен туабітті керең­дік асқынып тұрғанын айтып, да­был қағуда. Сіздіңше дерттің дендеуіне не себеп?

– Елімізде нақты статистика жоқ. Кейбір адамдар естімеймін деп жүре береді. Кейбірі меди­цинаға, енді бірі халық еміне жү­гінеді. Жанына батпаса, құлақ күтіміне салғырт қарайтындар көп. Әлемдік статистика 2045 жылға қарай 2,5 миллиард адам керең болады деп болжап отыр. Дерттің дендеуіне шулы орта, эн­докринологиялық, кардиоло­гия­­лық аурулардың асқынуы себеп десек болады. Көбіне 50-60-тан асқан адамдарда құлақтың естуі әлсірей бастайды. Жас күнінде болмаса да, 40-тан ас­қан­нан кей­ін қалқанша бездері­нің гор­мон­дарына скрининг жасау керек.

Құлақ естімеуінің негізгі екі себебі: ішкі құлақ не есту нерві­сінің бұзылуы және ортаңғы құ­лақ қызметінің бұзылуы. Ішкі құ­лақтағы бұзылыстар есту сезім­­­талдығының төмендеуіне, ал ортаңғы құлақ проблемалары естудің жалпы күшінің төмен­деуі­не әкеледі. Қазір көбі құлақ­қап ки­еді әрі дауысын тым қатты тың­дайды. Ол біртіндеп есту қа­білетін төмендетеді, есту нерві­сін зақымдайды.

Кішкентай балаларда көбіне мұрынның бітелуімен байлан­ысты ауру асқынады. Яғни, тұ­мау­дың асқынуынан инфекция мұрыннан кеңсірік арқылы құ­лаққа өтетін түтікшені бітейді, сол жерде ірің жиналып, құлақ­тың дабыл жарғағын теседі. Содан есту қабілеті төмендейді. Егер науқастың халі отаға жара­са, мұны емдеуге болады. 

– Операцияны қай жаста жа­са­ған тиімді әрі қаншалықты нә­тижелі болады? Отадан кейін нау­қас толық ести ала ма?

– Хирургияда әрқашан қауіп бар. Отадан бұрын барлық нау­қасқа талдама тағайындаймыз. Сондай-ақ операцияға дейін еш­бір көрініс бермеген, ота кезінде асқынатын қосымша жағ­дайлар туындауы мүмкін. Бұдан өзге, ота­дан кейін науқас ұзақ мерзімде қалай күтінетініне де көп нәрсе байланысты. 

Жалпы алғанда, еліміздің медицинасы жоғары деңгейде. Әсіресе, орталық қалаларда өте жақсы дамып келеді. Алматы, Астананың дәрігерлері көбіне өз қара­жатына шетелдерде білімін толықтыруға, оқуға тырысады. Көбі ағылшын тілін біледі. Елі­міздің кез келген ауруханасында ең сезімтал миллиметрлік жасу­ша­ларды тексере алатын заман­ауи жабдықтар бар. Онымен жұ­мыс істейтін сауатты мамандар да бар. Ал халық сабылып ем алуға Өзбекстанға барады, бірақ біздегідей аппаратура онда жоқ. Елімізде медициналық маркет­инг ақсап тұр, пиар жоқ. 

– Елімізде МӘМС аясында көрсетілетін қызметтерді шетелдік тәжірибемен салыстыруға келе ме? Бұл тұрғыда дәрігердің жауап­кершілігі қандай деп ойлайсыз?

– МӘМС деген негізінен халыққа салынған салықтың бір түрі, оны дәрігерлер де төлейді. Мемлекет пен сақтандыру ком­пани­ясы арасындағы  келісім­шарт болғандықтан, науқастарға МӘМС аясында қызмет көрсету ауруханаларға экономикалық тұрғыдан салмақ десек те болады. Бағдарлама шеңберінде қаншама науқас тегін ем алады, бірақ еш­қашан риза болмайды. Адам ден­­саулығы – әуел баста тегін беріл­ген дүние. Жұрт оны ақша­мен құр­тады. Мысалы, хирургия­ға көп жағдайда адам денсаулық­ты құртып болған соң келеді. Дұ­рыс ұйықтамайды, дұрыс та­мақ­тан­байды, ішімдік ішеді, ден­саулық­қа немқұрайды қарай­ды. 

– Медицина саласындағы бі­лікті мамандар неліктен шетел­дерге кетіп жатыр? Салада кадр тапшылығы бар ма?

– Білікті мамандардың шет­ел­ге кету себебі – айлық аз. Со­сын дәрігердің еңбегі бағалан­байды. Мемлекеттік ауру­ха­на­лар­да істейтін дәрігерлердің, әсіресе емханаларда жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің жұмысы ауыр, жүктеме көп. Жастар ауыл­ды жерге барғысы келмейді. Бар­ғанымен, мемлекет тарапы­нан уәде етілген көмектер уақыт­ында толық берілмейді. Осындай се­беп­терге байланысты кадр тап­шы­лығы бар. Ауыл медицина­сы­ның бүгінгі халі алаңдатып тұрғаны шындық.

Ал ауыл адамдарына берілетін квота әлі шешімін толық таба қоймаған мәселелердің қатар­ында. Бүкіл республика бойын­ша квота алуда басқасын айтпа­ғанда, лордың өзінде  проблема­лар бар. Жыл сайын елде құ­лақ-мұрын аурулары бойынша 18 мыңнан аса хирургиялық опера­ция жа­сал­ады. Науқастар саны­ның көп­­ті­гіне байланысты 1-1,5 жыл уа­қыт кезекте тұрады. Оның үстіне, бұл салада маман қат. Қа­зақстанда 1 400-дей лор дәрі­гер бар. Астана­ның өзінде екі орта­лықтың ғана операция жасауға әлеуеті жетеді. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Тілекгүл Есдәулет